Теңгерімді сыртқы саясат – тәуелсіздік кепілі
Теңгерімді сыртқы саясат – тәуелсіздік кепілі
455
оқылды

Сыртқы саясат – мемлекеттің ішкі саясатының туындысы. Алайда ішкіге қарағанда, сыртқы саясаттағы мәселенің құны әлдеқайда жоғары. Өйткені мемлекет басшылары қол қоятын құжаттағы әр қате қымбат­қа түспек. Ел ішінде кез келген бағдарламаны жаңар­туға немесе жоя салуға болады. Ал халықа­ралық құжатты қайта жазу не күшін жою мемлекеттер арасында қайшылық тудырады. Бұл байламды сайлаудағы жеңісінен кейін отандық және шетелдік БАҚ өкілдері үшін өткізген тұңғыш баспасөз конференция­сында Президент Қ.Тоқаев айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы ре­тінде баса мән беретін басым бағыттардың бірі ретінде сыртқы саясатты атады.

– Қазақстан әлемде үлкен беделге ие болды, өзін бейбіт­сүйгіш, ашық ел, халықаралық істерде сенімді және жауапты серіктес ретінде таныта білді. Біз сындарлы, теңгерімді, көпба­ғыт­ты сыртқы саяси бағдарымызды жалғастырамыз. Ұлттық мүдде­лерімізді халықаралық аренада табанды қорғап, қуатты ілгері­лететін боламыз. Сыртқы саяси қызмет елімізге, отандық биз­неске, әрбір қазақстандыққа нақты пайда әкелетін болады, – деді ел Президенті.

«Тоқаев тұсындағы Қазақ­стан­ның сыртқы саясаты қандай болады?» деген сауалды журна­листер де, халықаралық сарап­шылар да, шетелдік саясаткерлер де қоюда. Осы сұрақтың жауабы ретінде Сыртқы істер министрлігі «Қазақстан сыртқы саясатының жаңа тұжырымдамасын» әзірлеп шықты. Еліміздің өзгелермен қарым-қатынасының енді қан­дай болатыны да сонда кө­рініс тапқан.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василен­коның түсіндіруінше, ең басты­сы, Қазақ елі алдағы уақытта да әлемнің барлық мемлекеттерімен тең әріптестік қарым-қатынас­тарды дамытуға бағытталған сыртқы саясатты жүзеге асырады.

– Бұл тезис Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміндегі сөзінде айтқан ұста­нымымен толық үйлеседі. Оған сәйкес, Қазақстан Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев іргесін қалаған конструктивті, теңдестірілген, көп­векторлы сыртқы саяси ба­ғытты жалғастырады, – деді СІМ басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, жаңа тұжы­рымдама жобасына дипломатия саласындағы жаңашылдықтар мен инновациялар да еніп отыр.

– Тұжырымдаманың мазмұ­ны Елбасы мен Мемлекет бас­шы­сының сыртқы саясаттың экономикалық бағытын күшейту жөніндегі тапсырмаларына сай өзектілендірілді. Онда цифрлы трансформация, «жасыл техно­логияларды» дамыту, «жұмсақ күшті» кеңінен қолдану сияқты жаһандық үрдістер көрініс тапты. Құжатқа халықаралық қызметтің жаңа нысандары енгізілген, олардың қатарында бітімгер­шілік, медиаторлық бар, – дейді Роман Василенко.

Айта кету керек, бұл тұжы­рым­дама бекітілгеннен кейін ел Үкіметі 3 ай мерзімде оны іске асыру жөніндегі «Іс-шаралар жоспарын» әзірлеп, бекітеді деп күтілуде. Оны орындауға өзге де орталық меморгандар жұмылып, аталған жоспарды іске асыру бойынша іс-шаралар қабылдауға міндеттелмек.

«Қазақстан Сыртқы саяса­тының тұжырымдамасы туралы» Президент Жарлығының жоба­сына түсіндірме жазбада айтыл­ғандай, оны іске асыру Қазақ­станның тәуелсіздігінің сыртқы саяси ұстындарын және оның халықаралық беделін бекемдеуге; ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, еліміз үшін қолайлы халықаралық орта қалыптастыруға, әлемнің барлық мемлекеттерімен достық, тең құ­қы­лы және өзара тиімді қа­тынас­тарды күшейтуге мүмкіндік береді.

Құжатта алдағы уақыттағы Қазақстан жүргізетін сыртқы саясатының мақсаттары мен қағидаттары нақты айқындалған. Тарата айта кетсек, мемлеке­ті­міздің сыртқы саяси күш-жігер­лері мынадай негізгі мақсаттарға қол жеткізуге шоғырланды­ры­лады: біріншіден, елдің тәуел­сіздігін, қорғанысқа қабілет­тілігін жан-жақты нығайту, ұлт­тық қауіпсіздігін және ау­мақтық тұтастығын қамтамасыз ету. Екін­шіден, өңірлік және жаһан­дық қауіпсіздікті нығайту. Үшін­шіден, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жоғары технологиялар негізінде индус­триялануына, «жасыл» даму жо­лына көшуіне және дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруіне қолайлы сыртқы жағдай жасау.

Төртіншіден, халқымыздың жоғары тұрмыс деңгейіне қол жеткізу, көпэтносты қоғамның, құқықтық мемлекеттің және демократиялық институттардың бірлігін нығайту, адамның құқықтары мен бостандықтарын іске асыру. Бесіншіден, Қазақ­станның халықаралық ұста­нымдарын нығайту және әлемдік қоғамдастықта еліміздің жа­ғымды бейнесін қалыптастыру, ақпараттық тәуелсіздікті қамта­масыз ету, қазақстандық БАҚ кеңістігінің бәсекеге қабілет­тілігін арттыруға жәрдемдесу. Алтыншыдан, өңірлік және жаһандық сауда-экономикалық қатынастар жүйесіне одан ары интеграциялану.

Жетіншіден, барлық әріп­тес­тердің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салалардағы үйлестірілген іс-әрекеттерінің негізінде БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу; сегізіншіден, ұлттық-мәдени өзіндік ерекшелікті сақтау және мемлекет пен азаматтық қоғамды одан ары дамытудың өзіндік бірегей жолымен жүру; тоғызын­шыдан, Қазақстанның «жұмсақ күшін» және ұлттық мәдениетін халықаралық қауымдастыққа тарату; оныншыдан, шет елдерде ҚР азаматтары мен заңды тұл­ғаларының құқықтарын, олар­дың жеке, отбасылық және іскер­лік мүдделерін қорғау.

Осы орайда «шет елдердегі қазақ диаспорасына және қазақ тіліне қолдау көрсетуге» де жеке мән берілгелі отыр.  

Бұған қоса, Қазақстан аймақ көшбасшысы ретінде бүкіл Ор­талық Азияның саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуына күш салуды өз саясатының бір тұғыры ретінде бекітпек.  

– Қазақстан өңірдегі өзінің рөлі мен жауапкершілігін сезіне отырып, бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық пен дамудың өңірлік үлгісін қалыптастыру үшін жан-жақты күш салатын болады. Қазақстан Орталық Азия­дағы кооперацияны дамы­туға, халықаралық қатынастар жүйесіндегі өңірдің геосаяси және геоэкономикалық субъек­тілігін нығайтуға ұмтылады, – делінген құжатта.

Өткен ғасырдың басында Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов және басқа да арыстарымыз бар­ша Орталық Азия халықта­рын біріктіретін «Түркістан мем­ле­кетін» құруға ұмтылды. Қазір жаңа ғасыр, заман өзге. Деген­мен Қазақ елі осы аймақ ха­лықта­рының бірауыздылығына, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруына қол жеткізбек ниетте: «Келешектегі мақсат – Орталық Азия өңірін халықаралық саясат пен экономиканың біртұтас интеграцияланған субъектісіне трансформациялау» делінген тұжырымдама жобасында.

Онда «Еуразиялық экономи­калық одақтың тиімділігін арт­тыруға» назар аудартылады. Қа­зақстан енді біздің тәуелсіздігіміз бен ұлттық мүдделерімізді сақта­са ғана бұл одаққа – жақ:

– Бұл ретте Қазақстан саяси егемендіктің мызғымастығы, мүд­делердің тең түрде есепке алынуы, Қазақстан өкілдерінің ЕАЭО-ның барлық органында әділетті ұсынылуы және шешім­дерді қабылдаудағы консенсус­тық тәсіл секілді негізгі қағидат­тар сақталған жағдайда интегра­циялық процестерді ұстанатын болады, – делінген құжатта. Әзір­ше, ұлтүстілік басқарушы құ­рылымдары Мәскеуде орна­лас­қан Еуразиялық одақ орган­дарында саны сирек қазақстан­дық­тарды қоспағанда, негізінен ресейлік мамандар жұмыс жасай­тыны жасырын емес. Жаңа сырт­қы саясат мұны өзгертуге құмбыл.

Сыртқы саяси қызметте ДСҰ-мен байланыстарға, инвес­тиция тартуға, озық техноло­гия­ларды әкелуге, отандық өнімдер үшін жаңа нарықтар табуға басымдық берілмек. Экономи­калық және сауда дипломатиясы өркен жаяды деп көзделуде. Яғни, дипломатиялық құралдар арқылы жаңа және дәстүрлі әлем­дік нарықтарда қазақстан­дық бизнес пен экспорттық өнімдердің ойып өз орнын алуына қолайлы жағдайлар жасалады.

Қазақстан үшін жаңа кезеңде «Каспий маңы мемлекеттерімен өзара іс-қимылды дамыту» ма­ңызды болмақ. Бұдан бөлек, әрине, АҚШ, Қытай, Еуропа, түркітілдес елдермен, ислам мем­лекеттерімен және өзге құрлық­тардағы жұрттармен ынтымақ­тас­тыққа зор көңіл бөлінбек.

«Қазақстан ядролық қару­сыз әлемге 2045 жылы, БҰҰ-ның 100 жылдығына қарай қол жет­кізуге күш салады» делінген құжатта.

Қазіргі заман – қазақ дипло­матиясы үшін «алтын ғасыр» саналады. Себебі, бұған дейінгі дәуірлердің барлығында қазақ­тың хандарына, билеріне, батыр­лары мен елшілеріне жан-жақтан анталаған жаулармен жағаласа, соғыса, қан кеше жүріп, келіссөз жүргізуге тура келді. Дұшпанның қолында қалған қазақ жерлерін қайтару, тұтқындар алмасу, тіпті Қытай не Ресейдің бодандығын қабылдау мәселелерін шешу – сол заманның зауалы болды. Енді міне, Елбасының сарабдал сая­саты арқасында орнаған тұрақ­тылық пен бейбіт тірлік дипло­маттарымызға өз күштерін тіпті экономикалық мәселелерге шо­ғырландыруға мүмкіндік беруде.


Елдос СЕНБАЙ