Тариф төңірегіндегі түсінбестік

Тариф төңірегіндегі түсінбестік

Алматы облысының кәсіпкерлер палатасында Талдықорған қаласы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселеге қатысты жиын өтті. Нәпақасын қаладан шығатын қатты тұр­мыстық қалдықтарды шығару арқылы тауып жүрген жергілікті кәсіпкерлер об­лыс орталығынан тасымалданатын қалдықтарды орналастыру полигонын се­нім­ді басқаруға алған ADAL DAMU Capital ЖШС-ның қалдықтарды қабылдау қызметіне тарифті ешкіммен келіспестен өз бетімен белгілейтіндігіне орай шағымданды.

Біз бұл туралы бұған дейін де бір­неше мәрте мәселе көтердік. БАҚ өкілдерін де қостық. Алайда мәселенің шешім табатын түрі жоқ. Қалдықтарды шығару мен жою­ға бірыңғай тариф керек. Сон­да ғана барлығымыз бірдей әрі тең жағдайда жұмыс істей ала­мыз. Сондықтан кәсіпкерлер па­латасына жүгіндік», – дейді та­сымалдаушы компаниялардың өкілдері.

Өңірлік кәсіпкерлер палата­сын­дағы кәсіпкерлердің құқығын қор­ғау және әкімшілік кедер­гілер­ді азайту жөніндегі бөлімнің бас­шысы Әділет Сұлтанбектің ай­туын­ша, Экологиялық кодекс­ке сәй­кес, жергілікті өкілетті ор­ган ком­муналдық қалдықтарды жинау, шы­ғару, көму мен жою жө­ніндегі тарифтерді бекітуге тиіс­ті. Тал­дықорған полиго­нын­дағы тариф құны бойынша қа­ла­лық әкімдік тарифтік жоба ұсын­ған соң, мәс­лихат оны мақұлдауы керек.

Ал ADAL DAMU Capital ЖШС ди­ректоры Ерлан Дүйсебаевтың пікірінше, әкімдік 2017 жылдан бері қалдықтарды қабылдау қыз­метіне тарифтерді бекітуді сөз­бұй­даға салып, уақытын жөнсіз со­зып келеді. Компания қоқысты қа­былдап, орналастырып қана қой­май, сонымен бірге қалдық­тары өңдейтін зауыт ретінде жұ­мыс істейтіндіктен, осы жылдың сәуір айында аталмыш мәселені бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріпті. Одан бері де бірнеше ай өтті. Бекітілмеген тарифтің сал­дарынан зауыт шығындар көлемін есеп­ке ала отырып, тарифті өз бетін­ше енгізуге мәжбүр. Өйткені кә­сіпорын бүгінге дейін жос­пар­ланған өндірістік қуаттылығына шы­ға алмаған. Қазіргі таңда ADAL DAMU Capital ЖШС тасы­малдаушылардың ұсыныстарын ескеріп, екі жаққа да тиімді әріп­тестік үшін қажетті жағдайлар жа­сауға дайын көрінеді.

Талдықорған қаласының тұр­ғын үй коммуналдық шаруа­шы­лығы бөлімінің өкілі Мейір Нұр­ғалиев тарифтік жоба әзірленіп, тіркеу үшін әділет басқармасына жіберілгенін, әкімдіктің жос­парын­­ша, жаңа тариф шілде айы­ның басында енгізілетінін жет­кізді.

Бірақ бұған дейінгі құрғақ уә­де­ден әбден жалыққан кәсіп­кер­лер шенділердің сөздеріне сену­ден қалған. Себебі, сәуір айының басында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас ма­маны Мадияр Нұрахметов «Хабар 24» телеарнасының берген сұх­ба­тында тарифтің 2019 жылдың ма­мыр айында бекітілетінін ха­бар­лаған болатын. Қазір мамырды айтпағанда, маусым айы аяқталуға жақын.

Кәсіпкерлер мен әкімдік өкіл­дерінің қатысуымен болған жиын­ның қорытындысы бойын­ша кәсіпкерлер палатасы қалалық мәслихатқа тарифті бекіту мәсе­ле­сін тездетуді тапсырды. Соны­мен бірге, кәсіпкерлер шағымы тиіс­ті шараларды қолдану үшін қа­лалық прокуратураға жіберілді.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы