Нұр-Сұлтанда Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының ұйымдастыруымен донор күніне арналған акция өтті. Дүниежүзілік қан доноры күніне ұйымдастырылған шараны Транзфузиология ғылыми-өндірістік орталығының директоры Сания Абдрахманова ашып, шақырылған құрметті донорлар мен қонақтарды құттықтады.
Сондай-ақ шараға қатысқан Қазақстандағы ДДСҰ-ның өкілі Олег Честнов, Астана медицина университінің деканы Алтынбек Нұрболханов, Nur Otan партиясы «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Чингисхан Қожахметов сөз алып, азаматтарымыздың өмірін сақтап, денсаулық сақтау саласына үлкен үлес қосып жүрген донорларға ризашылығын білдірді. Ал донор Пармбек Сарыбасов болса, барша қауымды саламатты өмір салтын ұстауға шақырып, қан тапсырудың үлкен ерлік екенін айтты. Қиын сәтте осылай қол ұшын созуға шақырды. Жанға жылу, көңілге үміт сыйлайтын маңызды шараның жалғасын табуына тілек білдірді.
Аталған орталыққа тіркелген құрметті донорларға Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының атынан салтанаттты түрде алғысхат пен сыйлық тапсырылды.
Ерікті донорлықтың дамуына үлкен үлес қосып жүрген Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік ұйымдары, ұлттық компаниялары мен кәсіпорындардың қызметкерлері жыл сайын осы шараға белсене қатысады. Акция қызықты және мазмұнды бағдарламамен жалғасып, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері мен «Нұрсәулем-ай» би ансамблі өнер көрсетті.