VPN деген немене, оған халық сене ме?

VPN деген немене, оған халық сене ме?

«Германиядан сәлем», «Польшадан байланысқа шығып тұрмыз», «Франция­­лық ағайын бар ма екен?», «Голландия­лықтар, қайда­сыңдар?». Өткенде желіде осындай жазбалар қаптап кетті. Сөйтсек, біздің жұрт VPN деген қосымшаны қолдану арқылы өзге елдерден желіге жалғанып жатыр екен.

Адамнан айла артылған ба? Бірер күн интернет бұғатталып, Instagram, WhatsApp, Facebook секілді ел жиі қолданатын желі атаулы жабылып қалып еді, қолданушылар оның да жолын таба қойды. Қалай дейсіз ғой, App Store, Play Market сервистері ар­қылы VPN қосымшаларын, ұялы телефондарына жүктеп, соның көмегімен әлеуметтік желіден қол үзген жоқ.

Сонымен, VPN деген не? Бұл сұраққа ІТ маманы Тимур Бектұр жауап беріп көрді: «Virtual Private Network, яғни сөзбе-сөз аудар­ғанда «Құпия виртуал желі» де­генді білдіреді. Қолыңыздағы құрылғы сізге қажет интернет ре­сурс арасында қауіпсіз байла­ныс орнатуға септігін тигізеді. Жалпақ тілмен айтсақ, VPN қыз­метін қолдану арқылы интернетке қосылатын болсаңыз, онда сырт­қы көзден таса, бүркенген кейіпте жүргендей боласыз. Өйт­кені VPN пайдаланған кезде сіз­дің құ­рыл­ғыңыз бен интернеттегі әрекет­теріңіз құдды бір құбырдың ішімен яғни жерасты жолымен жүргенге тең. Оның қызметінің ерекшелігі де сол, қолданушы­лардың құпиялығын сақтау, қолданушылардың нақты IP адресін өзгерту және шынайы географиялық мекенін ауыстыру арқылы кейбір шектеулерді айналып өту және қолданушы ақпаратын тасада ұстау».

VPN-ге қосылу арқылы ақ­парат қауіпсіздігіне қол жет­кі­зесіз. Бұл не деген сөз? Интернет әлемінде ақпараттарыңыз адам көп жүретін ашық дәлізде жат­қан­мен бірдей болады. Жеке ке­ңістігіңіздегі ақпараттар бәріне оңай көрінетін жерге орналасады. Ал VPN-ге қосылу арқылы ақпа­ратыңызды жеке бөлмеде, сіздің рұқсатыңызсыз ешкім кіре ал­май­тын жерде сақтайсыз. Сіздің ақ­паратыңызды ешкім ұрла­май­ды, бұзбайды. Яғни, бөлменің кіл­ті сервис иесі мен сізде ғана болады.

VPN-ді қандай елдерде қол­данады? Әр елде әртүрлі мақсатта, әртүрлі сипатта, әртүрлі себеппен интернет сайттар бұғатталып жатады. Айталық, көптеген ел­дерде есірткі сататын сайттар, анайы сайттар, жасөспірімдер мен жалпы халықтың психика­сына нұқсан келтіретін сайттар, кейбір сектаның сайттары, тағы сол сияқты неше түрлі интернет ресурстар бұғатталуы мүмкін. Сондай-ақ әр елдің цензура дең­гейіне қарай да неше түрлі қыз­мет­тер бұғаттаулы болады. Мәсе­лен, Қытайда Facebook, WhatsApp қызметтері бұғаттаулы болса, Netflix сайтында АҚШ тұрғын­да­рына арналған видеолар өзге мем­лекеттер үшін жабық. Ал Tidal му­зыкалық қызметі Ресей тұрғын­дары үшін қолжетімді емес. Сон­дық­тан Ресей жеріндегі осы же­лінің тыңдарманы VPN-ге қосылу арқылы, аталған пор­талдан бір-ақ шығады. Құлып­таулы сайтты ашқан адам, сіздің жеке құжат­тарыңызды, қаржы­ңызды қолды қылуы әбден мүм­кін. Журналист Алмат Әбді­раман Facebook па­рақша­сында «VPN қосқан ағайын! Хакерлерге жем болмас үшін net banking-ке кірмеген жөн» деген жазбасы да ой салады екен.

Тимур Бектұрдың айтуынша, VPN-ге қосылу арқылы ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады екенбіз: «Қазіргі таңда, жалпы, өзін интернетте толық­қанды құпия ұстағысы келген адам VPN қызметін және TOR деп аталатын браузер екеуін қо­сып пайдаланады. Бұл енді жұрт­тың барлығы үшін қажет және үнемі қолдануға ұсынылатын нұсқа емес. Өйткені көпшілік адамдар бүкіл әлемнің хакерлері немесе қауіпсіздік қызметтері күні-түні сарылып іздеп жүрген маңызды адамдардың қатарына жатпайды. Мемлекеттік өте ма­ңызды құжаттар айналымымен айналыспайды. Біреулер жай ғана кино қарайды, біреулер жай ғана күнделікті хат-хабар алма­сып, электронды поштамен байланысады. Енді біреулер қарапайым жаңалықтар сайтын оқиды дегендей. Осындай күн­делікті базалық функциялар үшін интернетке VPN арқылы қосылу соншалықты қажет бола бер­мейді. Алайда өзінің интернеттегі қалған ізін құпия ұстағысы ке­летін, көпшілік орындарда, сауда орталықтарында, парктерде, әуежайларда ашық Wi-Fi қолда­натын адамдар да VPN қолданса, абзалырақ болады. Сол кезде оның интернет банкинг транзак­циялары, алмасқан хаттары, мес­сенджердегі сөздері құпияда қалады. Дегенмен VPN-нің де VPN-і, оның да сапалысы, сіздің ақпаратыңызды ешкімге бермей­тін, үнемі сіздің ізіңізді (лог файл) өшіріп отыратын түрлері бар».

Көп жағдайда VPN-ді арнайы сайттарда орнатылған құлыптар­ды ашу үшін қолданады. Мысалы, «VPN арқылы интернетке кір­генде ақша аударатын қосымша­ларды өшіріп тастау керек» деген жазбалар да желдей тарап кетті. Шынында солай ма? Ербол Азанбектің пікірінше, пышақтың екі қыры болатыны секілді, VPN-нің де зиянды жағы бар: «Көп­шілік VPN-нің қауіпті еке­нін біле бермейді. Тегін VPN-дер жеке де­рек­терді жинайды. Мы­салы: Opera браузеріндегі VPN-ді ұсын­ған компания деректерді жи­най­тынын ашық айтады. Тек ақша аударатын қосымшалар ғана емес, электронды пошта, әлеу­меттік желідегі парақша, басқа қосымшалардың логин, құпия сөз сияқты деректерін жинап алуы мүмкін. Сондықтан ақылы, сенімді, тексерілген VPN қолдану керек. Қазақстанда VPN пайда­лану кезінде жеке дерек­те­рін ұрлатып, қаражатынан айы­рылып қалу оқиғалары кездескен жоқ. Бірақ тегін VPN-нен келер қауіп барын білген дұрыс. Егер оны амалсыз пайдаланып отыр­саңыз, тек төлем қызметін ғана емес, басқа да жеке мәліметтеріңіз бар қосымшаларды өшіріп тастаған дұрыс. Жеке бас дерек­теріңізге қауіпті нәрсенің бірі – қоғамдық орындардағы тегін Wi-Fi. Жеке деректеріңізге еркін қол жеткізіп қаражатыңызды, жеке мәлімет­теріңізді ұрлауы әбден мүмкін».

Facebook, Instagram секілді әлеуметтік желілер мен Youtube видеохостингін, сондай-ақ WhatsApp мессенджері ашылмай қалған уақытта халық VPN қызметіне жүгінуге мәжбүр бол­ды. Сол арқылы интернет қол­данушы мен осы әлеуметтік желілердің арасындағы байланыс VPN туннелі арқылы өткендіктен, ол желілерді ашып қарауға мүм­кіндік туады. Себебі, VPN қыз­меті қолданушыға өзінің VPN сервері орнатылған елдің ІР адресі арқылы қосады да «Қазақ­стандық қолданушыны Facebook әлеуметтік желісіне кіргізбеу» деген геобұғаттауды айналып өтеді. Нәтижесінде, сіз физика­лық түрде Қазақстанда отырсаңыз да виртуал түрде басқа елден кіріп отырғандай жағдайда боласыз. Бүркеме, түнел деген осы.

Көп жағдайда, біздің елдің халқы VPN-нің тегін түрін қол­данады. Ал ол тегін қызмет көр­сет­кені үшін сізден не талап етеді? Уақыт бойынша шектеулі қызмет көрсетіп, үнемі жарнама беру арқылы өзінің ақылы клиен­тіне айналдыруға күш салады. Кейбір жағдайда сіздің барлық интернеттегі іс-қимылыңызды өзіне жазып алуы, оны үшінші бір тарапқа сатуы немесе VPN қыз­метінің ішіне malware секілді вирус қосуы да әбден мүмкін.

Біз көбіне қажет қылған қо­сымшаны еш бас ауыртпай интер­неттен тегін жүктеп алуға дәнігіп алғанбыз. Сондықтан VPN қызметін тегін жүктеген кезде сақ болған артық етпейді. Судың да сұрауы бар.

 

Көктем ҚАРҚЫН