Өңдеу өнеркәсібінің өркені кең
Өңдеу өнеркәсібінің өркені кең
367
оқылды

«Нұрлы жол» бағдарламасы отандық экспортты жарты триллион теңгеге арттырды. Бұл жайында Nur Otan фракциясы жанындағы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың және бюджет қаражатының нысаналы және тиімді жұмсалуын бақылау жөніндегі «Индустриалды, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті, іскерлік белсенділікті қолдау» бағыты бойынша комиссияның отырысында айтылды.

Фракция жетекшісінің орын­ба­сары, комиссия жетекшісі Нұртай Сабильяновтың төра­ға­лығымен өткен отырыста «Нұр­лы жол» бағдарламасы бо­йынша бюд­жеттен және Ұлттық қордан қар­жыландырылатын кәсіп­кер­лікті қолдау жоба­ла­рының және ин­дустриалды жобалардың жү­зе­ге асырылу барысы қаралды.

«Бәйтерек» холдингінің бас­қар­ма төрағасының орынбасары Рус­там Қарағойшин осы холдинг «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру аясында кәсіпкерлік ны­сандарына қолдау көрсету, ма­ши­на жасау саласын дамыту, сон­дай-ақ экспортқа дейінгі және экс­порт­тық қаржылан­ды­руды ын­та­ландыру сияқты ба­ғыт­тарды қар­жыландыруды жал­ғастырып жат­қанын мәлім етті.

– Атап айтқанда, Қазақстан­ның даму банкі (ҚМД) арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі ірі бизнес нысандарына, отандық автоөн­діру­шілерге және экспорттау­шы­ларға қолдау көрсетіліп жатыр. 2014-2015 жылдары ірі кәсіп­кер­лерді қолдауы үшін ҚМД жалпы со­масы 100 мил­лиард теңге қарыз қа­ражатын 10 банкке орналас­тыр­ды. Қара­жатты бастапқы игеру 2016 жыл­дың қыркүйегінде толы­ғымен аяқталды. Қайта орналас­тыру­ды есепке алғанда, 2019 жыл­дың 1 мамырына дейін өңдеу өнер­­кә­сібінде 132 миллиард теңге тұ­ра­тын 90 жоба қаржыланды­рыл­­ды. Оның ішінде 81,4 мил­лиард теңгенің 48 жобасы экс­порт­қа бағытталған, – деді Р.Қара­­ғой­шин.

Бұл ретте түпкілікті қарыз алу­шыны қаржыландыру шарт­тары келесідей болған: жобаның өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болуы талап етілген, оған несие 10 жыл­ға дейінгі мерзімге, жылдық
6 пайыздық мөлшерлемемен ­бе­ріл­ген. Қарыздың ең көп со­масы – 5 миллиард теңге.

Бұл арзан қарыздардың 68 пайызы – инвестициялық мақ­сат­тарға, яғни жаңа зауыт-кә­сіпорын салуға, жаңғыртуға, жаб­дықтар сатып алуға, 19 па­йызы – бұрын алынған кредит­тер­ді қайта қаржыландыруға, та­ғы 13 пайызы – кәсіпорын­дар­дың айналымдық қаражатын то­лықтыруға жұмсалыпты.

Салалар бойынша осы кре­дит­тік ресурстардың ең көп бөлі­гі – шамамен 52,9 миллиард тең­гесі немесе игерілген жалпы қар­жы­ның 40 пайызы тамақ өнер­­кәсібіне арна тартқан. Одан ке­йінгі орын­да 25,7 миллиард тең­ге қа­рызды алған құрылыс ма­териал­дарының өндірісі сек­торы тұр.

Өңірлер арасында Түркістан облысы және Шымкент қаласы бағдарлама көшбасшылары атан­ды. Олар 33 миллиард тең­гені немесе жалпы көлемнің 25 пайы­зын еншіледі. «Үштікке» Алматы қаласы кірді: көрсеткі­-ші – 21,3 миллиард теңге немесе 16 пайыз.

Статистикалық комитеттің мәліметінше, 2018 жылдың қо­рытындысында отандық өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары 10,4 триллион теңгенің өнімін шы­­ғарған. Бұл алдыңғы 2017 жыл­ғыдан 11 пайызға көп.

Рустам Қарағойшиннің мә­ліметінше, бағдарламаны іске асыру басталғаннан биылғы жыл­ғы 1 сәуірге дейінгі аралықта мем­лекеттен қолдау көрген ком­паниялар 1 969 жаңа жұмыс ор­нын ашқан. 4,5 трил­лион теңгенің өнімін сатқан. Бюджетке 426 мил­лиард теңге салық тө­ле­ген.

Бағдарламаның «экспорттау ал­дындағы және экспорттық қар­жыландыруды ынталандыру» бағытын іске асыру шетелдік на­рықтарға өткізілген отандық өнім көлемін 452 миллиард теңгеге ұлғай­туға, одан бюджетке 29 мил­лиард теңге салықтың түсуіне ық­пал етті.

Комиссия мүшелері отырыс соңында шағын және орта кә­сіп­керлік пен іскерлік бел­сен­ділікті қолдау бағытында бюджет және Ұлттық қор қаражаттарын шы­ғын­дау тиімділігі мәселелері бойын­ша ұсыныстар түзді.