«Нұрлы жол» бағдарламасы отандық экспортты жарты триллион теңгеге арттырды. Бұл жайында Nur Otan фракциясы жанындағы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың және бюджет қаражатының нысаналы және тиімді жұмсалуын бақылау жөніндегі «Индустриалды, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті, іскерлік белсенділікті қолдау» бағыты бойынша комиссияның отырысында айтылды.
Фракция жетекшісінің орынбасары, комиссия жетекшісі Нұртай Сабильяновтың төрағалығымен өткен отырыста «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын кәсіпкерлікті қолдау жобаларының және индустриалды жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды.
«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасының орынбасары Рустам Қарағойшин осы холдинг «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру аясында кәсіпкерлік нысандарына қолдау көрсету, машина жасау саласын дамыту, сондай-ақ экспортқа дейінгі және экспорттық қаржыландыруды ынталандыру сияқты бағыттарды қаржыландыруды жалғастырып жатқанын мәлім етті.
– Атап айтқанда, Қазақстанның даму банкі (ҚМД) арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі ірі бизнес нысандарына, отандық автоөндірушілерге және экспорттаушыларға қолдау көрсетіліп жатыр. 2014-2015 жылдары ірі кәсіпкерлерді қолдауы үшін ҚМД жалпы сомасы 100 миллиард теңге қарыз қаражатын 10 банкке орналастырды. Қаражатты бастапқы игеру 2016 жылдың қыркүйегінде толығымен аяқталды. Қайта орналастыруды есепке алғанда, 2019 жылдың 1 мамырына дейін өңдеу өнеркәсібінде 132 миллиард теңге тұратын 90 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 81,4 миллиард теңгенің 48 жобасы экспортқа бағытталған, – деді Р.Қарағойшин.
Бұл ретте түпкілікті қарыз алушыны қаржыландыру шарттары келесідей болған: жобаның өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болуы талап етілген, оған несие 10 жылға дейінгі мерзімге, жылдық
6 пайыздық мөлшерлемемен берілген. Қарыздың ең көп сомасы – 5 миллиард теңге.
Бұл арзан қарыздардың 68 пайызы – инвестициялық мақсаттарға, яғни жаңа зауыт-кәсіпорын салуға, жаңғыртуға, жабдықтар сатып алуға, 19 пайызы – бұрын алынған кредиттерді қайта қаржыландыруға, тағы 13 пайызы – кәсіпорындардың айналымдық қаражатын толықтыруға жұмсалыпты.
Салалар бойынша осы кредиттік ресурстардың ең көп бөлігі – шамамен 52,9 миллиард теңгесі немесе игерілген жалпы қаржының 40 пайызы тамақ өнеркәсібіне арна тартқан. Одан кейінгі орында 25,7 миллиард теңге қарызды алған құрылыс материалдарының өндірісі секторы тұр.
Өңірлер арасында Түркістан облысы және Шымкент қаласы бағдарлама көшбасшылары атанды. Олар 33 миллиард теңгені немесе жалпы көлемнің 25 пайызын еншіледі. «Үштікке» Алматы қаласы кірді: көрсеткі-ші – 21,3 миллиард теңге немесе 16 пайыз.
Статистикалық комитеттің мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысында отандық өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары 10,4 триллион теңгенің өнімін шығарған. Бұл алдыңғы 2017 жылғыдан 11 пайызға көп.
Рустам Қарағойшиннің мәліметінше, бағдарламаны іске асыру басталғаннан биылғы жылғы 1 сәуірге дейінгі аралықта мемлекеттен қолдау көрген компаниялар 1 969 жаңа жұмыс орнын ашқан. 4,5 триллион теңгенің өнімін сатқан. Бюджетке 426 миллиард теңге салық төлеген.
Бағдарламаның «экспорттау алдындағы және экспорттық қаржыландыруды ынталандыру» бағытын іске асыру шетелдік нарықтарға өткізілген отандық өнім көлемін 452 миллиард теңгеге ұлғайтуға, одан бюджетке 29 миллиард теңге салықтың түсуіне ықпал етті.
Комиссия мүшелері отырыс соңында шағын және орта кәсіпкерлік пен іскерлік белсенділікті қолдау бағытында бюджет және Ұлттық қор қаражаттарын шығындау тиімділігі мәселелері бойынша ұсыныстар түзді.