32 дәрігерге баспана берілді
32 дәрігерге баспана берілді
488
оқылды

Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошанов Шахтинск қаласында 32 қызметтік пәтердің кілтін табыс етті. Баспана Қарағанды меди­цина университетінің 2018-2019 жылғы түлектеріне берілді. Сондай-ақ жас ма­мандарды Шахтинск қа­ласының ауруханалары мен емханаларына жұмысқа шақырды.

– Шахтинск қаласындағы бас­ты мәселелердің бірі – медици­на­лық кадрлардың тапшылығы. Мұн­да 40-қа жуық маман жетіс­пей­ді. Енді мұнда жас дәрігерлер ко­­мандасы келді. Сіздерге жаңа жұ­­мыс қана емес, жаңа баспана да ұсы­нылады. Сіздерді өмірлеріңіз­дегі жаңа кезеңге қадам басула­рыңыз­бен құттықтаймын. Шах­тинск сіздер үшін жаңа үй болады деп ойлаймын, ал қаланың тұр­ғындары сіздердің жұмыстарыңызға риза боларына үміттенеміз, – деді Ерлан Қошанов.

Өткен жылы Шахтинскідегі қа­раусыз қалған көпқабатты үйдің екі кіреберісі Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының мен­шігіне берілген болатын. Сол кез­ден бастап онда күрделі жөндеу бас­талды. Терезелер, есіктер, еден­дер, кәріз және жылу жүйелері мен электр сымдары толығымен ауыс­тырылды. Пәтерлер жиһазбен жә­не тұрмыстық техникамен жаб­дықталды. Әр үйде теледидар, мик­ротолқынды пеш, тоңазыт­қыш­­тар және кір жуғыш маши­на­лар бар.

Үш бөлмелі пәтердің бірін Аха­новтар отбасы алды. Әсел Аханова – жалпы тәжірибе дәрігері. Биыл ол Қарағанды медицина универ­си­тетін бітірді. Оның жұбайы шахтада жұ­мыс істейді. Бұрын оған күн сайын Қарағандыдан жұмысқа ба­рып-келуге тура келетін. Енді жас отба­сының барлық мәселесі ше­шілді.

– Шахтинск қаласына көшуді, мұн­да жұмыс істеуді және ве­домство­лық пәтерде тұруды ұсын­ған­да біз ойланбастан келістік. Пә­тер өте жақсы. Онда қажетті барл­ық нәрсе бар. Оның үстіне, жуыр­да сәбиіміз дүниеге келді. Жал­дамалы пәтерде немесе туыс­тарымыздың үйінде тұруға мәжбүр бол­майтынымызға өте қуаныш­тымыз, – дейді Әсел.

Жөндеуден өткен кіреберіс­терде 10 бір бөлмелі, 18 екі бөлмелі және 4 үш бөлмелі пәтер бар. Үш бөл­мелі пәтерлер балалары бар от­басылық жұптарға берілді. Алдағы уақытта шаңырақ көтергелі отыр­ған жас мамандарға екі бөлмелі пәтерлердің кілттері табыс етілді. Ал жалғызбасты жас дәрігерлерге бір бөлмелі пәтерлер үлестірілді.

Шахтинск қаласында екі Ден­саулық сақтау ұйымы жұмыс іс­тейді. Ол перзентхана мен көпса­ла­лы емхана орналасқан орталық ау­рухана. Онда 113 дәрігер және 362 орта медициналық қызметкер жұ­мыс істейді.

Аймақ басшысы Ерлан Қо­ша­нов Шахтинск емханасында бо­лып, жөндеу жұмыстарының бары­с­ымен танысты. Ғимаратты ретке келтіру 2018 жылдың қыркүйек айында басталған болатын.

Емханада едендер, шатыр жа­бы­ны, терезелер мен есіктер ауыс­тырылды. Мүмкіндігі шектеулі жан­дар үшін пандус және жаңа лифт орнатылды.

– Ғимарат 1977 жылы салынған. Осы уақыт ішінде мұнда күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізілген жоқ. Лифт ескі болды, тек бірінші және үшінші қабатта тоқтады. Бұл өте ыңғайсыз болатын. Әрине, қазір барлығы дәрігерлер үшін де, ем­делушілер үшін де ыңғайлы бол­ды, – дейді емхана директорының орынбасары Шолпан Бейсембаева.

Жөндеу жұмыстарының арқа­сында ғимараттың пайдалы алаңы ұлғайтылды. Барлық шаруашылық үй-жайлары төменгі қабатқа ауыс­тырылды. Бұл жоғары қабаттардағы емделушілерге арналған кабинет­терді босатуға мүмкіндік берді.

Осы жылдың 1 тамызына дейін жөн­деу жұмыстарын толық аяқтау жос­парланып отыр. Емханада Шах­тинск және жақын маңайдағы кент­тердің 59 мың тұрғыны тіркел­ген.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы