Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошанов Шахтинск қаласында 32 қызметтік пәтердің кілтін табыс етті. Баспана Қарағанды медицина университетінің 2018-2019 жылғы түлектеріне берілді. Сондай-ақ жас мамандарды Шахтинск қаласының ауруханалары мен емханаларына жұмысқа шақырды.
– Шахтинск қаласындағы басты мәселелердің бірі – медициналық кадрлардың тапшылығы. Мұнда 40-қа жуық маман жетіспейді. Енді мұнда жас дәрігерлер командасы келді. Сіздерге жаңа жұмыс қана емес, жаңа баспана да ұсынылады. Сіздерді өмірлеріңіздегі жаңа кезеңге қадам басуларыңызбен құттықтаймын. Шахтинск сіздер үшін жаңа үй болады деп ойлаймын, ал қаланың тұрғындары сіздердің жұмыстарыңызға риза боларына үміттенеміз, – деді Ерлан Қошанов.
Өткен жылы Шахтинскідегі қараусыз қалған көпқабатты үйдің екі кіреберісі Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының меншігіне берілген болатын. Сол кезден бастап онда күрделі жөндеу басталды. Терезелер, есіктер, едендер, кәріз және жылу жүйелері мен электр сымдары толығымен ауыстырылды. Пәтерлер жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталды. Әр үйде теледидар, микротолқынды пеш, тоңазытқыштар және кір жуғыш машиналар бар.
Үш бөлмелі пәтердің бірін Ахановтар отбасы алды. Әсел Аханова – жалпы тәжірибе дәрігері. Биыл ол Қарағанды медицина университетін бітірді. Оның жұбайы шахтада жұмыс істейді. Бұрын оған күн сайын Қарағандыдан жұмысқа барып-келуге тура келетін. Енді жас отбасының барлық мәселесі шешілді.
– Шахтинск қаласына көшуді, мұнда жұмыс істеуді және ведомстволық пәтерде тұруды ұсынғанда біз ойланбастан келістік. Пәтер өте жақсы. Онда қажетті барлық нәрсе бар. Оның үстіне, жуырда сәбиіміз дүниеге келді. Жалдамалы пәтерде немесе туыстарымыздың үйінде тұруға мәжбүр болмайтынымызға өте қуаныштымыз, – дейді Әсел.
Жөндеуден өткен кіреберістерде 10 бір бөлмелі, 18 екі бөлмелі және 4 үш бөлмелі пәтер бар. Үш бөлмелі пәтерлер балалары бар отбасылық жұптарға берілді. Алдағы уақытта шаңырақ көтергелі отырған жас мамандарға екі бөлмелі пәтерлердің кілттері табыс етілді. Ал жалғызбасты жас дәрігерлерге бір бөлмелі пәтерлер үлестірілді.
Шахтинск қаласында екі Денсаулық сақтау ұйымы жұмыс істейді. Ол перзентхана мен көпсалалы емхана орналасқан орталық аурухана. Онда 113 дәрігер және 362 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.
Аймақ басшысы Ерлан Қошанов Шахтинск емханасында болып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ғимаратты ретке келтіру 2018 жылдың қыркүйек айында басталған болатын.
Емханада едендер, шатыр жабыны, терезелер мен есіктер ауыстырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус және жаңа лифт орнатылды.
– Ғимарат 1977 жылы салынған. Осы уақыт ішінде мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Лифт ескі болды, тек бірінші және үшінші қабатта тоқтады. Бұл өте ыңғайсыз болатын. Әрине, қазір барлығы дәрігерлер үшін де, емделушілер үшін де ыңғайлы болды, – дейді емхана директорының орынбасары Шолпан Бейсембаева.
Жөндеу жұмыстарының арқасында ғимараттың пайдалы алаңы ұлғайтылды. Барлық шаруашылық үй-жайлары төменгі қабатқа ауыстырылды. Бұл жоғары қабаттардағы емделушілерге арналған кабинеттерді босатуға мүмкіндік берді.
Осы жылдың 1 тамызына дейін жөндеу жұмыстарын толық аяқтау жоспарланып отыр. Емханада Шахтинск және жақын маңайдағы кенттердің 59 мың тұрғыны тіркелген.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы