Шымкент қаласында Nur Otan партиясы Еңбекші аудандық филиалына қарасты «Тұран» бастауыш партия ұйымында жуырда өткен Президент сайлауын қорытындылау жиыны өтті.
Жиынға Nur Otan партиясы Еңбекші аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жандос Қамбарбеков, Индустриалды-құрылыс колледжінің директоры, «Тұран» бастауыш партия ұйымының төрайымы Альбина Елшиева мен бастауыш ұйым мүшелері қатысты.
«Тұран» бастауыш партия ұйымының төрайымы, Nur Otan партиясы атынан президенттікке кандидат болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Альбина Елшиева партия мүшелерін сайлау қорытындыларымен таныстырды. Еліміз үшін бұл сайлаудың ерекше өткенін атап өткен Альбина Елшиева шетелдік 227 БАҚ өкілі, 1000-нан астам шетелдік бақылаушының орталық сайлау комиссиясының тіркеуден өткенін жеткізді.
– Сайлауда №177 учаскеде бақылаушы болдым. Биылғы сайлауда халықтың саяси сауаттылығының өскені және сайлауға қатысу көрсеткішінің артқаны байқалды. Тұрғындар таңнан бастап кезекке тұрып дауыс берді. Олардың қатарында қоғам қайраткері, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Махамбет Сапарбаев пен 96 жастағы Шерне әже де келді. «Тұран» бастауыш партия ұйымы өкілдері де сайлауға қатысуға белсенділік танытты, – деді Альбина Елшиева.
Бастауыш партия ұйымының жиналысында бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен негізгі он бағытты түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Партия белсендісі, тарихи сәттің куәсі болып жаңадан сайланған Президент қызметіне ресми кірісу рәсіміне қатысып қайтқан Нұрлан Ерғазы он бағыттың біріне тоқталды.
– Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Мемлекет басшысы бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады деген болатын. Мен, Қазақстан Республикасының азаматы, партия мүшесі ретінде сыбайлас жемқорлықпен күресуге дайынмын! Біздің бастауыш партия ұйым мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізетін болады, – деді Нұрлан Ерғазы.
Жиын соңында сайлау науқаны кезінде белсенді жұмыс атқарған партия мүшелеріне алғысхат тапсырды.
Е. МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы