Масылдық көзқарастан арылу керек

Масылдық көзқарастан арылу керек

Nur Otan партиясының Қызылорда облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Аймақтық филиал төрағасы Қырымбек Көшербаев билік ор­ган­дарының қызметіне бақылау жасаудағы партияның шешуші рөлін атап өтті.

– Билік партиясы, ең бірінші, биліктің қызметіне сын көзбен қарауы тиіс. Уақытылы ескертіп, қажет болса тиісті шаралар қабыл­дауға мұрындық болуы керек, – деді Қырымбек Көшербаев.

Ол сондай-ақ тұрғындардан келіп түскен сұрақтардың мұқият қаралуын және орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Арыз-шағымдарды жергілікті атқарушы органдар мұқият қарап, оның орындалуы мен мәселенің ше­шілуін қатаң бақылауға міндетті екенін де айтты. Талаптардың орындалуы туралы тоқсан сайын талдау жасалмақ. Облыс әкімі сырғытпа жауап пен сөзбұй­далыққа салған қызметкерлер мен лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын да ескертті. Қажет болса партиядан шығару мәселесіне дейін қара­латынын да қатаң ескертті.

– Президент қарамағындағы қызметкер сыбайлас жемқор­лықпен айыпталып, қылмысы дәлелденетін болса, оған тікелей басшы жауап беретінін айтты. Осы ұдайы естеріңізде болсын, – деді облыс әкімі.

Осыған байланысты аймақ басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресті барынша күшейтуге бағыт­талған жұмыстарды жүйелі жүр­гізуді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғам­дық кеңес жұмысын жандандыру мақсатында қосымша ұсыныстар беруді тапсырды.

Сонымен қатар аз қамтылған отбасылардың балаларына ыстық тамақ пен қоғамдық көліктерде тегін жүру мәселесі мен масыл­дықтан арылу керегіне тоқталды.

– Облыстық білім басқарма­сына қала және аудан әкімдерімен бірлесе отырып, аз қамтылған от­басы балаларын тегін ыстық та­мақпен және қалаішілік қоғамдық көліктерде тегін жүруін ұйымдас­тыруды тапсырамын. Сонымен қатар мектептегі асханаларды та­лапқа сәйкестендіру, тамақтану сапасын көтеру бойынша жұмыс­ты жеделдету қажет.

Өкінішке қарай, қоғамдағы мына бір келеңсіз көрініс туралы да айтқым келеді. Бүгінде ұсы­нылған жұмыстан бас тартып, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қол жайып күн көруді әдет қылған адамдардың қатары азаймай тұр. Бұдан бөлек, өзі несие алып, қарызын қайтаруға келгенде құлықсыздық танытатын да азаматтар бар. Бұл барып тұрған масылдық психология! Мұндай ойды түбегейлі өзгерту керек, – деді Қырымбек Көшербаев.

Аймақ басшысы қоғам, ел дамуына кері әсер ететін кертартпа көзқарастан арылып, тынымсыз еңбек арқылы мемлекеттің өсіп-өркендеуіне атсалысу – әрбір азаматтың борышы екенін еске салды.


Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы