Семейде өз үйін өртемек болған ана баласымен құтқарылды
Семейде өз үйін өртемек болған ана баласымен құтқарылды
372
оқылды

«101» қызметінің пультіне бір әйел адам телефон шалып, өзі көп дәрі ішіп қойғанын, сонымен қоса үйін өртеуге ниеттеніп отырғандығын хабарлап айқан. Оның жанында кішкентай ұлы бар екен.

Диспетчер мекенжайыңызды беріңіз деген сауалға әйел адам жауап бергісі келмейтінін айтып, тұтқаны қоя салған. Артынша «112» номеріне баласы телефон шалып, «үйде қағаздар жанып жатыр, анам көп дәрі ішіп қойғандықтан өзіне-өзі келе алмады» деп хабарлайды. Диспетчерлер баладан аты-жөнін, анасының есімін, мекенжайын толық алып, оқиға орнына жеткен кезде, кілем де тұтанып үлгерген екен.

– Семейдегі №2 жасағының СПЧ-2 құтқарушылары келіп жеткен соң, азаматтық қорғаныс аға лейтенанты А. Мыңжанов барлау жүргізіп көрсе, екінші қабаттағы №6 пәтерден түтін шығып жатқан екен, – деді Семей қалалық ТЖБ бас маманы Айгүл Мирсаитова. – Есікті қаққанмен ешкім ашпады. Баланың да даусы естілмеді. Бұдан соң А. Мыңжанов аға өрт сөндіруші Б. Қалитовке және көлік жүргізушісі М. Баяхметовке үш деңгейлі сатыны үйдің сырт жағынан қойып, терезе ойығынан кіруге тырысуды тапсырды. Қалған құтқарушылар есікті ашу үшін құрал-жабдықтармен құлпын ашуға кіріседі. Түтін басып кеткен бөлмеге кірген кезде өрт сөндірушілер жерде жанып жатқан заттарды және шағын паласты көрген. Бөлмеде 1976 жылы туған азаматша мен 2013 жылы туған бала болған. Әйел адам диванда жатып, баланы жібермей ұстап қалыпты.

Құтқарушылар әйел адамды таза ауаға алып шығып, жедел жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсетті. Өрт сөндірілді. Жедел жәрдем әйелді Семейдегі бүйрек аурулары орталығының токсикология бөліміне жеткізді. Мамандар дәріге уланып қалғаны туралы диагноз қойды. Ал баланы қараған дәрігерлер оның аман-есен екендігін айтты. Өрттің шығуы себебі анықталуда. Семейдегі өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жасағаның жедел қимылына орай қайғылы жағдай орын алмады.

 Раушан НҰҒМАНБЕКОВА