Елордада «әскери керней» дәстүрлі фестивалі басталады
Елордада «әскери керней» дәстүрлі фестивалі басталады
333
оқылды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін әскери оркестрлердің VІІІ халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней» дәстүрлі фестивалі өтеді. Халықаралық деңгейдегі бұл фестиваль Елорда күніне және Қазақстан полициясы күніне арналады деп хабарлайды Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Биылғы байқауда Қазақстан, Ресей, Монғолия елдерінің әскери оркестрлері бірнеше күн бойы бас қаламыздың мәдени алаңдарында қала халқы мен қонақтарына  өздерінің музыкалық шеберлігін паш етеді.

Бүгін сағат 17.00-де «Астаналық орталық саябақ» амфитеатрында «Әскери керней» фестивалі аясында концерт өтеді. Ал ертең  сағат 10.00-де Нұр-Сұлтан қаласының «Барыс Арена» мұз сарайында «Әскери керней» фестивалі финалының ашылу салтанаты болады. Бағдарламада – «Саптық концерт және дефиле».

Ертең, сонымен бірге сағат 19.00-де «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда, «Астана» концерт залында және «Қазақстан» спорт кешенінде әскери оркестрлер елорда тұрғындарына концерттер ұсынады.

Маусымның 22 күні сағат 17.00-де Нұр-Сұлтан қаласының «Барыс Арена» мұз сарайында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін VІІІ халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней» фестивалінің Саптық концерті өтеді.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жүрген фестиваль жылсайынғы айтулы мәдени оқиғаға айналды әрі ондағы классикалық, халықтық және эстрадалық музыкалық туындылармен қатар, жауынгерлік парад-дефиле, әскери-қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілетін танымдық көрсетілімдері елорда халқы мен қонақтары үшін бірден-бір есте қаларлықтай дәстүрлі-жарқын көрсетілім болмақ.