Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалында кезектен тыс өткен президенттік сайлаудағы штаб жұмысын қорытындылау мақсатында саяси кеңес мәжілісі өтті.
Жиынға Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының саяси кеңес мүшелері, Шымкент қалалық мәслихат депуттары және БАҚ өкілдері қатысты.
Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов кезектен тыс өткен президенттік сайлау науқанында жүргізілген жұмыстарды айтып өтті.
– Сайлауалды науқанында Шымкент қалалық қоғамдық штабы өз жұмысымызды толығымен жоғары деңгейде атқарып шықтық. Қоғамдық штаб құрамында 88 азамат, яғни танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, олимпиада чемпиондары, зиялы қауым өкілдері, қалалық филиал қызметкерлері, журналистер мен жастар ұйымдарының белсенділері аянбай еңбек етті. 9 маусым күні 260 сайлау учаскесінде 520 бақылаушы мен 414 сенімді өкіл өздеріне жүктелген міндеттерді толығымен орындап шықты. Сонымен қатар қаламызда үгіт-насихат жұмыстарды жүргізу мақсаты бойынша 33 мобильді топ құрылып, құрамында 400-ге жуық өкіл жұмыс жүргізді. 13 мамырдан бастап, өңірімізде Birge жалпыұлттық акциясы аясында 31 мыңнан астам азаматтан ұсыныстар мен тілектер келіп түсті. Әрбір іс-шарада қала тұрғындары кандидатымызды қолдайтындарын жеткізіп, нәтижесі бізді қуантты, – деді Бахадыр Нарымбетов.
Сонымен қатар саяси кеңес мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған жаңа бағыттарды қолдауға Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының Саяси кеңес мүшесі Орынбай Рахманбердиев жемқорлықты жою керегін айтты.
– Он бағыттың бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қарсы тұру. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс деген сөзі өте орынды айтылды деп ойлаймын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстарды бәріміз жұмыла отырып, бірге жүзеге асыруымыз тиіс. Әр қазақстандық – бұл індетпен күресуді азаматтық борышы деп білуі керек. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұра аламыз, – деді Орынбай Рахманбердиев.
Қалалық мәслихаттағы ең жас депутат Шыңғыс Қозбақов Шымкент қаласында Жастар мәслихаты құрылатынын қуанышпен қабылдағанын айтты.
– Бұл өз кезегінде жастар мәселесінде шешілмей жатқан проблемаларды анықтап, күрделі шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Біздің жастар мақсатты, еңбекқор, шығармашыл, сондықтан Қазақстанның болашағы – жастардың қолында, – деді Шыңғыс Қозбақов.
Жиын соңында қатысушылар кезектен тыс өткен президенттік сайлаудың қорытындысына оң баға беріп, Мемлекет басшысы белгілеп берген он бағыты бойынша еліміздің дамуына аянбай еңбек етіп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Майра БАҚЫТ