Бас қалада Nur Otan партиясының қолдауымен Жаңа технологияларды дамыту бағыты бойынша кеңестің отырысы өтті.
Басты мақсат – жаңа технологияларды пайдалана отырып, нәтижесінде қоғамның дамуына ықпал ету. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше басымдық беріледі. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесі жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев пен Назарбаев университетінің ғылымды дамыту бөлімінің басшысы Асанбай Жұмабеков баяндама жасады.
Вице-министрдің айтуынша, ғылымға бөлінген қаржы қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
– Елбасы Жолдауында қазақстандықтар жақсы өмір сүруі үшін ең әуелі ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөлу керегін айтқан болатын. Оның ішінде болашақта экономиканы дамыту үшін баламалы энергия көздеріне сұраныс қазірдің өзінде жоғары. Өндірісте қолданылатын жаңа материалдар, биомедицина, деректер базасының қауіпсіздігі, жасанды интеллект, блокчейнді дамыту бағыттарында жұмыс қарқынды жүруде. Біз оларға сағат сайын сұраныстың көбейгенін, жаңа технологияға қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыстың көптігін күнделікті байқап отырмыз. Сондықтан заман көшінен қалмау үшін жаңа технологияны меңгерген мамандар да қажет, – деді Тимур Тоқтабаев.
Жиында, сондай-ақ Назарбаев университеті іске асырып жатқан жобаларды дамыту бағыты талқыланды.
Асанбай Жұмабековтің мәлімдеуінше, университет базасында жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтының жұмысы қарқынды дамып келеді.
– Ғылымға бөлінген қаражат дер уақытында игерілсе, қайтарымы екі-үш есе жоғары болатынын тәжірибеден көріп отырмыз. Сондықтан жаңа технологияны дамытуда келешекке керек кадрларды даярлау – заман талабы. Себебі, техниканың мүмкіндігін толық меңгерген мамандар толқынын дайындауда барлық техникалық жоғары оқу орынның еңбегі орасан. Біз бір-бірімізден әдіс алмасу арқылы қарқынды дамуға жол ашамыз. Әдіс алмасу тәжірибені шыңдауға көмектеседі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылай қолдау жыл сайын көбейгені қуантады, – деді Асанбай Жұмабеков.
Жиын қорытындысында жаңа технологияны дамытуға атсалысып жатқан мекемелерге қаржыны дер уақытында тиімді игеруге күш салу керегі айтылды.