Шымкент қаласы әкімдігі мен National Geographic Qazaqstan журналы бірігіп, Нұр-Сұлтанда «Шырайлы Шымкент!» атты фотокөрме ұйымдастырды. Шымкент қаласының ішкі туризм әлеуетін жан-жақты көрсететін, жүзеге асатын жобаларды фотосурет тілімен жеткізуді мақсат еткен көрме табиғаты бай өлкенің көрікті жерлерін паш етті.
Көпшілік назарына Шымкент қаласы мен оның айналасындағы көрікті жерлерді, киелі орындар мен табиғи ескерткіштерді, қарапайым қала тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігін баяндайтын фотосуреттер ұсынылды.
«Бұл көрмені ұйымдастыру мақсатында арнайы халықаралық экспедиция құрылған болатын. Оның құрамында археолог, географ, журналистерден бөлек, тайландтық 2 фотографпен бірге әр салада машықтанған онға жуық қазақстандық фотосурет өнерінің мамандары болды», – дейді журналдың бас редакторы Дәурен Құдайберген.
National Geographic Qazaqstan журналының 13 қызметкерінен құралған топ мүшелері мамырдың 20-31-і аралығында Шымкент қаласы мен қала маңындағы қырыққа жуық тарихи-мәдени орын мен киелі жерлерді аралап шығып, 1,5 мың шақырымдық жолды жүріп өткен.
Олар қаланың ескі бөлігіндегі көне ғимараттар, Ақмешіт үңгірі, Сайрамдағы кесенелер шоғырын және Қасқасу шатқалы секілді табиғаты әсем жерлердің таңғажайып көріністерін таспаға тартып алуға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта осы фотосуреттің бірнешеуі журнал арқылы әлем халқының назарына ұсынылатын болады.
Аружан ҚҰЖАСАРИНА