Кеше – курсант, бүгін – офицер
Кеше – курсант, бүгін  – офицер
430
оқылды

14 маусым күні азаматтық қорғаныс органдары жас құтқарушы офицерлерді қатарына қосты. Олар енді теориялық білімі мен практикалық дағдысын іс-жүзінде пайдалана отырып, Төтенше жағдайлар комитеті бөлімшелерінде қызмет етуді бастайды.

Күндізгі оқыту факультетінің курсанттарын шығарып салу салтанатына Қазақстан Республи­касы Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин, Төтенше жағдайлар комитеті төрағасы В.Беккер, Ақмола облысы әкімі Е.Маржықпаев, азаматтық қорғау органдары ардагерлері мен құр­метті қонақтар қатысты. Дәстүр бойынша іс-шара Ақмола облысы гарнизонының өрт сөндіру-құтқару техникасы көрмесінде тү­лектердің ата-аналарын, жа­қындарын және қонақтарды оқу орны тарихымен таныстырудан басталды.

Көкшетау техникалық инсти­ту­ты 20 жылдам астам уақыт ішін­де сапалы білім мен тәрбиенің ордасы екенін дәлелдеп келеді. 20 жыл ішінде оқу орны 4 890 маман дайындады. Сондай-ақ институтта шетел студенттері, ТЖ комитеті­нің 3 661 қызметкері қайта даярлау және біліктілік арттыру курсынан өтті.

Институтты Қырғызстан ТЖМ мамандары да бітірді. Со­ны­­­мен қатар институттан Ресей және Беларусь ТЖМ жоға­ры оқу орындарында білім алуға жібе­рілген 34 курсант үлкен өмірге жолдама алды.

Институт азаматтық қорғаныс саласында жоғары білікті маман­дарды даярлаумен қатар, азамат­тық қорғаныс саласында ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын болашақ ғалымдар­ды тәрбиелейді. Сондай-ақ спорт­тың көптеген түрі бойынша лайықты спорт­шы­ларды дайындап шығарады.

Салтанатты іс-шараны ашқан институт бастығы, азаматтық қор­ғаныс полковнигі Сырым Шә­ріпханов оқу орны түлектері­нің алдағы қызметі мен күш құры­лым­дарының жай-күйін айт­ты. Ішкі істер министрінің орын­басары Юрий Ильин құттықтау сөзінде жас лейтенанттарды институтты табысты бітіруімен, алғашқы офицерлік атақ алуымен құттық­тады. Заманауи тәсілді меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу жастардың елімізді табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мәселесін шешуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Одан ары салтанатты шара диплом тапсыру мен жауынгерлік тумен қоштасу рәсіміне жалғасты. Биыл­ғы оқу жылында түлектер аты­нан жауынгерлік тумен қош­тасу құқы азаматтық қорғау лейте­нан­ты Азамат Садақбаевқа беріл­ді. Ол институтта өткен бар­лық шараға белсене қатысып, курстас­та­рына үлгі көрсеткен. Сондай-ақ курс старшинасының көмекшісі болып, лайықты еңбек етті.

Қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер офицерлік қоштасу валь­сін билеп, көкке шардан жасал­ған курсанттық погон композициясын ұшырды. Жас лейтенанттар соңғы рет жалпы курсанттық салтанатты шеруде жүріп, офицердің таза ниеті мен мінсіз қызмет атқараты­нын білдіретін күміс теңге шашты.

Оқу ордасы түлектері ендігіде жоғары кәсіби шеберлік пен отансүйгіш офицердің жарқын үлгісін көрсетеді деп сенеміз.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ