14 маусым күні азаматтық қорғаныс органдары жас құтқарушы офицерлерді қатарына қосты. Олар енді теориялық білімі мен практикалық дағдысын іс-жүзінде пайдалана отырып, Төтенше жағдайлар комитеті бөлімшелерінде қызмет етуді бастайды.
Күндізгі оқыту факультетінің курсанттарын шығарып салу салтанатына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин, Төтенше жағдайлар комитеті төрағасы В.Беккер, Ақмола облысы әкімі Е.Маржықпаев, азаматтық қорғау органдары ардагерлері мен құрметті қонақтар қатысты. Дәстүр бойынша іс-шара Ақмола облысы гарнизонының өрт сөндіру-құтқару техникасы көрмесінде түлектердің ата-аналарын, жақындарын және қонақтарды оқу орны тарихымен таныстырудан басталды.
Көкшетау техникалық институты 20 жылдам астам уақыт ішінде сапалы білім мен тәрбиенің ордасы екенін дәлелдеп келеді. 20 жыл ішінде оқу орны 4 890 маман дайындады. Сондай-ақ институтта шетел студенттері, ТЖ комитетінің 3 661 қызметкері қайта даярлау және біліктілік арттыру курсынан өтті.
Институтты Қырғызстан ТЖМ мамандары да бітірді. Сонымен қатар институттан Ресей және Беларусь ТЖМ жоғары оқу орындарында білім алуға жіберілген 34 курсант үлкен өмірге жолдама алды.
Институт азаматтық қорғаныс саласында жоғары білікті мамандарды даярлаумен қатар, азаматтық қорғаныс саласында ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын болашақ ғалымдарды тәрбиелейді. Сондай-ақ спорттың көптеген түрі бойынша лайықты спортшыларды дайындап шығарады.
Салтанатты іс-шараны ашқан институт бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Сырым Шәріпханов оқу орны түлектерінің алдағы қызметі мен күш құрылымдарының жай-күйін айтты. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин құттықтау сөзінде жас лейтенанттарды институтты табысты бітіруімен, алғашқы офицерлік атақ алуымен құттықтады. Заманауи тәсілді меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу жастардың елімізді табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мәселесін шешуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Одан ары салтанатты шара диплом тапсыру мен жауынгерлік тумен қоштасу рәсіміне жалғасты. Биылғы оқу жылында түлектер атынан жауынгерлік тумен қоштасу құқы азаматтық қорғау лейтенанты Азамат Садақбаевқа берілді. Ол институтта өткен барлық шараға белсене қатысып, курстастарына үлгі көрсеткен. Сондай-ақ курс старшинасының көмекшісі болып, лайықты еңбек етті.
Қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер офицерлік қоштасу вальсін билеп, көкке шардан жасалған курсанттық погон композициясын ұшырды. Жас лейтенанттар соңғы рет жалпы курсанттық салтанатты шеруде жүріп, офицердің таза ниеті мен мінсіз қызмет атқаратынын білдіретін күміс теңге шашты.
Оқу ордасы түлектері ендігіде жоғары кәсіби шеберлік пен отансүйгіш офицердің жарқын үлгісін көрсетеді деп сенеміз.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ