Атырау облысында, дәлірек айтсақ, облыстағы еркін экономикалық аймақта интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Журналистермен кездескен Kazakhstan Petrochemical Industries Inc (KPI) ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Оразбаев жобаның өндірістік қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететінін хабарлады. Кешеннің өзі екі технологиялық бөліктен тұрады, бірінші – пропанды сутексіздендіру және пропиленді полимерлеу бөліктері. Бұдан өзге, кешенде жалпы зауыттың шаруашылығына қатысты 32 нысан бар. Айта кетерлігі, бір жыл бұрын басшылықтың ауысуымен кешен құрылысының қарқыны артты.
– Сол сәттен бастап құрылысқа түзетулер енгізу және құрылысты дұрыс ұйымдастыру, құрал-жабдықтарды, материалдарды жеткізу және құрал-жабдықтарға тапсырыс жариялау мәселелері шешімін тауып, іс алға жылжыды, – дейді Қайрат Оразбаев.
Әуел баста жоба белгілі бір қиындықтарға тап болғанымен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жобаны жоспарланған мерзімде, яғни 2021 жылы пайдалануға беруді талап етіп отыр, – дейді кешен басшылығы. Қайрат Оразбаев атап өткендей, қазір құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр, және жобаны жүзеге асырудағы прогресс 34%-ға жеткен. Ал 2017 жылдың 27 қарашасы мен 2018 жылдың 28 маусымы аралығында бұл көрсеткіш 6% болатын. Мұнай өңдеуші зауыттарды қайта жаңғырту кезіндегі тәжірибесінің арқасында «Самұрық-Қазына» Қазақстанның тәуелсіздігі тарихында алғаш рет осындай ірі жобаны ұлттық компанияның күшімен жүзеге асырып жатыр.
– Қазір нысандардың барлығында бас-аяғы 2 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Айта кетерлігі, жұмысшылардың 90 пайызы – қазақстандық мамандар. Қазір Қазақстанның компаниялары шетелдік компаниялармен тең дәрежеде жұмыс істей алатынын сеніммен айтуға болады, және олар жұмыстың сапасы мен қауіпсіздігіне толық жауап бере алады, – деп атап өтті KPI құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Талғат Қуқатов.
Кешен мамандарының айтуынша, жобалау жұмыстарының алға басуы 53 пайызды құрайды. Өндірістік жұмыстар үшін 3 196 сызба әзірленіп, 3D үлгілерінің 67 пайызы қаралып бітті. Жуырда, 19 маусым күні 3D үлгілердің 90 пайызы қаралып, мақұлданған соң темір құбырлардың сызбалары беріледі. Ал, бұл дегеніміз – жұмыс құжаттамасының аяқталғанын білдіреді.
Құрал-жабдықтарды жеткізу жұмыстары бойынша прогресс 34 пайызды құрайды, ұзақ мерзімде дайын болатын 123 түрлі құрылғыны сатып алу үшін тапсырыс берілген. Құрылғының басым бөлігі Еуропа өндірушілерінен сатып алынады. Алайда ең ірі колонна – сплиттердің тапсырысы «АтырауМұнайМаш» зауытына түскен. Құрылғы қыркүйек айында әзірленіп бітеді деген болжам бар, содан кейін ол нысанға жеткізіліп, орнатылады. Бұл – бүгінгі таңда Қазақстан бойынша тапсырыспен жасалатын ең ірі құрылғы болып отыр, тіпті мұнайды қайта өңдеу зауыттары үшін мұндай ірі құрылғы елімізде дайындалмаған.
Негізгі құрылғыларға тапсырыс беру бойынша прогресс бүгінгі таңда 91 пайызға жетіп отыр, қосалқы құрылғыларға да тапсырыс беріліп жатыр. 2019 жылы барлық құрал-жабдық бойынша өндіруші кәсіпорындарға тапсырыс беру аяқталады деген жоспар бар. Логистикалық қызметтер үшін Қашаған және Теңіз жобаларына өте үлкен жабдықтарды жеткізген қазақстандық компаниялар тартылған. Баса айта кетерлігі, бүгінгі таңда құрылыс алаңында құралдарды уақытша сақтайтын жеке қойманың құрылысы аяқталуға жақын, құрал-жабдық мұнда тазаланып, кедендік рәсімдеуден өтеді.
Журналистермен әңгімелескен KPI басшылығы жоба бойынша қазақстандық үлесті дамытуға көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Мысалы, бүгінгі таңда жобаға құрал-жабдық әзірлейтін екі ірі зауыт тартылған, Петропавлдағы ауыр машина құрылыс зауыты мен Ақтаудағы Sewon Vertex ЖШС зауытына отыз дана сұйықтық сақтайтын құрал мен бес жылу алмастырғыш құралға тапсырыс берілген. Бұнымен қатар, 22 мың тонна металл конструкциясының 9 мың тоннадан астамы Қазақстанның жеті зауытында шығарылады.