Филиалға – жаңа төраға

Филиалға – жаңа төраға

Nur Otan партиясы Төра­ғасының Бірінші орын­ба­сары Мәулен Әшімбаев партияның Нұр-Сұлтан қалалық филиалының кезектен тыс ХXX кон­фе­ренция­сына қатысты. Жиын­да филиалдың жаңа төрағасын сайлау мәселесі қаралды. Одан бөлек, қа­тысушылар Қазақстан Президентінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде ұсынысын айтты. Сонымен қатар қалалық филиалдың жұмы­сына қатысты мәселелерді де талқылады.

Жиынның күн тәртібіне сәй­кес таяуда ғана Нұр-Сұлтан қа­ласының әкімі болып тағайын­далған Алтай Көлгінов Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың ұсыны­сы­мен, конференция делегат­та­рының бірауыздан мақұлдауымен партияның елордалық филиа­лының төрағасы болып сайланды.

– Алтай Сейдірұлы – «Бола­шақ» бағдарламасының түлегі. Ұзақ жылдар бойы еліміздің да­муы жолында талмай еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысы­ның әкімі ретінде өңірдің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Пре­зидент Әкімшілігінде де жа­уап­ты қызмет атқарып, шебер ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Сондықтан әріптесі­міз­дің жаңа қызметте де биіктен көрінетініне кәміл сенеміз және сол жолда табыс тілейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, Nur Otan партия­сы Төрағасының Бірінші орын­ба­сары өткен Президент сайлауы­ның маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде бұл сайлаудың бұрын­ғы­лардан өзгерек болғанын, Қазақ­стан халқы алғаш рет Елбасыдан басқа кандидатқа дауыс бергенін тілге тиек етті.

– Бұрынғы Президент сайлау­ларында халық бірауыздан Елба­сына дауыс беріп, ол күн елімізде үлкен бір мереке ретінде аталып өтілетін. Бұл жолы бәрі басқаша болды. Дегенмен сайлаудың нә­ти­жесі қазақстандықтардың ба­сым бөлігі Тұңғыш Президен­ті­міздің стратегиялық бағытын ары қарай жалғастыруды қалайтынын көрсетіп берді. Халық Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс беру арқылы Елбасы саясатының сабақтастығын таңдады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол сайлауалды науқан кезінде партия тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқта­лып, бұл істе белсенділік танытқан Нұр-Сұлтан қалалық филиалы­ның ұжымына алғыс білдірді. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, аталған науқан кезінде канди­даттың республикалық, аймақтық және аумақтық қоғамдық штаб­тарының мұрындық болуымен 100 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасы өткізілген. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам­дық қабылдауларында 20 мыңнан астам азаматтың өтініші тың­да­лып, әлеуметтік желілерде 40 мың­нан астам жазба жарияланған.

– Сонымен қатар біздің жақ­тас­тарымыз 5 миллионға жуық үгіт-насихат материалын таратып, «Есіктен есікке» акциясы аясында 3 миллион үйді аралап шықты. TeamQazaqstan жастар қанатының өкілдері де аталған жұмыстарға белсенді қатысты. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының жеңісі заңды құбылыс және бұл жетістікте әр нұротандықтың үле­сі бар, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Nur Otan пар­тиясы Төрағасының Бірінші орынбасары халықтың Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басты қағидаларды жүзеге асы­ру­да нақты нәтиже күтетінін айтты.

– Халық енді нақты нәтиже күтеді. Тұрғындарға бос сөз бен құр уәде қажет емес. Біздің аза­маттар, ең алдымен, жарияланған бағдарламалардың жемісін, өмі­рінің жақсарғанын, әлеуметтік мә­селелерінің оң шешілгенін көр­­гісі келеді. Сондықтан біз сай­лаудан кейін босаңдық танытпай, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жолында бұрынғыдан да белсенді жұмыс істеуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Осыған орай, ол Қазақстан Президенті көрсетіп берген басым бағыттарды тиімді жүзеге асыруда Nur Otan партиясына үлкен жа­уапкершілік жүктелетінін айтып, барша партиялықтарды белсенді әрекет етуге шақырды. Сондай-ақ осы бағытта партияның Орталық аппараты, аймақтық және аумақ­тық филиалдарының алдында тұр­ған басты міндеттерді атап өтті.

– Біріншіден, сайланған Президент Қасым-Жомарт То­қаев­тың сайлауалды бағдар­ла­масын жүзеге асыруда белсенділік танытып, қоғамдық бақылау жүр­гізуді күшейтуіміз қажет. Екін­шіден, Birge жалпыұлттық акция­сы аясында жиналған өтініштерді талдап, олармен нақты жұмыс жүргізуіміз керек. Әр өтініш на­зар­дан тыс қалмауы тиіс. Үшін­ші­ден, партия нағыз диалог алаңына айналуы қажет. Төртіншіден, жас­тармен жұмысты одан ары күшейтіп, тиімді тетіктерді іске қо­суымыз керек. Бесіншіден, Ел­басы анықтап берген жалпы­ұлт­тық жобалар мен партиялық жаң­ғыру жолындағы тың баста­малар ары қарай жалғасын табуы тиіс. Міне, алдағы уақытта біздің жұмыс бағдарымыз осы бағытта өрбиді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Birge акция­сы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіке­лей бастамасымен халықпен кері байланыс орнату мақсатында қол­ға алынған жоба. Соның аясын­да қазақстандықтардан 540 мың ұсыныс пен тілек келіп түсті. Оның ішінде 28 мыңын Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары жолда-ған.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қа­ласының әкімі, Nur Otan пар­тия­сы қалалық филиалының төра­ға­сы Алтай Көлгінов партия Төра­ға­сы Нұрсұлтан Назарбаев пен Пре­зидент Қасым-Жомарт То­қаев­тың және халық пен барша нұротан­дықтың сенімін ақтау үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.

Жиын барысында С.Сейфул­лин атындағы агротехникалық университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Ақылбек Күрішбаев, «Жас Отан» Жастар қанаты қала­лық филиалының төрағасы Бақ­дәулет Жанділдәев және тағы бас­қа бас қаланың белсенді аза­маттары күн тәртібіндегі мәсе­ле­лер бойынша ойын айтты.


Майра БАҚЫТ