Түркістанда кезектен тыс президенттік сайлау қорытындыларын қолдау мақсатында Түркістан облыстық Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы өтті.
Жиында Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов төрағалық етіп, Қазақстан коммунистік халық партиясы Түркістан облыстық филиалының бірінші хатшысы Ерахан Ахмет, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Нұржан Ажиметов, «Ақ жол» демократиялық партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Бейсенбаев, Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхаммед Абсаттаров сөз сөйлеп, үндеу ұсынды.
Коалицияда Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов үндеудің маңызын айтып өтті.
– Ел үшін аса маңызды осы тарихи сәтте және Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде біз Елбасы бағытының бірлігі мен қолдауын көрсетуге тиіспіз. Біз барлық қазақстандықтарды тұтастыққа, бірлікке және біздің негізгі құндылықтарымызға ұқыпты қарауға шақыруымыз керек. Қазақстан жолының сабақтастығы баршамызға байланысты. Түркістан облыстық «Қазақстан – 2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы атынан біз ел азаматтарына тиісті үндеу дайындадық. Бүгін оны қабылдауға болады. Бұл мәлімдеме Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету жөніндегі біздің одан ары бірлескен жұмысымыздың негізі болуы тиіс. Мақсатымыз – алдағы міндеттерді экономика, елдің мүддесі мен халықтың әл-ауқатының тұрақты дамуы үшін аянбай жұмыс істейтін әрбір азаматқа жеткізу. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, әрбір қазақстандықтың жағдайын жасауымыз керек, – деді Нұрмахан Жолдасов.
Жиын соңында коалиция мүшелері мен партия жетекшілері қолдап, үндеу жарияланды. «Біз барлық түркістандықтарды ынтымаққа, бірлікке және қазақстандық даму жолының басты құндылықтары – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен төзімділікті сақтауға шақырамыз.
Біз барлық қоғамдық-саяси күштерді сайлаудан кейінгі кезеңде еліміздің стратегиялық мақсаттары жолында бірігуге шақырамыз.
Біз Қазақстан Президентінің ел дамуының өзекті мәселелеріне қатысты билік пен азаматтық қоғам арасында тұрақты және конструктивті диалог құру бастамасын қолдаймыз.
Біз жалпыұлттық диалог және өзара қарым-қатынас институты ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына қатысуға дайынбыз.
Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген еліміздің дамуына қатысты басымдықтар мен жаңа міндеттерге сөзімізбен де, ісімізбен де қолдау көрсетуге және Елбасының тәуелсіздікті күшейтуге, елді жүйелі жаңғыртуға, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын бірлесіп жалғастыруға ниеттіміз.
Біз тек бірлігімізбен қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізіп, ортақ Отанымыз бен еліміздің барша азаматтарының игілігі мен гүлденуін қамтамасыз етеміз!» делінген.