Қызмет сапасы – бақылауда
Қызмет сапасы – бақылауда
402
оқылды

Әлеуметтік желіде пойызға билетсіз мінген жолаушылар туралы видео тараған соң, қоғамдық талқы тудырған заңбұзу­шылыққа қатысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ компаниясы ресми жауап берді. Компания өкілі видеодағы жағдайды растап, кінәлі қызмет­кердің салғырттығына қатысты тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ сервис және тұтынушылар­мен жұмыс департаментінің директоры Әлібек Сұлтанов журналистерге берген сұхбатын­да компания қызмет сапасын үнемі жетілдіріп отыратынын, заңбұзушылықтар­ға жол берген жолсеріктер қатаң жазаланаты­нын айтты.

– 15 маусым күні тараған билет­сіз жолаушылар туралы видео бойынша компания қол­да­­ныстағы еңбек заңнамасы­на сәйкес, оқиғаға қатысы бар қыз­мет­керлерді шақырып, толық зерт­теу жүргізеді. Басқарма басшы­сының блогы мен компа­ния­ның әлеуметтік желідегі парақшаларға жолаушылардан келіп түскен шағымдарды тексе­ріп, заңбұзушылық анық­талған жағдайда, қызметкерге тиісті жаза қолданылады. Ең үлкен жазалау шарасы – еңбек шартын тоқтатып, жұмыстан босату. Өткен жылдың сәуір айынан бері 130 қызметкермен келісім­шарт тоқтатылып, 30 азаматтың қызмет дәрежесі төмендетілді. Мұндай жағдайлардың алдын-алу мақсатында сапаны бақы­лау қызметі пойыздарды үнемі тек­серіп отырады. Мәселен, айына 500 пойызда осындай тексеру шаралары өтеді. Ағымдағы жылдың бес айында 3 мыңға жуық тексеріс өтіп, билетсіз жолау­шыларға қатыс­ты 71 заңбұзу­шылық тіркеліп, тиісті шаралар қабылданған, – деді ол.

Әлібек Сұлтанов видеоны әлеу­меттік желіге салып, азамат­тық белсенділік танытқан жолаушыға компания атынан алғыс білдірді. Ол азаматтарды алдағы уақытта да өздері кездес­кен құқықбұзушылықтар мен талапқа қайшы әрекеттерді фото және видео құралдарына тіркеп, басқарма төрағасы блогына немесе компанияның әлеуметтік желідегі парақ­шаларына жіберу­ге шақырды. Оның айтуынша, жұмыс тәжірибесінде шағымда көрсетілген жағдай расталмаған кездер де болады. Жолсеріктерге негізсіз айыптар тағылмауы үшін жолаушылардан түскен әр шағым жеке қаралып, жіті тек­сері­леді. Шағым қалдырған азамат­тан сол пойызда жолаушы болғанын растайтын билет сұра­луы мүмкін. Сондай-ақ заңбұзу­шы­лық фактісін растайтын қо­сым­­ша деректер керек. Ком­па­ния қызметкерлері шағым иесі­не оның өтініші бойынша іс қалай қаралып жатқанын, ко­мис­сия қандай шешім шығар­ға­н­ын хабарлап отырады. Әлібек Сұлтанов билетсіз жүрген жолау­шыларға жол жүру биле­тінсіз жүріп өткен стансалары үшін арнайы бекітілген бағалар есептеліп, соның он еселенген көрсеткішіне тең айыппұл салынады. Сондықтан «Жолау­шылар тасымалы» компаниясы жолаушыларға заңбұзушы­лық­тарды болдырмауға атсалысуға және заңды бұзбау керегін ескертеді.


Кәусар АХМЕТ