Айгүл Абдихаюмова – Сарыағаш ауданы Абай ауылының тумасы. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында тұрады. Бойында туабітті кемісі болғандықтан, балалар үйінде тәрбиеленген. Диагнозы — омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай қисаюы, яғни «сколиоз ауруы». Айгүл Еділқызы балалар үйінде жүргенде ұстаздарынан тігіншілікті үйренеді. Өзінің бала күнгі арманы да, қалауы да дизайнерлік болған. Осында тігіншілікті меңгеріп, сертификат алып шыққан ол мектеп бітірген соң медицина колледжіне оқуға түседі. Аз уақыт өз мамандығымен жұмыс істеп те көреді.
«Алайда жүрек қалауым мені бәрібір дизайнерлік жұмысқа алып келді. Анамның алып берген тігін машинасымен киім және көрпе-көрпеше қабын тігуді қолға алып, тапсырыс қабылдай бастадым. Балалар үйінде алған азғана білімімді ұштап, тігіншілікті тәжірибе жүзінде терең меңгеріп кеттім», – дейді Айгүл бізбен әңгімесінде.
Былтыр мемлекет тарапынан өзі сияқты кәсіп ашып, жұмыс істегісі келетін, алайда оған қаржысы жоқ болып жүрген жандарға қолдау ретінде грант, яғни қайтарымсыз қаржы берілетінін естіген кейіпкеріміз Шымкент қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына келеді. Алдымен осында тренерлерден бір ай бойы кәсіпкерлік негіздерін оқып, білімін жетілдіреді. Қолына сертификат алған соң грант алу үшін қажетті құжаттарды өткізеді. Қажетті құрылғылар, материалдар, тізімі жасақталған бизнес жоба да жасайды. «Құжаттарымды өткізіп болған соң қаржының бастапқы бөлігі тамыз айында түсті. Бір айдан соң тиісті 3 млн теңге қолыма толық тиді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы мемлекеттің біз сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға жасап жатқан көмегі, қолдауы мені ерекше ризалық сезімге бөлеп, күш-қуатымды арттырды. Жұмысымды едел-жедел бастап кеттім. Өзімізде жоқ кейбір тігін машиналарын шетелден алдырдым. Қажетті заттарымды толық алған соң тапсырысқа қарамастан, ойда жүрген соңғы үлгідегі дизайнмен әйелдер киімін тігуге кірістім», – дейді Айгүл Еділқызы бізбен әңгімесінде.
Өзінің атымен жеке кәсіпкерлік ашқан ол жалғыз үлгере алмайтын болған соң жанына 2 тігінші алыпты. Екеуіне толық жұмыс күнінен сай заңды жалақысын төлеп отыр. Күніне оншақты киім тігеді. Жұмысты бастағалы 300-ге жуық әйелдер және балалар киімін тігіп қойыпты. Ал қала шетінде тұратын Халида Мирсағатқызы жалға арнайы ғимарат алып, жеке кәсіпкер Айгүл Абдихаюмованың тігін ательесінен шыққан киімдерді сататын дүкен ашқан. Бұл да болса кәсібін енді дөңгелетіп жатқан жанға үлкен қолдау. Келешекте қаладағы базарлардан Айгүлге дизайнерлік қабілеті бар сіңлісі Айнұр да көмектесіп тұрады. Ал ең үлкен тірегі жұбайы Закир Сұлтанбаев. Құжат жинауда да, клиенттермен жұмыс істеуде де үнемі қолдап, демеп жүреді. Әсел есімді қыздары бар.
Айгүл келешекте ательесін кеңейтіп, ерлер киімін тігуді де қолға алуды жоспарлап отыр. Алайда бұған кәсіби тігіншілердің табылмай отырғаны қолбайлау болып тұр.