Айгүлге мемлекеттің қолдауы жігер берді

Айгүлге мемлекеттің қолдауы жігер берді

Айгүл Абдихаюмова – Сарыағаш ауданы Абай ауылының тумасы. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында тұрады. Бойында туабітті кемісі болғандықтан, балалар үйінде тәрбиеленген. Диагнозы — омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай қисаюы, яғни «сколиоз ауруы». Айгүл Еділқызы балалар үйінде жүргенде ұстаздарынан тігіншілікті үйренеді. Өзінің бала күнгі арманы да, қалауы да дизайнерлік болған. Осында тігіншілікті меңгеріп, сертификат алып шыққан ол мектеп бітірген соң медицина колледжіне оқуға түседі. Аз уақыт өз мамандығымен жұмыс істеп те көреді.

«Алайда жүрек қалауым мені бәрібір дизайнерлік жұмысқа алып келді. Анамның алып берген тігін машинасымен киім және көрпе-көрпеше қабын тігуді қолға алып, тапсырыс қабылдай бастадым. Балалар үйінде алған азғана білімімді ұштап, тігіншілікті тәжірибе жү­зінде терең меңгеріп кеттім», – дейді Айгүл бізбен әңгімесінде.

Былтыр мемлекет тарапынан өзі сияқты кәсіп ашып, жұмыс істегісі келетін, алайда оған қар­жысы жоқ болып жүрген жан­дарға қолдау ретінде грант, яғни қайтарымсыз қаржы берілетінін естіген кейіпкеріміз Шымкент қаласындағы «Ата­мекен» кәсіп­керлік палатасына келеді. Алды­мен осында тренер­лерден бір ай бойы кәсіпкерлік негіздерін оқып, білімін жетіл­ді­реді. Қо­лына сертификат алған соң грант алу үшін қажетті құ­жат­тарды өткізеді. Қажетті құрыл­ғылар, материалдар, тізімі жасақталған бизнес жоба да жасайды. «Құ­жат­тарымды өткізіп болған соң қаржының бастапқы бөлігі тамыз айында түсті. Бір айдан соң тиісті 3 млн теңге қолыма толық тиді. «Атамекен» кәсіпкерлер палата­сы арқылы мемлекеттің біз сияқ­ты мүмкіндігі шектеулі жандарға жасап жатқан көмегі, қолдауы ме­ні ерекше ризалық сезімге бө­леп, күш-қуатымды арттырды. Жұ­мысымды едел-жедел бастап кеттім. Өзімізде жоқ кейбір тігін машиналарын шетелден алдыр­дым. Қажетті заттарымды толық алған соң тапсырысқа қарамас­тан, ойда жүрген соңғы үлгідегі дизайнмен әйелдер киімін тігуге кірістім», – дейді Айгүл Еділқызы бізбен әңгімесінде.


Өзінің атымен жеке кәсіп­керлік ашқан ол жалғыз үлгере алмайтын болған соң жанына 2 тігінші алыпты. Екеуіне толық жұмыс күнінен сай заңды жа­лақысын төлеп отыр. Күніне он­шақты киім тігеді. Жұмысты бас­тағалы 300-ге жуық әйелдер және балалар киімін тігіп қойыпты. Ал қала шетінде тұ­ра­тын Халида Мирсағатқызы жалға арнайы ғимарат алып, жеке кә­сіпкер Айгүл Абдихаюмованың тігін ательесінен шыққан киім­дерді сататын дүкен ашқан. Бұл да болса кәсібін енді дөңгелетіп жатқан жанға үлкен қолдау. Ке­лешекте қаладағы базарлардан Айгүлге дизайнерлік қабілеті бар сіңлісі Айнұр да көмектесіп тұрады. Ал ең үлкен тірегі жұбайы Закир Сұлтанбаев. Құжат жи­науда да, клиенттермен жұмыс істеуде де үнемі қолдап, демеп жүреді. Әсел есімді қыздары бар.

Айгүл келешекте ательесін кеңейтіп, ерлер киімін тігуді де қолға алуды жоспарлап отыр. Алайда бұған кәсіби тігіншілердің табылмай отырғаны қолбайлау болып тұр.

Е.МҰРАТБЕК, 
Шымкент қаласы