Шаттық отанынан ескен жылы леп
Шаттық отанынан ескен жылы леп
586
оқылды

«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжі – ұлы өнердің кәсіби бағыт алып биіктен көрінуіне, дамылсыз дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұжым. Талант иелерін өнер биігіне самғатқан өнер ордасына биыл – 60 жыл. Исатай мен Махамбеттей батырлар туған, Құрманғазы мен Динадай күй алыптары өткен тарихы сырға толы қазыналы өлкедегі өнер ұжымы мерейтойын астаналықтармен атап өтті – «Шаттық Отаны» атты есеп беру концертін ұсынды.

Тарихтан тәбәрік

...Бүгінгі Атырау музыкалық колледжі, кешегі музыкалық училище қалай құрылып еді, әуелгі аз-кем әңгіме сол жөнінде. Қазақ­тың бай музыкалық шежіресін ама­­нат етіп қалдырған күйшілердің асыл мұрасын ұрпақ игілігіне қал­ды­ру мақсатында Құрманғазы консерваториясының қос түлегі Сейілхан Құсайынов пен Раушан Нұрпейісова Алматыдан Атырауға (ол кезде қала Гурьев аталатын) жібе­ріледі. Ал музыкалық учили­ще­­нің ашылуына себепкер болған – қоғам қайраткері, сол жылдары Гурьев облыстық атқару комитетін басқарған Нұртас Оңдасынов пен әйгілі композитор, Алматы кон­серваториясын басқар­ған Ахмет Жұбанов еді.

1958 жылы музыка училищесі ашылды, дарынды жастарға өнер әлеміне жолдама берілді. Ал оған дейін атқарылған жұмыс жеңіл болған жоқ. Сейілхан Қасиетұлы учи­лищеге директор болып таға­йын­далған соң училищенің мате­риал­дық-техникалық базасын жа­­сақ­тау, оқу бағдарламасын үй­лес­­тіру, ноталық әдебиеттер, оқу­лық­­тар, музыкалық аспаптар жинақтау, оқытушылар ұжымын ұйымдас­тыру сияқты келелі міндеттерге назар аударды. Музыка­лық аспап­тар тапшылығын жеңу үшін көп­те­ген қиындықты жеңуге тура кел­ді. Алдымен жергілікті шебер­лерді іздеп тауып, солармен ақыл­даса отырып, домбыра, қобыз, бас домбыра, бас қобыз аспаптарын жасауды қолға алды. Училищенің алғашқы оқытушылары И.Кол­тайс, О.Гер­лах, Р.Нұрпейісова, Б.Рзаханов, М.Құспаналиев, Е.Нұра­шев жан­қияр­лықпен еңбек етті. Жалпы, нота­лық әдебиеттер тапшылығы өз алдына, халық ас­пап­тарына жазылған ноталық әдебиеттер мүл­дем жоқ еді. Күндіз сабақ өткі­зіп, түнде күйлер мен шығармалар­ды нотаға түсіріп оқу­шыларды қамтамасыз етті. Учи­ли­ще ұжымы концерттік шара­лармен халық арасына көбі­рек шығып, ұлы өнер­ді насихаттап, ел ішіндегі өнерлі жастарды іздеп тапты. Бұл үрдіс жетпісінші жылға дейін жал­ға­сып отырды. Училище жоғары білімді мамандармен толыға бас­тады.


Алпыс жылдан бері көптеген дарынды жастар тамаша ұстаз­дар­дан тәлім алып, өнер биігіне самға­ды. Оқу орнының бірқатар түлек­тері республикаға белгілі мамандар – ҚР Еңбек сіңірген қайрат­кер­лері Шәміл Әбілтаев, Айтқали Жайы­мов, Кәрима Сахарбаева, талантты музы­канттар Ринат Гайсин, Бауыр­жан Ақтаев, Нұржан Тәжекенов және көптеген шәкірті ұлттық өнерді төрткүл дүниеге асқақтатып, Тәуелсіз Қазақстан­ның рухани және әлеуметтік дамуына, гүлде­нуі­не айрықша үлес қосып келеді. Солардың бірі – «Астана сазы» этно-фольклорлы ансамблінің көркем­дік жетекшісі Бауыржан Ақтаев Атырау музыка­лық кол­лед­жіне 2004 жылы қабылдан­ған екен.

«Колледж бізге көп білім берді. Менің ұстазым Нәсіпқали Төле­ге­нов – колледждің алғашқы түлегі. Алғашқы нотаны колледж­ден үйрендім. Бүгінгі жетістігімнің ба­сын­да колледждегі ұстаздарым тұр. Колледжден соң Құрманғазы кон­сер­ваториясында оқып, Қар­шы­ға Ахмедияров пен Айгүл Үлкен­баева­дан сабақ алдым», – дейді ол. Айта кетейік, Димаш Құдайбер­ген­нің Қытайдағы I'm a Singer конкурсының әндерін өңдеген осы – Бауыржан. Ол алпыс­қа тарта ән мен күйді шығармашы­лық ұжым­дар репертуарына түсiрген. Оннан астам күйдің авторы. Бірнеше фильм мен спек­такль­дің музыка­сын жазған. Осын­дай талантты шәкірттеріне танбайтын талап, талмайтын қанат сыйлаған ардагер ұстаздардың колледж­дің өсіп өр­кен­деп, дамуы­на атқарған еңбек­тері өлшеусіз. Колледж ұстаздары­ның білім саласындағы ерекше еңбегі үшін Оңайша Қарашева, Ольга Паплеви­на «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс­бел­гісімен, Айгүл Шынбаева «Ыбы­рай Алтынсарин» төсбелгісі­мен, Людмила Голубева, Гүлмира Қуа­нышбаева «Мәдениет саласы­ның үздігі» төсбелгісімен, Елена Мартиросьянец, Ольга Ференс, Гүлайым Сұлтанова Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, Бағила Мұхтарова, Клара Киматова, Ардақ Нығме­това, Алма Сыздықова, Ақназкен Байжан, Ақмарал Оралбай Атырау облысы әкімінің «Алғысхатымен» марапатталды. Бұл марапаттарды музыкалық колледждің Атырауда өткен есепті концертінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев табыс етті.


Астанада өткен салтанатты кеш­те колледждің негізін қалаушы Сейілхан Хұсайыновтың жары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, қобыз­шы Раушан Нұрпейісова, ұлы күйші Дина анамыздың шөбересі Төлеген Қуанышев және колледж ардагерлері қадірлі қонақтар қатарынан табылды.

Өнерлі өлке өрендері

«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжі мерейто­йын елордада атап өтуді дәстүрге айналдырған. Өнер ордасы 55 жыл­дығында да Бейбітшілік және келісім сарайында есеп беру кон­цер­тін ұсынған-ды. Биыл алпыс жылдық мерейтойын «Астана» концерт залында өткізді. Айтулы датаны астаналықтармен бірге атап өту үшін Атыраудан 160-тан астам өнерпаз келіпті. Күй өнерін қадір тұтар көрермен атыраулық өнерпаздар концертін сағынып-ақ қалыпты. Қошеметін аямады.


Концерт шымылдығын «Ха­лық­тық» студенттік ұлт аспаптар оркестрі Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» күйімен ашты. Одан кейін сахнада Динаның «Әсем қоңыр», Сейілхан Құса­йынов­­тың «Мереке», Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмай», Нұрғиса Тілендиевтің «Махам­бет» күйлері қалықтады. Оркестрге оркестрдің көркемдік жетекшісі мен дирижері, колледж түлегі «Нарын» халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері Ержан Қитаров пен колледж түлегі, бүгінде Д.Нұр­пейі­сова атындағы Академия­лық қазақ-халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Болат Долдашов дирижерлік етті.

Дәстүрлі әншілер Байбақты Ідірбай, Жұлдыз Сүндетқалиева, Аружан Ерімова, Алида Хуанова, Гүлбағым Қайыржанова, Жанар Қорғанова өнері таңдай қақтырды. Айбек Сапанов, Гүлбану Тюлюбер­генова, Мырзабек Каримуллаев, Уәли Меруерт, Алмас Нұрсат «Ха­лық әні және қазақ компози­тор­лары әндерінен топтама» ұсынды.


Өнерлі балалардың қабілетін шыңдап, мәдениет пен өнер сала­сында мамандық таңдауына қолдау жасау мақсатында 1992 жылы музыка колледжі жанынан ашыл­ған балалар музыка мектебінің оқушылары да концертте өнер көрсетті. Аталған мектептің Аида Дубаева жетекшілік ететін жетіген­шілер ансамблі Нұрғиса Тілендиев­тің «Аққуын», «Алтын орда» фольк­лорлық ансамблі Дәулет­керей­­дің «Көроғлын» орындағанда көрермен ұзақ уақыт қол соқты. Ұлттық аспабы өзінен үлкен балақайлардың барын салып өнер көрсетуі көңілімізді көкке көтерді. Қуат Шілдебаевтың «Отан Ана» композициясын қобызшылар ансамблі ұсынды. Колледж түлегі – Мәди Мәдениетов (саксофонда сүйемелдеуші), Junior Eurovision 2018 байқауының финалисі, Ди­маш Құдайбергеннің «Бақытты бала» халықаралық ән байқауының лауреаты және екінші премия иегері, Санат Асуат Лара Фабиан­ның Je taimе әнін орындады. Кол­ледж түлегі, жас маман Айбол Бай­мұқатов жетекшілік ететін каме­ралық және студенттік хор орындаған халық әндері «Наз­қоңыр» (жеке дауыста Мырзабек Каримуллаев), «Қараторғай» мен Р.Стонхиллдің Shut de do әні концертке өзгеше реңк берді. Бұл концертте Жанәбіл Райымбек, Нұрдаулет Сатыбалдыұлы баянмен В.Гридиннің «Озорные наигрыши» шығармасын орындады.

«Мен қазақпын» мега жобасы­ның бас жүлдегері Жәнібек Жә­миев, республикалық, халықа­ра­лық конкурстардың лауреаттары – Болат Долдашов, Сардарбек Әбілов, Серік Әлібеков, Жанарыс Оспан күйлерден топтама, ал Гүлбану Тюлюбергенова, Мырза­бек Каримуллаев Дж.Вердидің «Травиата» операсынан дуэт ұсынды. Төлеген Мұхамеджанов­тың «Отан» әнін оркестр мен колледж студенттік хорының сүйе­мел­деуінде Мырзабек Каримул­лаев шырқады. Есеп беру концерті Құрманғазының «Сарыарқасы­мен» жабылды.

 


Раушан.JPG
Раушан НҰРПЕЙІСОВА,
қобызшы, күйші,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– 1956 жылы жұбайым Сейілхан екеу­міз Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Атырау­ға бардық. Ол кезде Гурьев пен Маң­ғыстау бірге. Жан-жақтан мықты домбыра­шы­ларды жи­надық. Оркестр жүйемен ойнау керек, әр домбырашының домбыра бұрауы әртүрлі. Ол кезде автобус, ұшақ жоқ. Тауарлы пойызбен жүреміз. Маңғыс­тауға тікұшақпен барып, оркестерге өнерпаздарды іріктедік. Жасы үлкені – алпыста. 500 адамдық оркестр туралы естіген боларсыңдар, ол оркестрді біз ұйымдастырдық. Сол 500 адамнан кейін 100 адамға нота үйретіп, оның ішінен елуін таңдап алдық. 1958 жылы желтоқсанда Мәскеуде өтетін декадаға дайындадық.

Атыраудың балалары сұмдық талантты ғой, Нұртас Оңдасынов Ахмет Жұбановқа бұл өлкенің баласы мен кемпір-шалына дейін домбырашы, үйлерінде бірнеше домбыра ілулі тұрады депті. Оңдасыновтай адамдар қазір жоқ. Міне, сол Нұртас Оңдасыновтың ұйымдастыруымен Атырау музыка училищесін құрдық. Өзім тоқсанға келдім. Колледждің Атыраудағы концертіне жете алмадым. Нұр-Сұлтандағы концертінен қалмайын деп арнайы келдім.

 

Гулнар.JPG
Гүлнәр СӘДУАҚАСОВА,
«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық 
музыка академиясы» Атырау музыкалық 
колледж директоры:

– Алпыс жыл бұрын екі бөлмеде, он шақ­ты мұғаліммен ашылған колледж бүгінде қанатын кеңге жайды, үлкен ұжымға айналды. Өз ғимараты бар. Ел­басының бес әлеуметтік бас­та­ма жо­басы негізінде пайдалануға берілген жа­тақ­­ханасы бар. Бізде оқу да, жатақхана
да – тегін. Дарынды балалардың 91 пайызы ауылдан келеді. Ата-ананың да, студент­тің де алаңсыз оқуына барлық жағдай жа­салған. Ұлттық киімдермен және ұлт­тық аспаптармен толықтай қамтамасыз етілген. Шетелдік гастрольдерге жиі шығамыз, бұл өнерпаз бала­ларымызға жігер береді. Біздің балалар жан-жақты қамқорлықты да, жауапкершілікті де сезініп отыр. Оның айғағы, шәкірттеріміз – облыстық, республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпаздары.

Колледж түлектері жоғары оқу орындарына – Құрманғазы кон­серваториясына, «Шабыт» өнер университетіне оқуға түсіп, оны бі­ті­ріп өзімізге ұстаз болып оралып, ұрпақ сабақтастығын жалғас­ты­рып жа­тыр. Мамандарымыз еңбек нарығында сұранысқа ие. Респуб­лика­дағы музыкалық оқу орындары аттестация өткізетін болса, оқыту­шыларымызды комиссия құрамына алады. Бұл да біз үшін мәртебе.