Адал еңбекке – әділ құрмет
Адал еңбекке – әділ құрмет
455
оқылды
Ақ  халатты абзал жандардың еңбегі әркез ерең. Әсіресе әлемдік пандемия кезінде  медицина саласының мамандарының маңдай тері, коронавирус кеселімен күрестегі негізгі күшке айналды. Міне, осы бейбіт күннің батырларына Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филилалының  төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына орай арнайы құрмет көрсетілді. Nur Otan  партиясы Жамбыл облыстық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев, партия  Тараз қалалық филиалы «Салауат» бастауыш партия ұйымының төрағасы,  облыстық «Қан орталығының» директоры Гулам Умаров, «SANTO» фармацевтикалық компаниясының Жамбыл облысындағы ресми өкілі Хуснутдин Мусаев бастаған азаматтар ең әуелі «Жамбыл облыстық көп бейінді балалар ауруханасына» ат басын бұрып, күн-түн демей тер төгіп жатқан мекеме ұжымына бетперде мен тұрмыстық тауарлар тапсырды.  Сондай-ақ партия мүшелері Жамбыл облысының әкімі Бердібек Машбекұлының жылы лебізін жеткізіп, адал еңбектеріне алғыстарын білдірді. Аталған медициналық мекемеде бүгінде 170 маман жұмыс жасауда. 48 маман провизорлық қызмет көрсетуде. - Коронавирус індеті басталғаннан бері бұл мамандар  үй көзін көрмеуде. Мұндай ерлікті қалай  құрметтемейсіз? Бала-шағадан жырақта басын бәйгеге байлап жүргендері үшін бас иеміз. Тіпті араларында алыс аудандардан келіп, «елді емдеуге үлес қосамын» деген дәрігерлеріміз де бар. Қазір осында ауруға шалдыққан 130 науқас ем қабылдап жатыр. Құрметті ақ халатты абзал жандар, мерейлеріңіз өсіп, мәртебелеріңіз асқақтай берсін! Көп ұзамай  отбасыларыңыздың ортасына  оралғандарыңызды күтеміз. Аурудан аман, сырқаттан сау шығайық, - дейді партия  Жамбыл облыстық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев. Мырзатай ауылы маңындағы «Жамбыл облыстық мамандандырылған оңалту орталығы» да кеселмен күресте  өз үлесін қосуда. Партия мүшелері аталған емдеу мекемесіне де  бас сұқты. Мұндағы мамандарға да азық-түлік себеттері табыс етіліп, жұмыстарына жеміс тіледі. Иә, бұл сөз жоқ адал еңбекке деген әділ құрмет. Біз өз тарапымыздан өмір мен өлімнің арасында араша болып жүрген барша медицина саласының мамандарына амандық тілейміз. Туған-туыстарыңызбен қайта қауышатын күн ерте тусын!  

Саятхан Сатылғанов,

Жамбыл облысы