Өзбекстан – Қазақстанның үшінші сауда серіктесі
Өзбекстан – Қазақстанның үшінші сауда серіктесі
359
оқылды

Үкімет басшысы Асқар Мамин Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесіп, Ташкентте екіжақты ынтымақтастық бойынша Бірлескен үкіметаралық комиссия отырысына қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара іс-қимылдың барлық спектрлері бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

«Қазақстан Өзбекстанмен жан-жақты өзара тиімді байланыстарды кеңейтуді көздейді», – деп А. Мамин, бұған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиеев берік негізін қалаған, екі ел арасындағы соңғы жылдары қалыптасқан шынайы стратегиялық серіктестік ықпал ететінін атап өтті.

ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2019 жылғы сәуірде Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастығына елеулі қарқын берген маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді.

– Бізді ынтымақтастықтың барлық бағыттары, оның ішінде сауда-экономикалық саладағы бағыттар бойынша оң динамика қуантады. Біз стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделіміз, – деді Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиеев.

ҚР Премьер-Министрі көлік және транзит, инвестициялық ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы, энергетика, қорғаныс-өнеркәсіптік сала, цифрландыру, туризм, мәдени-гуманитарлық байланыстар саласындағы зор перспективаларды атап өтті.

Ташкентте Қазақстан Премьер-Министрі өзінің өзбек әріптесі А. Ариповпен ҚР мен ӨР арасындағы екіжақты ынтымақтастық бойынша XVIII Бірлескен үкіметаралық комиссия отырысына қатысты.

Комиссия отырысы екі елдің мемлекеттік органдарының басшылары мен бизнес қауымдастықтары өкілдерінің қатысуымен өтті.

«Өзбекстан – Қазақстанның үшінші сауда серіктесі», – деп Үкімет басшысы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

Өзбекстан Үкіметінің басшысы А. Арипов екі елдің бизнес құрылымдарының арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін алғашқы ҚР және ӨР Аймақаралық форумның және Орталық Азия экономикалық форумының маңыздылығын атап өтті.

Белсенді дамып келе жатқан тығыз байланыстардың көрсеткіші – ҚР мен ӨР арасындағы өзара сауданың өсуі: 2018 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы $3 млрд-қа жуық мөлшерге жетті. 2019 жылғы қаңтар-сәуір айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,8%-ға артып, $1,1 млрд құрады.

Тараптар Үкіметаралық комиссия қабылдаған шешімдер екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға салмақты үлес қосып, екі ел экономикасын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.


Отырысқа қатысушылар 2018 жылы «Қазақстандағы Өзбекстан жылының» табысты өткенін, сондай-ақ 2019 жылы «Өзбекстандағы Қазақстан жылын» өткізу бойынша Іс-шаралар жоспарын сапалы орындаудың маңыздылығын атап өтті.

Қазір Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 600-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 1 мыңнан астам кәсіпорын бар, оның ішінде 400-ден астамы – бірлескен кәсіпорындар.

Үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы $1,5 млрд-тан асатын 27 құжатқа қол қойылды. Келісімдер сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы салаларында, жеңіл өнеркәсіпте, фармацевтикада ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Отырыс қорытындысы бойынша Бірлескен Үкіметаралық комиссияның тең төрағалары Қазақстан Премьер-Министрі А. Мамин мен Өзбекстан Премьер-Министрі А. Арипов тиісті Хаттамаға қол қойды.