Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы жетіде өңірлік жастардың мәселесін жіті қарады. Аймақ басшысы сала мамандарының баяндамаларын тыңдап ғана қоймай, ел ертеңі саналған өрендерге қатысты өз ойын да ашып жеткізді. Ең алдымен Бердібек Машбекұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды көрсеткіштері мен бюджеттің орындалу мәселелері қаралған аппараттық кеңесте жастар мәселесіне айрақша басымдық берді.
- Біз жас мамандардың кадрлық резервін құруымыз керек. Мемлекеттік органдарда кадр тапшылығы байқалады. Басшылық лауазымдарға сол бір тұлғалар қайталанып тағайындала береді. Бұл жүйені жою керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саналы жастар Отанымыздың игілігі үшін тер төгуі тиістігін және оларды қолдау керектігін баса айтқан болатын, - деді облыс әкімі.
Артынша «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасының облыста орындалуына арналған басқосуда да жастар мәселесі күн тәртібіне көтерілді. Өткен жылдан бастап бағдарламаның үйлестірушісі болып табылатын Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, 2010 - 2019 жылдар аралығында 3603 жамбылдық бағдарлама қатысуға ниет білдірсе, олар жалпы көлемі 564,4 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алған. Оның ішінде 1814 маманға 5,2 миллиард теңге жеңілдетілген несие берілген. Мамандардың басым бөлігі білім беру саласында жұмысқа орналасқан десек, олардың саны – 1027, денсаулық сақтауда – 347, ауыл шаруашылығында – 119, мәдениетте – 51, спортта – 40, әлеуметтік қамсыздандыру саласында – 6 маман жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы 101 маманға 27,7 миллион теңге көтерме жәрдемақы, 10 азаматқа 38,4 миллион теңге көлемінде тұрғын үй несиесі берілген. Жалпы биыл «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасын іске асыру үшін 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.
Десе де, қаржыны алып, қайтара алмай жүрген жастар да аз емес.
Мәселен, 2019 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша 1814 маманның 652-і несие бойынша қарыз екендіктері анықталған. Алайда жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде 2020 жылдың 1 мамырындағы ақпарат бойынша борышкерлер саны 529 адамға қысқарған.
Осы ретте Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне жас мамандармен кездесулер өткізіп, олардың мәселелері мен өтініштерін тыңдап, оны шешу үшін жас буынмен бірлесе жұмыс жасауды тапсырды.
- Біз тек жұмыспен қамту мәселесін ғана қарастырмауымыз керек. Егер жастарды ауылда ұстап қалғымыз келсе, олар үшін мәдени демалыстар ұйымдастырып, спорттық ғимараттармен қамтуға тиіспіз, - деді Б. Сапарбаев.
Осы орайда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның ұсынысы аймақ басшысының сөзін қуаттай түсті. Жастардың көшбасшысы жергілікті атқарушы органдарға несиеге бөлінген қаржыны пайдаланып, қызметкерлер үшін тұрғын үй салуды ұсынды. Оның айтуынша, егер қызметтік пәтерлерді кейіннен сатып алуға мүмкіндік болатын болса, ол жастардың ауылда тұрақтауына көп септігін тигізбек.
Бердібек Сапарбаев бұл мәселе жан-жақты зерделенетіндігіне сендірді.