«Баршаға денсаулық» – маңызы зор конгресс
«Баршаға денсаулық» – маңызы зор конгресс
335
оқылды

Алматыда «Баршаға денсаулық» VI Халықаралық Конгресі өткізілді. Мақсат – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу және пациенттердің мұқтаждықтары айналысындағы барлық денсаулық сақтау қызметтерін біріктіру бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын және денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру.

Конгресс жұмысы денсаулық сақтау саласының кадрлық ресурсын дамытуға, әлеуметтік бейімді медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға негізделген тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру бойынша ұсыныстар беруге бағытталды. Қоғамдық денсаулық сақтау және клиникалық медицина, сондай-ақ мектеп медицинасы мәслелерін талқылауға Қазақстанның әр өңірінен 1000-ға жуық жетекші қазақстандық мамандар, практикалық дәрігерлер, денсаулық сақтау ұйымдастырушылары, ғылыми және педагогикалық қызметкерлер қатысты.

Конгрестің ашылу салтанатында сөз алған академик, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауретаты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Алматы декларациясы» атанған құжатты қабылдауға себепкер болған Төрегелді Шарманов осымен алтыншы рет өткізіліп отырған Конгрестің маңыздылығына тоқталды.

– Денсаулық сақтау саласын дамытуда, халықтың денсаулығын нығайту мен өлім-жітімді алдын алу мақсатында медико-санитарлық алғашқы көмектің маңыздылығы ерекше. Конференциядағы ұсыныстарды жүзеге асыру нәтижесінде дүниежүзінде адам денсаулығы айтарлықтай жақсарды. Сондықтан бұл шараның да маңызы өте зор. Өйткені қазір аурулардың алдын алып, оны емдеуге дейін жеткізбеу мәселесі күн тәртібіне шығып отыр, – деді Қазақ тағамтану академиясының және Профилактикалық медицина академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқарамасы басшысының орынбасары Жанар Мадеева шара барысында ДДСҰ Саламатты қалалар жобасына енген Алматы қаласының тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, ашылу салтанатында сөз алған «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің ректоры Алма Ауэзова қоғамдық денсаулық сақтау және тәжірибелік медицина мамандарының біліктілігін арттыру саласында университеттің жаңа бағдарламаларымен таныстырып, денсаулық сақтау саласының дамуына дәрігер-мамандардың білімі мен кәсіби дағдыларының үздіксіз шыңдалуының маңыздылығына тоқталды.  

Шара барысында денсаулық сақтау саласындағы заманауи технология жағдайында желідегі құпиялылықты қамтамасыз ету, пациенттермен өзара іс-қимыл жасау, медицинаны цифрландырудың халықаралық тәжірибесі сияқты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, цифрландыру дәуіріне медико-санитарлық алғашқы көмек дамыту қағидаттары мен мәселелері қозғалды. Атап айтқанда инфекциялық емес ауруларды алдын-алу, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту, ДДСҰ Саламатты қалалар жобасының маңыздылығы және тағы басқа түйіткілді мәселелер қаралды.