Ауызсуға зарыққан қаншама ел бар? Үйге кезегі жете алмай немесе сатып алар қаражаты жетпей мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырғандардың саны қанша? Шұрық тесік жолдар талайдың көлігін сындырды, ең ауыры осы жолдарда апаттан қаншама адамның өмірі қиылды. Осыны көріп отырып, қоғамның ең ауыр дерті жемқорлық болмаса қаншама мәселе шешілер еді деп қынжыласың!
Айтылар сөзіміздің тұздығы болсын, 2018 жылы елімізде 1 290 адам сыбайлас жемқорлықпен ұсталған. Оның ішінде 25 республикалық деңгейдегі, ал 91 облыстық деңгейдегі басшы бар. Бұған қоса 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген. Осының салдарынан мемлекетке 21 миллиард теңге залал келген. Дегенмен ол соманың 89 пайызы өндіріп алынды. Бірақ дәл уақытында жұмсалмаған қаржы кесірінен, жөнделмей жолдар, салынбай үйлер, тартылмай су құбыры қалды емес пе?!
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасы Алик Шпекбаев:
– Биыл осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, әсіресе, құқық қорғау және сот орындарындағы жемқорлықпен кешенді түрде күреспекпіз. Бұл мәселеге азаматтық қоғамды да тартып, әр анықталған деректі бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отырамыз. Ұлттық бюро мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің осындай әдістері ғана сараң және екіжүзді шенеуніктердің заңсыз баюына тойтарыс береді. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысы қауырт. Бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекет дамуын тежейтін кесел. Қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз, – дейді. Сенейік!
Ал енді осыны салаға бөліп, саралап көрейік. Өткен үш жыл ішінде бір ғана халықты ауызсумен қамтамасыз ету саласында 69 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Тергеу басқармасының бастығы Қанат Сүлейменов:
– 2016 жылдан бастап 2019 жылдың мамыр айына дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет халықты ауызсумен қамтамасыз ету саласында 69 сыбайлас жемқорлық қылмысын тіркеді. Осы салада мемлекетке келген залал – 1,8 миллиард теңге. 32 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 24-і сотталды. Талдау көрсеткендей, қылмыстың жартысынан астамын лауазымды тұлғалар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстар актілеріне жалған қол қою арқылы жасайды. Көбінесе бюджет қаражатын ұрлау (25), пара алу (14) және өкілеттікті асыра пайдалану (13) фактілері тіркелді, – дейді.
Мұның мысалы көп. Мәселен, Жамбыл облысында осы жылдың 14 маусымында «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ө.Мүсірәлиев аса ірі көлемде жалпы сомасы 706 миллион теңгені құрайтын бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушы бас бостандығы жазасын өтеп болғаннан кейін 3 жыл құрылыс саласында жұмыс істей алмайды. Бұл ақша мемлекеттің 100 пайыз қатысу үлесі бар «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамы үшін магистралды суағар құрылысын салуға арналған. Келтірілген залал толығымен өндірілген.
Маңғыстау облысында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты ауызсу сатып алуды субсидиялауға бөлінген 30 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Солтүстік Қазақстан облысы Соколов топтық су құбырын қайта жаңарту бойынша келісімшарт жасасу кезінде 60 миллион теңге сомасында пара алу фактісі бойынша Су ресурстары комитет төрағасына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Ауызсуға жете алмай жүрген халық көп. Сенген шенеунік қылғытуда. «Ұрланған 1,8 миллиард теңгеге қанша ауылды сумен қамтамасыз етуге болар еді» дейміз де қоямыз.
Жолға келсек те, жемқорлықтың иісі мұрынға келеді. Олай демеске амал жоқ! Өйткені жол құрылысына қатысты салада 3,5 жыл ішінде мемлекетке 2,7 миллиард теңге залал келген. Яғни, 100-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген.
– Қылмыстық жауапкершілікке 55 адам тартылса, оның 24-і бүгінгі күні сотталды. «Алматы жол зертханасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры параның жиырма еселенген сомасында, яғни 40 миллион теңге көлемінде жол салу кезінде материалдарды арзанырақ етіп өзгертуді келіскені үшін жалпы сомасы 2 миллион теңгеге пара алғаны үшін сотталды.
Павлодар облысында «Павлодар жол зертханасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы, «ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы филиалының директоры және оның орынбасарына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Аталған тұлғалар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Астана-Павлодар» және «Павлодар-Семей» жолдарын салу мен қайта жаңартуды жүзеге асыру барысында мердігерлік ұйымдардың өкілдерінен жүйелі түрде пара алып келген, – дейді Қанат Сүлейменов
Ағымдағы жылға көшсек, соңғы бес айда тергеу нәтижелері бойынша ҚІЖК-нің 200-бабы тәртібінде мемлекеттік органдарға қылмыстық құқықбұзушылық жасауға және басқа да заңбұзушылықтарға ықпал еткен жағдайларды жою бойынша 1 373 ұсыныс енгізілген. Олардың көпшілігі ішкі істер, әкімдік, білім беру, мемлекеттік кіріс мекемелеріне жіберілген. Қарау нәтижелері бойынша тәртіптік жауапкершілікке 557 мемлекеттік қызметкер тартылса, оның ішінде 76-сы жұмыстан шығарылған. Әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке 190 басшы тартылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жобаларын түзуде. Ілкімді болғай!