Ғылымы өркендемеген мемлекет дамуда артта қалады. Біліктілігі төмен адам еңбекақысы төмен қара жұмыстың қамытын сүйреуге мәжбүр болады. Ауқаты төмен отбасылар кедейшілік тауқыметін тартады. Ал ауызсу болмаса, адам ары кетсе, екі аптадай ғана өмір сүретіні белгілі.
Көрші Өзбекстан ауылдарын 98 пайызға ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Ал Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда 2011-2018 жылдары сумен қамтамасыз ету қалаларда 82%-дан 94,5%-ға дейін, ал ауылдарда 42,5%-дан 59,9%-ға дейін ғана өскен.
Өкінішке қарай, ауылдарды сумен қамтамасыз етудің ең аз көрсеткіші Павлодар (29,7%), Қостанай (31,4%) және Батыс Қазақстан (46,9%) облыстарында байқалып отыр.
Сарапшылардың байламынша, ауылдың толыққанды ауызсумен жабдықталмауына үш басты проблема – сапасыз жоба, сапасыз құрылыс және су жүйелерін сапасыз пайдалану болып отыр.
Әрине, бұл салада басқа да түйткілі терең мәселелер қордалануда. Олардың арасында су құбырларының жекеменшік иелерінің банкрот болуы не ауысуы; апаттың жоғары деңгейі; саладағы құбыр жүйелерін басқаратын және пайдаланатын мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуының төмен болуы; білікті мамандардың тапшылығы аталады. Бұдан бөлек, кәріз жүйелерінің, сорғы стансаларының, тазалау құрылыстарының тозуы лас сулардың фильтрлеу алаңдарына түсуіне және су сапасының ішуге жарамастай нашарлауына соқтырады. Су құбырларының иесіз болуы да өзекті мәселелердің қатарында қалды.
Аталған мәселелер мемлекеттің ұдайы назарында және «Ақ бұлақ», басқа да ауызсу бағдарламалары аясында азды-көпті шешілуде.
2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауда ауылдарды сумен қамтамасыз ету үшін жыл сайын кемінде 100 миллиард теңге қарастыру керек екені қадап айтылды. Көшбасшы партияның
XVIII съезінде Үкіметке осы мақсатта қосымша 140 миллиард теңге бөлу жөнінде тағы тапсырма берілді. Осылайша, қаржыландыру мәселесі де шешіліп келеді.
– Былтыр еліміз бойынша ауызсумен қамту көрсеткіші жоспардағы 58,6 пайыз орнына 60 пайызды құрағаны аз да болса көңіл толтырар еді. Алайда Есеп комитетінің бағалауы бойынша Үкіметтің бұл деректері шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені Ұлттық экономика министрлігі қолданып отырған әдістемеге сәйкес, орталықтандырылған сумен жабдықталған ауылдар санының көрсеткіші ауылдардың жалпы санына қатысты есептеледі. Ал Есеп комитеті қала халқы үшін осындай көрсеткішті есептеу кезінде қолданылатын әдістемені ауылға да пайдалану неғұрлым дұрыс болады деп санайды, – дейді Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің төрағасы Шавхат Өтемісов.
Үкімет ауылдардың сумен қамтамасыз етілуін қазіргі 60 пайыздан 2019 жыл соңында 62 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Алайда Ш.Өтемісовтың пайымдауынша, «мынадай қарқынмен еліміздің барлық ауылдарын сапалы сумен қамтамасыз ету үшін әлі 20 жылдай уақыт керек болады»! Осыған байланысты Үкімет ауызсу проблемасын шешу тәсілдерін түбегейлі өзгертіп, бұл жұмыстың қарқынын жеделдетуге тиіс.
Ауылдықтардың аузын таза суға жеткізу ісін тежейтін факторлардың бірі – олардың әлеуетін айқындау тетігінде болса керек. Мысалға, қазіргі кезде келешегі бар ауылдарды іріктеу жұмысы жүргізілуде. Қолданыстағы әдістемеге сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі бастапқыда Қазақстандағы 6,5 мың ауылдың 1 800-ге жуығын «перспективасы бар ауылдар» деп белгілеген.
Алайда Мәжіліс депутатының тұжырымдауынша, «іріктеудің қолданылып жүрген өлшемшарттарының объективтілігі күмән тудырады». Мысалы, Павлодар облысындағы Ақтоғай ауданының 610 адам тұратын Андриановка ауылы «жоғары әлеуеті бар ауылдар» қатарына кіріпті. Ал облыстағы Баянауыл ауданының 8 723 тұрғын мекен ететін Майқайың кентіне «орташа әлеует» қана берілген. Шығыс Қазақстан облысында Ұлан ауданының 602 адам тұратын Каменка ауылы «жоғары әулеті бар» санатқа жатқызылған, ал Аягөз ауданының 7 784 тұрғын өмір сүріп жатқан Ақтоғай кенті «әлеуеті орташа ғана ауылдар» қатарына тіркелген.
– Болашағы бар елдімекендерді анықтаудың осындай тәсілінің теріс әсері сол, 2019 жылдың нақтыланған республикалық бюджетін қалыптастыру кезінде «әлеуеті жоғары ауылдар тізбесіне енгізілмеген» деген сылтаумен көптеген елдімекендерге ауызсумен қамтуға қаражат бөлуден бас тартылды. Бұл мыңдаған ауыл тұрғындарының ауызсусыз қалғанын білдіреді. Сонымен бірге, қыруар бюджет қаражаты жұмсалып жаалған жобалау-сметалық құжаттамалар да өз өзектілігін жоғалтады, – дейді Шавхат Әнесұлы.
Әділін айту керек, Үкімет те қамсыз отырған жоқ. Ұлттық экономика министрлігі ауылдарды іріктеу өлшемшарттарының жаңа тәсілдерін әзірлеу шараларын қабылдауда. Бұл жерде жан-жақты ойластырылған тәсіл қажет. Өйткені осының салдарынан «даму перспективасы бар ауылдық елдімекендердің тізіміне» кірмей қалған ауылдардан қоныс аударудың жасанды толқынын тудыруға болмайтынын нақты түсіну керек. Әйтпесе, бұл қатарда шалғай елдімекендер көп болғандықтан, шекара жақтың жалаңаштанып қалу қаупі төнеді.
Бұл ретте іріктеу критерийлері ерекше рөл атқарады. Яғни, олардың қаншалықты сауатты ойластырылғаны өте маңызды. Шын мәнінде, осы өлшемшарттар арқылы Қазақстандағы ауылдардың болашақ келбеті мен тағдыры түзілетін болады. Сондықтан да бұл жеті рет өлшеп, бір рет кесуді қажет ететін мәселе.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2011-2019 жылдар аралығында «Өңірлерді дамыту – 2020» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары аясында ауызсумен жабдықтау бойынша 2 668 жобаны іске асыруға 850 миллиард теңге шығындалған. Оның ішінде 2 426 жобаға бюджеттен 715 млрд теңге жұмсалыпты. Қалған 236 жобаға секторды коммерцияландыру аясында жеке инвесторлар 135 млрд теңге салды.
Нәтижесінде, 29 мың шақырым су құбыры жаңадан тартылған және қалпына келтірілген.
–Бұл республика бойынша су құбыры желілерінің тозуын 52%-ға дейін, кәріз желілерінде – 57%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. 2025 жылға қарай ауылдардың 80%-ын және қалаларда 100%-ын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда, ел бойынша барлық халықтың 90,2 пайызы немесе 16,5 млн адам орталықтандырылған суға қол жеткізе алады, оның ішінде қалаларда – 10 млн адам, ауылдарда – 6,5 млн адам, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр Роман Скляр.
Оның айтуынша, «Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» ауылдарды орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші әзірге ауылдықтар саны емес, ауыл саны бойынша есептеледі. Тиісінше, статистика да соған сай жүргізіледі. Ресми дерекке жүгінсек, қазір 6 499 ауылдың 3 892-сі орталықтандырылған суды пайдаланады. 1,2 миллион адам тұратын 2 607 ауылда таза ауызсу үйлерге келмеген.
Сонда ол ауыл суды қайдан ішуде? 19 ауыл суды тазарту құрылғыларын қолдануға мәжбүр. 53 ауыл суды тазартудың кешенді блок-модульдерін пайдаланады. 2 409 ауыл «оқшауланған су көздері» деп аталатындардан, яғни құдықтардан, жерасты ұңғымаларынан су тартады немесе таяудағы көлден тасиды. Бұған қоса, 126 ауыл кеңес кезіндегідей, судың «водовозбен», автоцистерналармен жеткізілуін күтіп, солардың жолына қарайлаумен жүр. Тіпті кейбір ауылдарда теміржол арқылы су тасымалданады.
Министр осы «су тасымалданатын ауылдар» бойынша жобаларды қаржыландыруға басымдық берілетінін мәлім етті. Осыған байланысты әкімдіктерге аталған елдімекендерді сумен жабдықтау көздерін анықтау бойынша іздеу-барлау жұмысын жүргізуді тездету жүктелген.
Р.Скляр осы сектордағы тағы бір проблемаға назар аудартты: ауылдардағы жобалардың құны халық пен ғимараттардың (абоненттердің) тығыздығына байланысты. Салдарынан, халқы аз жерлердегі тұтынушыларға көбірек жүктеме түседі. Мысалы, Қостанай облысындағы Ершовка ауылында құны 1,5 млрд теңге болатын су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Алайда ғимараттардың тығыздығы төмен болғандықтан, шығын орташа есеппен бір адамға 1,6 миллион теңгеден келеді. Бұл түпкі тарифтің қымбат болуына ықпал етуі ықтимал. Салыстыру үшін айтсақ, халық тығыз қоныстанған ауылдарда 1 адамға 400-600 мың теңгеден болады.
Министрлік сумен қамтамасыз етілмеген ауылдардағы халықтың тығыздығына талдау жасапты. Анықталғанындай, тұрғындардың ең көп саны – шамамен 642 мың адам небәрі 239 ауылда шоғырланған екен. Әкімдіктер енді бірінші кезекте, дәл осы ауылдар бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлейді және қаржыландыру үшін министрлікке ұсынады деп күтілуде. Бұл халық саны бойынша ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішін айтарлықтай көркейтпек.
Сонымен қатар сумен қамтылмаған ауылдың жартысынан астамында немесе 1 333 ауылда халықтың саны 200 адамнан аз (жалпы саны шамамен 115 мың адам). Министрлік бөлінетін қаражаттың экономикалық тиімділігін арттыру үшін мұндай ауылдарда «жергілікті бюджет есебінен суды тазарту кешендерін орнатуды» ұсынады.
Қалай болғанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөзінде ауылды дамытуға жеке назар аударды. Бұл реттегі ең бір өзекті мәселе – ауыл тұрғындарын ауызсумен қамту болып отыр. Осы міндетке ел басшылығының өзі енді баса мән береді. Өйткені бұл азаматтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасына ықпал ететін басты факторлардың бірі.