Адам ішкі ниеті мен жүрек сөзі үндескенде ғана батыр болады. Ары қарайғы ерлік – сынақ. Сенің еліңе деген, қызметіңе деген махаббатың қиындықта сыналады. Ғазиз Байтасов елдік үшін жан беріп, қызмет жолында үлгі көрсеткен жан.
Қаһарман
Ерлік пен өрліктің хас үлгісін көрсеткен батырларды мадақтау, олардың алдында бас иіп, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың да бұлжымас парызы. Бүгінгі тыныш өміріміз, тәуелсіздігіміз осындай батырлық пен өрліктің белгісіндей болған батырлардың ерен еңбегі деп білеміз. Бейбіт күннің әр сәтін бағалау қажетін бәріміз сезінуіміз керек.
Бұл күндері қазақстандық полиция қызметтік міндетті атқару барысында 700-дей қызметкерінен айырылды. Қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жан тәсілім еткен полиция қызметкерлерінің есімдері мәңгілік жадымызда сақталады.
Соның ішінде, 2011 жылдың қарашасында қандықол лаңкесті тоқтату барысында қаза болған, халқының тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен жерлесіміз, Қазақстанның Халық Қаһарманы атағына ие болған бірегей полицей Ғазиз Байтасовтың да ерлігі тарихқа алтын әріппен жазылды. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» екенін тағы да дәлелдеген батырдың жанқиярлығы талай жүрекке от тастап, намыс найзағайын ойнататыны шындық.
Шын батыр сын үстінде танылады. Батылдық, отансүйгіштік, ұстамдылық, табандылық, қайсарлық – нағыз батырдың қасиеті. Өлім қаупі төнсе де, рухын жоғары ұстап, басына төнген қауіптен жалтармай, қоғамдық мәнді мақсаттарды негізгі борышым деп есептеген Ғазиз Байтасов басшылық тарапынан 25 рет марапатқа ие болып, қалтқысыз қызметі үшін медальдармен марапатталды. Елін сүйген ер есімі – мәңгілік ел есінде.
Аз ғана ғұмырында асқан ерлігімен отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің биік өлшемін көрсеткен қаһарман жерлесіміздің ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі екені даусыз. Жылдар өткен сайын батырдың бейнесі ұлғая түседі. Қаза болған бес жыл ішінде Ғазиз Байтасовтың есімі кеңбайтақ елімізге аңыз болды, ерліктің, өрліктің белгісі болып тарихқа енді. Ерлігімен қазақстандық полицейлердің абыройын асқақтатып, тыныштық сақшыларына халық сенімін ұялатты.
«Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» демекші, ел абыройын бұлқынған намыс пен жұлқынған жігермен ақтық демі қалғанша қорғаған Ғазиз Байтасовтай қаһарманның бейнесі жадымызда жаңғырып, оның бойындағы отаншылдық сезім қазіргі сапта тұрған жамбылдық полицейлерге қолдау көрсетіп тұрғандай. Бұл күндері жалпы тәртіпті, әділдікті, қоғамның тыныштық күзетінде қызмет етіп, жабырқаған жандарға медет болған, қиналғандарға қорған болған сақшылардың еңбегі зор.
Заңның жүзеге асуын, қылмыстының құрықталып, жазаға тартылуын қамтамасыз ететін құқық қорғау органдары қызметкерлеріне артылатын жауапкершілік жүгі ауыр. Қарапайым адам полиция қызметкері бола алмайды. Бейбіт өмірдің тыныштығын бұзған лаңкестерді құрықтау барысында арыстай азаматтарымыз көз жұмды.
Ішкі және сыртқы тұрақтылығымыз нығаймаса, әлсіреген жоқ. Осы жолда біліміміз бен білігімізді, қайратымыз бен қабілетімізді, қажет болса қанымыз бен жанымызды аямай жұмсаймыз.
Елімізде бейбітшілік болсын, ел ішіндегі бірлік пен ұйыған татулықтың баяндылығын мақсат тұтқан айбынды азаматтарымыз аман болсын. Қыран қанатын құлаштаған көк байрағымыз желбіреп, тұғырымыз биіктеп, мәртебеміз марқ
ая берсін!
Құрмет
Ішкі істер министрлігі мен Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің бастамасымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халық Қаһарманы Ғ.Байтасовқа арналған аудитория ашылды.
Жамбыл облысы Полиция департаменті басшылығының бастамасымен және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен Заң факультеті аудиторияларының біріне Ғ.Байтасов есімі берілді. Қазір ҚазҰУ қабырғасында оның ұлы Арманжан жоғары білім алып жатыр.
Салтанатты іс-шараға Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, Генералдар кеңесінің төрағасы полиция генерал-майоры Рүстем Қайдаров, Жамбыл облысы Полиция департаментінің және ҚазҰУ Заң факультетінің қызметкерлері, сондай-ақ Ғазиз Байтасовтың отбасы мүшелері мен туыстары қатысты.
Іс-шараны Жамбыл облыстық Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Гүлмира Қойшыбаева жүргізіп, батырдың ерлігіне тоқталып өтті.
Генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров, сондай-ақ Ғ.Байтасовтың ағасы Үсіпәлі Қалиев сөз сөйлеп, Байтасовтың ерлік істері мен батылдығы туралы, азаматтардың өмірін құтқару үшін өз өмірін құрбан еткен ерлерді ешқашан ұмытпауымыз керек екенін айтты. Олар осы университет түлектерінің Отанға адал және кәсіби қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде лайықты еңбек ететініне сенім білдірді. Өз кезегінде батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиева Ғазизді ұмытпай, есімін құрмет тұтып жүрген барша ІІО қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Жиналғандар 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласындағы полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі суреттелген деректі фильмді тамашалады.
Ерлік – ұмытылмайтын ұғым. Ал оған патриотизм мен адалдық элексирі қосылса, халық естен шығармайды. Бүгінгі жасқа, ертеңгі ұрпаққа үлгі етеді, ұлықтайды. Ғазиз Байтасовтың ерлік шырағданы елі үшін сөнбек емес.
Айбике ЖАНАСЫЛ