Тұтыну себеті қашан тойдырады?

Тұтыну себеті қашан тойдырады?

Ресми статистика де­рек­­те­рі Қазақстанның тұ­ты­ну себе­тінің (корзина) құны 1997 жылдан бері жеті есе өскенін айтады. Десе де, қағаздағы есеп пен күн­делікті өмірдегі көр­­сет­кіш арасында айыр­ма көп. Есе­леп көбейген себет толы өнімнің күн­кө­ріс­­ке то­лық жетіп, аузы­мыз­­дан ақ май ағызып отыр­мағаны анық. Тұтыну се­бетінің құны қа­лай есеп­те­леді және оның ішіне не кіреді? Жалпы, тұтыну себетіне адамға ең қажетті тауарлар мен қызметтер жиынтығы кіреді. Оның тізімін түзгенде алдымен күнделікті ішіп-жемге керек азық түрі, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызмет құны, көлік және де басқа да қыз­мет ақысы есептеледі. Яғни, тұты­ну себеті ең төменгі күнкөріс деңгейімен шамалас. Еске сала ке­тейік, ең төменгі күнкөріс дең­гейі 2020 жылдың1 сәуірінде 32 668 теңге болды. Әдетте, ең төменгі күнкөріс деңгейін ең төменгі айлық көрсет­кі­шімен шатастыру жағдайы жиі кездеседі. Рас, екеуі де бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, бөлек ұғымды білдіреді. Төменгі жалақы мөлшері (2020 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 42 500 теңге) ең алдымен жұмыс істеп жүрген жандарға есептелсе, төменгі күнкөріс деңгейі сол мем­ле­кетте өмір сүріп жатқан барлық жан басына шаққандағы есеп. Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу тәртібі Қазақстан Конституциясының «Ең төмен күнкөріс деңгейі туралы заңы бо­йынша жүзеге асырылады. Заң­на­маға сәйкес, жұмыс беруші өзінің қызметкеріне ең төменгі айлық пен ең төменгі күнкөріс мөл­шерінен аз жалақы төлеуге құқы жоқ. Айта кететін мәселе, ең төмен­гі күнкөрістің деңгейі әр өңірде әр­түрлі түзіледі. Мәселен, 2019 жылы әдеттегідей Маңғыстау облысы алда болды – 39 400 теңге. Одан кейін төменгі күнкөріс дең­гейі жөнінен Нұр-Сұлтан (37 700 теңге) мен Алматы (35 200 тең­­ге) қалалары үштікті түйіндеді. Биылғы ақпан айындағы көр­сет­кіш – Маңғыстау облысы (35,7 мың теңге), Нұр-Сұлтан (34,1 мың теңге) және Алматы (33,4 мың теңге) болса, ең төмені – Павлодар облысы (26,3 мың теңге) мен БҚО (26,9 мың теңге). Тұтыну себетіндегі тауар­лардың қымбаттауы Ақтөбе мен Алма­ты облысында  және ШҚО-да  тір­келді. Жоғарыда 1997 жылдан бері тұтыну себеті жеті есе өскенін айттық. Мәселен, дәл сол жылы себет ішіндегі өнімнің жиынтық құны 3,5 мың теңге (46,5 доллар) бол­ыпты. Ал себеттің ішіндегі өнім мен тауар 20-ға жуық ата­лым­­нан аспаған. Қазіргі күні аталым саны 43-ке жетіп, жиын­тық құны 31 мың теңгеден асып отыр. Ресми статистикадағы «жеті есе өсім» осы. Негізі, тұтыну се­бетінің минималды көр­сет­­кіші ай сайын аз да болса өз­ге­ріске ұшырайды. Себебі әр ай­дағы немесе тоқсандағы ин­фля­­ция мен баға саясатының құбы­луы осыған әкеледі. Осыған байланысты арнайы органдар сауда желісіндегі ең көп сатылған, ең көп тұтынылған өнімдердің орташа бағасын есептей келе оның нормасын түзеді.  

СЕБЕТТІҢ ІШІНДЕ НЕ БАР? 

Сонымен тұтыну себетіндегі азық-түлік тізіміне үңілсек, 35%-ы ет және балық өнімдері екенін бай­қаймыз. Яғни, жан басына шақ­қанда жылына 15 келі сиыр еті есептелген. Көкөніс пен жемістің бір адам­ға шаққандағы жылдық тұты­ну көрсеткіші: орамжапырақ – 25 кг, сәбіз – 20 кг, пияз – 20 кг, қияр – 5 кг, қызанақ – 5 кг, қызылша – 5 кг, қар­быз – 10 кг, алма және өзге де бал­ғын жемістер – 25 кг, жидек (жү­зім, құлпынай, тағы басқалар) – 4,5 кг, кепкен жеміс – 0,5 кг. Тұтыну себетіндегі үлестің үл­кен бөлігін картоп (95 кг) пен сүт өнімдері (84 кг) құрайды. Яғни, жан басына шаққанда жылына осы көлем бекітілген.  Одан басқа, 142 дана жұмыртқа, ас тұзы – 2,19 кг, ашытқы – 0,05 кг және шай – 0,67 кг, тағы басқалар. Демек, тұтыну себетіндегі осы аталған өнімдерге жетерлік қара­жа­тыңыз болса, аштан өлмеуіңізге кепілдік бар. Бұл – біздің емес, осы­ны түзген органдардың па­йымы. Себеттің ішіндегі жиын­­тық азыққа орай, біздегі тәулік­тік норма – 1 200-ден 1 500 ки­ло­калорий деп есептелген. Алай­да бұл – аз. Мамандар адам тойып та­мақ жеу үшін тәулігіне кем де­генде 2 000 килокалорий ке­рек екенін айтады. Кейбір де­рек­­­терде Екінші дүниежүзілік со­ғыс уақытында Германияның тұт­қындарға беретін нормасы 2 500 килокалорияға жеткені жазыл­ға­нын ескерсек, ар жағын өзіңіз шамалай беріңіз. Қазақстанның азық-түлік себеті мен ең төменгі күнкөріс дең­гейі бойынша көрсеткіші сын кө­термейді. Бұл туралы сарап­шы­лар мен қатардағы азаматтар да біраз жылдан бері айтып ке­­ле­ді. Диетологтар себеттегі азық тізімнен күріш пен ұнтақ жар­масын алып тастап, жемісті көбейтуді (орташа статистика нормасына орай адам күніне 1 келі жеміс жеуі керек) ұсына­ды. Сондай-ақ еттің көлемін қыс­­қар­тып, орнына бұршақ да­қыл­­дарын қосу керек. Осылай­ша, себеттің құнын қазіргіден 1,5-2 есе арттыру қажет деп са­най­ды. Біраз уақыт бұрын Парламент депутаты Айқын Қоңыров бүгінгі күні қоғамды алаңдатып отырған негізгі мәселе халықтың кірісінің төмендеуі екенін мәлімдеген. «Біздің азаматтарымыздың елеулі бөлігі кедейшілік жағдайда өмір сүріп жатыр, тіпті жұмыс істеп жүргендерінің көбінің тұрмысы төмен. Яғни, «жұмысы бар кедей­лер» саны артып келеді» деп атап көрсеткен болатын. Мәжілісмен кедейлік шегін анықтап, төменгі күн­көріс деңгейін әлемдік стан­дарт бойынша қайта есептеп шығуды ұсынады. Өткенге қарасақ, кеңестік кезеңде республикамызда тұтыну себеті 239 тауар және қызмет түрінен құралыпты. Мысалы, ол кезде бір адамға күніне 1 литр сүттен есептелген болса, қазір ста­қан­мен шектеледі. Жеміс бо­йынша алсақ, кеңестік стан­дарт­та күніне жейтін жеміс 300 грамнан кем болмауы тиіс болса, қазір – 80 грамм мөлшерінде.  

ШЕТЕЛДЕ ҚАНДАЙ?

Кеңестік көрсеткішті қоя тұрып, бүгінгі өлшеммен қарасақ, Қазақстанның азық-түлік себеті Ресейдің себетінен екі есе жұпы­ны, ал Еуропа елдерінен үш-төрт есе төмен екенін байқаймыз. РФ-да тұтыну себетіндегі тауар мен қызмет түрінің жалпы саны – 156. Ал АҚШ-тың «себеті» 300 тауар мен қызмет түрінен құралса, Фран­цияда – 250, Ұлыбританияда – 350, Германияда – 475. Бұл цифр­ларды тарқатып айтар бол­сақ, кісі қызығарлықтай тізім шығады. Мысалға, Германияда себетке кіретін тауарлар мен қыз­мет түрін тұрғындардың өзде­рі тізіп, бес жыл сайын түзету ен­гі­зіп тұрады екен. Бес жыл сайын федералды статистика қыз­меті 60 мың отбасына сұрау салып, себеттің құрамын қалып­тас­ты­ра­ды. Немістің тұтыну себетіне балабақша қызметінің құнынан бөлек, қарттар үйіндегі күтімге, емделуге деген қызмет түрлері қосылған. Ал америкалықтарға арнал­ған себеттің шығыны, негізінен дема­лысқа, білім алуға, тұр­мыс­тық техника мен киім, пәтера­қы, мобильді байланыс пен интер­нетке, көлік жөндеуге және жеке бас гигиенасына арналған құрал­дарға негізделген. Яғни, тек тамақ емес, жаныңызға қа­жетті дүниені түгендеген. Тіпті, себеттің ішіне «не сала­мыз­ға» келгенде, әр ха­лықтың «тә­бе­тінен» бөлек, та­ным-түсі­нігі де ескерілетіндей. Яғни, ұлы­бри­таниялықтардың тұтыну се­бетіне шоколад, ақ­қай­нар, сыра, тапсырыспен әке­летін дайын тағам, МР3 ойнатқышына шейін қосылған болса, фран­цуз­дар­да сән салондарына кіру мен кос­метикалық бұйымдар сатып алу, сондай-ақ үйдегі ит пен мы­сық­тың тамағы да кіргізілген. Тұтыну себетінің «тоқ» болуы сол елдегі экономикалық жағдай, ұлттық валюта құны,тауарлар ба­ға­­сының тұрақтылығына бай­ла­нысты. Әсіресе, төменгі күн­көріс деңгейіне келгенде олардың рөлі үлкен. Мысалы, Австралияда ең төменгі күнкөріс шамамен 600 австра­лия долларына тең, ал ең төменгі айлық көлемі 650 дол­лар­дан сәл ғана асады.   Түйін:   Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің сөзінше, Қазақ­стан­ның ең төменгі күнкөріс дең­гейі бес түрлі әлеуметтік төлем­ге негізделген. Ол – базалық зей­нет­ақы төлемі, мүгедектігіне байла­ныс­ты әлеуметтік жәрдемақы, асы­раушысынан айырылуына байланысты төлем, мүгедек бала­лардың күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы және АӘК. Бұл бес атаулы төлемге бюд­жет­­­тен бөлінетін бір жылдық қа­ра­жат көлемі 1,3 трлн теңгені құ­­райды. Аз ақша емес, әрине. Осын­дай жағдайда тұтыну себетін «тол­тыру» қаншалықты жүзеге асуы мүмкін? Әзірге министрлік 2016-2017 жылдардағы зерттеу не­гі­зінде себеттегі атауларды 43-тен 51-ге көбейтуге болатынын айтып отыр. Осылайша, Қазақстан Үкіметі де тұтыну себетіндегі тауарлар мен қызмет түрлерін қайта қарауға бейіл екенін байқатты. Одан басқа жол да жоқ. Өйткені қазіргі күні қазақстандықтарды суицидке, ажырасуға итермелейтін көп себептің бірі кедейлік екені анық.    

Бауыржан БАЗАР