Алматы құшағына екі миллионға жуық халықты еркін сыйғызып жатқан, қаржы айналымы елдегі ең үлкен ресурсты ортаны құрайтын аса ірі шаһар болғандықтан күнделікті мегаполиске ат басын тірейтін көліктердің де саны көп. Тәртіп сақшылары, әсіресе, ауыр жүк тиеген автокөліктерді жіті қадағалап, олардың автомобиль жолына зиян келтірмеуін, шамадан тыс жүк тиеп жол бойында қауіпті жағдай тудырмауын қатаң бақылайды.
Осыған орай, Алматы қалалық көліктік бақылау инспекциясында 19 маусым күні «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалының өкілдері, Жетісу көлік прокуратурасы және қалалық мобилдік басқармасының өкілдері бас қосып, жалпыға ортақ автомобиль жолдарындағы ауыр салмақты инертті жүк тасымалдарын жүзеге асыратын автокөлік құралдарына бақылау жүргізу мәселесін талқылады. Жиын қорытындысы бойынша қолға алынатын бастамалар көкөніс және жеміс-жидек тасымалдайтын жүк көліктерінің біраз түйткілдерін шешпек. Жол бойында жүкті бекітілген параметрден асыра тиеп алатын жүргізуші көп көрінеді. Ондайлар жеке бастың пайдасын ойлаймын деп, тасжол мен жан-жағындағы жүргіншілерге орасан қауіп төндіріп келе жатқанын да түйсінуі тиіс екен.
Жиында осы мәселелерді шешу жағы баса айтылып, ол үшін арнайы телефон жұмыс істейтінін де жария етті. Қазіргі таңда ауыр салмақты көліктерге байланысты көлік комитетінің ахуалдық орталығы жұмыс істейді. Яғни, ол жердегі +7 708 0880 800 телефон нөмірі тәуліктің кез келген уақытында қоңырау қабылдауға дайын. Сондай-ақ аталған нөмірге WhatsАpp және Telegram қосымшасы арқылы да хабарлама жолдауға болады. Халық пен инфрақұрылымға жаны ашитын азаматтар ереже бұзушылық көрген жағдайда осы нөмірге хабарласқаны абзал дейді инспекция қызметкерлері.
– Егер азаматтар ауыр салмақты карьер автокөліктерін көрген жағдайда – жолдың атауын, шақырымын, жақын жерде қандай елдімекен бар екенін және мүмкіндік болса көлік нөмірін фото немесе видео түрінде түсіріп аталған нөмірге жолдауы тиіс. Бұдан кейін көлік комитеті ауыр жүк тасимын деп жолды құртатын көлік иелеріне тиісті шараларды қолданатын болады, – дейді Алматы қалалық көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Хамитбек Петрәлиев.
Осыған байланысты елімізде уақытша шектеулер енгізілген болатын. Ол бойынша 1 маусым мен 15 тамыз және 1 маусым мен 31 тамыз аралығын қамтыды. Бұл жерде шектеу уақыттары оңтүстік және солтүстік климаттық белдеулеріне байланысты енгізілген. Көліктік инспекция алдағы уақытта да жол және жүк көліктері қауіпсіздігін басты назарда ұстамақ.