Қазақстандық үлес 12 пайыз ғана
Алдағы уақытта фармацевтика мен медицина өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру міндеті Денсаулық сақтау министрлігіне берілетін болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҮҰСК отырысында осындай мәлімдеме жасады. – Пандемия кезінде елімізді дәрі-дәрмекпен және медициналық өнімдермен қамтамасыз ету ісінің олқылықтары анықталды. Біз импортқа тым тәуелдіміз. Шетелден келетін дәрілердің нарықтағы үлесі 88 пайызға жуық. Фармакологиялық зерттеулер жүргізу үшін тәжірибеміз жеткілікті. Ғылыми база да, білікті мамандар да бар. Сондықтан Үкімет дәрі-дәрмек индустриясының біртұтас жүйесін құруы қажет. Мұнда зерттеу жүргізуден бастап өнеркәсіптік деңгейге дейінгі үдерістер қамтылуы тиіс. Фармацевтика саласындағы саясат ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, озық технологияларды тартуға және импортты алмастыруға бағытталғаны жөн. Бұл саладағы дау-дамай бұдан үш жыл бұрын айтылған болатын...Даудың басы...
Қазақстандағы фармацевтика дауы 2017 жылы ақпан айындағы Елбасы Н.Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сөзінен басталды десек те болады. Жиында Елбасы: – «СК-Фармация» компаниясын алайық. Қазір бұл салаға бизнесмендер келіп жатыр. Олар дәрі-дәрмек шығаратын фабрикалар салғысы келеді. Бірақ оларды бұл салаға жолатпай отыр. Жер телімдері мен тапсырыстарды ала алмай жүр. Себебі шет мемлекеттермен келісімшарт жасасқан. «СК-Фармация» отандық фармацевтика саласын дамытуға құлықсыз. Біз осыны жөнге келтіре аламыз ба? «СК-Фармацияда» кім отыр? Барлығын қуып шық. Орнына жаңа адамдарды қой да, қаржының қайда кетіп жатқанын анықта. Неге олар осылай істеп отыр? Жаңа адамдар ал. Мұны айтқаныма бірнеше жыл болды. Бірақ нәтиже жоқ. Орнынан мүлдем қозғалмайтын белгісіз азаматтар отыр. Оларды кім қолдап отыр? Осы үшін Елжан Біртанов жауап береді, – деген болатын. Сол уақытта сең қозғалып, «СК-Фармация» компаниясы мен «КазСибФармацея» компаниясының жетекшілері мемлекеттен кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында дәрі-дәрмек сатып алуға бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Компания басшысы Максим Касаткин тендер кезінде «КазСибФармацея» компаниясының мүддесі үшін басқа бәсекелестердің өтініштерін қайтарып тастап отырғаны белгілі болды. «КазСибФармацея» компаниясы дәрі-дәрмектерді Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ең жоғарғы 15 пайыздық көтерме бағадан қымбатқа сатқаны дәлелденді. Олардың 2015 жылдан бастап 1,8 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырғаны анықталды.Баға аспандап тұр
Дегенмен жыл өтпей жатып «СК-Фармация» тағы да сөзге қалды. Бұл жолы іс Парламентте қаралды. 2018 жылы ақпанда Мәжіліс депутаты Г.Бижанова: – Фармацевтика саласындағы бағалар тіптен аспандап кеткен. Мысалы, қатерлі ісік ауруына қарсы қолданатын фазладекс дәрісі Түркияның дәріханаларында біздің валютаға шаққанда 61 982 теңге тұрады екен. «СК-Фармация» осы дәріні 205 275 теңгеге сатып алып, ол біздің дәріханаларда 298 996 теңгеге саудаланады. Сонда бұл дәрі өзінің о бастағы бағасынан 482 пайызға қымбаттап отыр деген сөз. Кейбір дәрілер өз бағасынан 550 пайызға дейін қымбат сатылады. Өйткені осы тауар белгісінің иелері дәрі-дәрмекті басқа елдерге қарағанда Қазақстанға өте қымбат сатуға дағдыланып алған. Бәлкім, о баста ақшаның бетіне қарамай қымбатқа сатып алып, дәніктіріп қойған өзіміз болармыз? – деген болатын. Иә, осыдан барып, біздегі дәрі-дәрмекті жеткізу саласындағылар шетелдік өндірушілерге неге үйір болатынына көз жеткізе түскендейміз.Карантинде тағы да сүрінді
Сонымен бірге пандемия кесірінен шетелден дәрі-дәрмек асыруға мүмкіндік болмай қалғанда, едәуір қиыншылық туындағаны да рас. «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп: – Үндістан сәуір айында шекарасын жапты. Салдарынан осы айдың басынан бастап қиындық туды. Дәл қазір мәселе қордағы дәрі-дәрмек арқылы шешіліп жатыр, – дейді. Иә, карантин созылып, шекара ашылмаса, жағдай қиындай түсетіні де ақиқат. Еліміздегі карантин уақытында шетелдерден келген гуманитарлық көмек әжептәуір сеп болғаны анық. Мысалы, «СК-Фармация» ЖШС АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінен гуманитарлық көмек қабылдаған екен. Бұл туралы Берік Шәріп: – Гуманитарлық көмек дене қызуын өлшейтін термометр, перометр сияқты құралдар, медициналық бетперде, бір рет қолданылатын қорғаныш киімдері түрінде ұсынылды. 42 450 дана бір рет қолданылатын қорғаныш киімдерін медициналық мекемелерге жеткіздік. 320 мың медициналық бетперде мемлекеттік мекемелерге таратылды, – дейді. Анығында, гуманитарлық көмек бұл тығырықтан шығар жол емес...Отандық фармацевтика әл үстінде
Айта кету керек, отандық фармацевтика өнімдерінің тең жартысын емдеу мекемелеріне жеткізу «СК-Фармация» ЖШС мойнында. Отандық өндіріске емес, шетелдік делдалдарға ақша шашқанды жақсы көретін серіктестіктің жұмысы әлі қалыпқа келмегені қынжылтады. Өйткені 2019 жылы сатып алынған отандық өнімнің көлемі 40 пайызға азайып кеткен. Енді табысы аз болғандықтан, 2020 жылы дәрі-дәрмек өндірісі 20 пайызға, осы іспен айналысатын кәсіпорындардың жұмысшылары 30 пайызға қысқаруы мүмкін. Қалай айтсақ та, отандық фармацевтикаға деген осындай көзқарастан кейін бұл саладағы кәсіпорындар бәсекелестікке шыдай алмай, жұмыстарын ақсатып алғалы тұр. Түйін:Ресми деректерге жүгінсек, 2018 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында елімізге сырт мемлекеттен 21,7 мың тонна медициналық препарат жеткізіліпті. Сол үшін еліміз экспорттаушыларға 819,4 млн доллар төлеген. Ресей 70,9 млн долларға 6,4 мың тонна дәрі-дәрмегін саудалады. Қытайлықтардан 2,6 мың тонна дәрі 9 млн долларға сатып алдық. Германиядан жеткізілген 2,1 мың тонна медициналық препаратқа 161,1 млн доллар кетті. Ал Үндістан біздің елге 1,6 мың тонна дәріні 62,8 млн долларға өткізді. Осы сырттан қымбатқа сатып алып жатқан дәрі-дәрмектердің 90 пайызының шикізаты Қазақстанда бар. Бір реттік медициналық бетпердеге де зәруміз. Оны тігетін өнім де өзімізде жеткілікті. Олай болса, ішкі сұранысты отандық өндірушілер есебінен қамтамасыз етпесек, миллиардтаған қаржы шетел аса берері хақ.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ