Індетті жеңген дәрігер: Көп адам вирусқа сенбейді
Індетті жеңген дәрігер: Көп адам вирусқа сенбейді
549
оқылды
Елімізде COVID-19 жұқтырғандардың саны 9,5 мыңнан асты. Соның 50 пайызға жуығы емделіп шыққан екен. Дегенмен қоғам арасында коронавирустың барына күмән келтірушілер көп. Яғни, кейбір адамдар «вирус жоқ» дегендей қауесет таратып жүр. Оған себеп те бар, жұрт індетпен ауырған танысының жоғын алға тартады. Осыған орай, біз вирус жұқтырып, қайта сауыққан азаматпен сұхбаттасқан едік. Аурудың қалай әсер ететінін, белгілері мен кезеңдерін баяндап берді. Әділбек Нұрымбетов – инфекционист дәрігер. Сәуір айының соңында Орал қаласында вирус көптеп тарала бастаған соң, оны науқастарды емдеуге ат салысуға шақырған екен. Індетпен күрес осы кезден басталғанын айтады. – 2014 жылдан бері Орал қаласындағы №4 жұқпалы аурулар емханасында жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет атқарамын. Инфекциялық аурулармен күресте 6 жылға жуық тәжірибем бар. Сол себепті сәуір айының 25-нен бастап індет жұқтырғандармен тікелей жұмыс істей бастадық. Арнайы қорғаныш киімдеріміз, жабдықтарымыз толық болды. Бірақ 30 сәуірде қасымда жүрген дәрігерлер мен медбикелерден коронавирус жұқтырып алғаны анықталды. Артынша мені де карантинге жатқызып, оқшаулады. 3 мамыр күні менен сынама алған. Оң нәтиже көрсетіпті, бойымнан вирус табылды. Әйелім жүкті болатын, уайымдайды деп айтпадым. Не де болса, артын баққанды жөн санадым. – Коронавирусқа сынаманы қандай әдіспен алады? – Вирусты анықтау үшін кәдімгі мақта оралған таяқшалар қолданады. Оны ауыз қуысы мен мұрынға терең бойлатып, сынама алады. Әрі қарай зертханада нәтижесі шығады. – Індет қалай сезілді, белгілері мен кезең­дерін айтып өтсеңіз? – Ең алдымен инкубациялық кезең болады. Ол 2-14 күн аралығында жетіледі. Яғни вирус осынша уақыт адам бойында тұрады, тіпті денеңіз ауырсынбауы да мүмкін. Белгілі кезеңде ғана байқалады. Біреу 2 күн, біреу 1 апта ауруы мүмкін. Әр адамның иммунитетіне байланысты. Мен алты күн бойы бас көтере алмадым. Алғашында дене қызуым 37,3 гра­дус болды. Белім, буындарым сыздап, күн өткен сайын әлсірей берді. Ол аздай жөтел мен кеуденің ауырсынуы қосылды. Өкпемнен екіжақты пневмония анықталды. 5 күн бойы нәр татпадым. Көп адам сенбеуі мүмкін, алайда шындығы сол. – Вируспен ауырғандарға қандай дәрілер егіледі? – Бұрын науқастардан тұмау жұқтырғанда дене қызуымыз 38-38,5 градус болса да, парацетамол ішіп, жұмысты жалғастыра беретінбіз. Ал COVID-19-дың жөні бөлек екен. Әдетте қандай инфекциялық ауру болса да, 7-9 күннен аспайтын. Індетке қарсы дәрілер әртүрлі болады, науқастың жағдайына қарай дәрігерлер тағайындайды. Бірақ дәрі атауы айтылмайды. Нақты емдейтін дәрі жоғы белгілі. Көбіне антибиотиктер мен витаминдер егіледі. Сол дәрілердің көмегі тиіп, коронавирустан 15 күн дегенде әрең ес жидым. Жалпы, 24 күн бойы жаттым. Соңында 2 рет анализ алды. Таза болған соң, үйіме жіберді.    width=   – Жақындарыңыз уайымдап қалар деп шындықты айтпадым дедіңіз. Жанұяңыз қазір барлық мән-жайды біле ме? – Карантин басталғанда әйелім мен балаларды ауылға, ата-анамның қасына жібергенмін. Кездесіп, орныққаннан кейін ауырып емделгенімді, уайымдаудың қажеті жоғын айттым. Бірақ сонда да алаңдап отырған жайлары бар. – Әлеуметтік желілерді ақтарсақ, «вирус жоқ» деген сыңайлы әңгіме айтқан адамдарды көреміз. Яғни, жұрт толық сене қоймады. Сіз не дейсіз? – Ондай пікірлерді жиі оқимын. Маған да кейбір адамдар сенбей, «осылай айтқаның үшін қанша ақша алдың?» деп кекетті. Мен өз жағдайымды өзім жасап жүрген адаммын. Еш жерден ақша алмадым. Бәрі «ауырған танысым жоқ» дейді. Мысалы, мен карантинде жатқанда қасымдағы науқастармен жиі әңгіме айтатынмын. Сонда олардың жақыны да сырқаттанып жатқанынан хабарсыз. Хабардар болған күннің өзінде жақын-жуығы оны ешкімге айтпайды. «Індетпен ауырыпты» деген сөз кімге оңай тисін? Осылайша, көбі жасырады. Өзіңіз байқасаңыз, жазылып шыққан 4500-ден астам адам бар, бірақ оның ішінен ауырғанын айтып сұхбат берушілер жоқтың қасы деуге болады. Кем дегенде 100-200 адам сұхбат беріп, жағдайын айтқанда жақсырақ болар еді. Сәл күмән сейілер еді. Меніңше науқастар санының артуы вирус жұқтырушылардың ашық айтпауынан да өршіп тұр. Адамдар ақпаратқа зәру. Сондықтан құрғақ статистика деп түсініп жатыр. – Карантинге жатуға келіспей, дәрігерге қарсыласқандар болды ма? – Иә, бір жігіт болды. Ресейден кел­ген азамат. Оның үстіне, науқастармен байла­нысқан. Бірақ сынама алғанда коронавирус табылмапты. Дәрігерлер ол азаматты 14 күн карантинге жатқызғысы келген. Дегенмен ол ештеңеге шағымданбайтынын, ештеңе мазаламайтынын айтып, үйге кетемін деп қарсыласты. Ақыр аяғында 5 күннен соң сол азамат отбасымен бірге қайтып келді. Вирус белгілері байқалған, емханаға түсті. Азаматта басында инкубациялық кезең болған екен. Сондықтан ауру білінбеген, ал үйіне барған соң белгілер пайда болып, жанұясына жұқтырыпты. – Қазір жағдайыңыз қалай? «Вирустан ем­дел­ген адамдардан қайтадан вирус табы­лып­ты» дегендей ақпараттар да шыққан. Қорықпайсыз ба? – Барлығы жақсы, қазір жағдайым оңалды. Бірақ сырқаттанған кезімді ойласам, жүрегім ауырады. Бұл ауруға немқұрайды қарамау керек. Интоксикация мен пневмония бірдей келеді, өте қиын. Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де көп адам сенбей жүр. Бетін ары қылсын, дегенмен вируспен ауырып көрмеген адамдар сөзіме сенбей отыр. Сондықтан ойнайтын нәрсе емес екенін айтқым келеді. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Мадияр ТӨЛЕУ