Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы бір күндік жалақысын Арыста болған жарылыстан зардап шеккендерге аударады. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметі хабарлайды.
«Арыста болған оқыс оқиғаға байланысты зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз!» акциясы басталған болатын. Игілікті шара барысында министрлік қызметкерлері мен отандық жоғары оқу орындарының ұжымы азаматтық көрсетіп, мүмкіндігінше көмек көрсетуде. Азаматтық қоғамның белсенділігін айғақтайтын осынау қайырымы мол істен шет қалмау мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы мен қызметкерлері бір күндік жалақысын апаттан зардап шеккен ағайынға аударуды жөн деп тапты», – делінген университеттің Баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.Еске сала кетсек, Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы өтіп жатыр. Акция аясында Мәдениет және спорт министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері бір күндік жалақысын аудармақ. Осы бастамаға депутаттар да қосылған.
Акция аясында Түркістан облысы Арыс қаласындағы оқиғадан зардап шеккендерге жәрдем беру үшін облыс әкімшілігінің жанынан ашылған «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына хабарласуыңызға болады.