Абайдың 175 жылдығын тойлауда ЮНЕСКО-ның қолдауы маңызды
Абайдың 175 жылдығын тойлауда ЮНЕСКО-ның қолдауы маңызды
453
оқылды

Парижде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын құру туралы келісімге қол қойылды.

Келісімге Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одри Азуле қол қойды.

Аталған құрылымды ЮНЕСКО аясындағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Мәдениеттер жақындасуы орталығы негізінде құру жоспарлануда. Тиісті бастама 2017 жылы қарашада ұйымның 39-шы Бас конференциясында мақұлданған болатын.

Мақсат – Орталық Азияда және басқа да өңірлерде мәдениатаралық ықпалдастықтың тарихы мен тәжірибесі бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, басылымдар дайындау, конференциялар ұйымдастыру және ағарту жұмыстарын атқару.

О. Азуле ЮНЕСКО қызметіне Қазақстанның мазмұнды үлесін атап өтіп, жаңа орталық мәдениетаралық диалогтың өңірлік және әлемдік деңгейде ілгерілеуіне өзінің оң септігін тигізетініне сенімділігін жеткізді.

Қол қою рәсімінен кейін өткен кездесу барысында вице-премьер Г. Әбдіқалықова сұхбаттасын Қазақстандағы президенттік сайлаудың нәтижелерін, жаңа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы және ішкі саясатындағы басымдықтары және олардың Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың  бағытымен сабақтастығы, еліміздегі «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының басым бағыттарын және Жастар жылы шеңберіндегі шаралардың  жүзеге асырылуы туралы хабардар етті.

Сондай-ақ Г. Әбдіқалықова О. Азулені Түркістан қаласының дамуы туралы және мемлекетіміздің тиісті жобаларды жүзеге асыруда олардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің дүниежүзілік мұра мәртебесін ескере отырып және тарих пен мәдениеттің айтулы ескерткіштерін қорғаудағы халықаралық стандарттарға сәйкес болуына барынша міндеттілігін сендірді.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары ЮНЕСКО-ның Бас директорын келесі жылы ұйымның штаб-пәтерінде қазақтың ұлы ақыны мен ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау бойынша халықаралық іс-шараларға қолдау көрсетуді сұрады.

Өз кезегінде О.Азуле Г. Әбдіқалықоваға мазмұнды әңгіме үшін алғысын білдірді және жаһандық, өңірлік деңгейдегі Қазақстанның үлесін атап өтті.