Мамандар жұқпалы инфекция болдырмаудың алдын алуда
Мамандар жұқпалы инфекция болдырмаудың алдын алуда
349
оқылды

Арыс қаласындағы болған жарылыс салдарынан жаппай үдере көшкен халықтың бір бөлігі Шымкент теміржол ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлердің қадағалауында аяғы ауыр келіншектер мен балалар бар.

«Қазіргі таңда біздің аурухананың Терапия бөліміне Арыс қаласының 50 тұрғыны жатқызылды, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 17 бала, ең кішісі бес айлық сәби. Аяғы ауыр 3 келіншек бар. Арнайы мамандар күні-түні осы жерде болып, қажетінше медициналық көмек көрсетуде. Сонымен қатар қажетті дәрі-дәрмекпен, гигиеналық құралдармен, киіммен қамтамасыз етіліп және тамақтандыру мәселесі қарастырылған.

Бастысы қазір тұрғындарға психологиялық көмек қажет, сол себепті біз қала бойынша орналасқан медициналық пункткерде социолог пен психолог мамандарды орналастырдық. Орталық мешітте, теміржол вокзалында және 56 мектепте кешеден бері біздің мамандар зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуде. Қазіргі таңда әсіресе балалардың денсаулығы басты назарда, ауа-райы температурасының жоғарлауына байланысты, эвакуацияланған халықтың бір жерге көптеп шоғырлануы салдарынан жұқпалы инфекцияларды болдырмау шараларын жүргізудеміз. Ауруханаға қайырымдылық көмек ретінде әкеліп жатқан азық-түліктерді эпидемиолог мамандар арнайы тексеруден өткізіп беруде», – деді Шымкент теміржол ауруханасының бас директоры Жадыра Мұхамбетқызы.

Айта кететін жәйт, медициналық пунктке жүгінген тұрғындардың басым бөлігінде қан қысымының жоғарлауы, қан құрамындағы қант мөлшірінің көтерілуі және бас ауруы сынды белгілер анықталды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев арнайы брифингте жарылыстан зардар шеккен 165 адам медициналық көмекке жүгінгенін айтқан болатын. Олардың 75-і медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емдеуге жөнелтілсе, 89 пациент стационарлық емдеуге жіберілгенін және жан сақтау бөлімдерінде 15 пациент жатқанын мәлімдеді. Науқастардың көпшілігі Шымкент қаласының ауруханаларында ем қабылдауда.