Мақтааралдық балаларға 15 млн теңгеге сыйлық жасалды
Мақтааралдық балаларға 15 млн теңгеге сыйлық жасалды
© Сурет ғаламтордан
225
оқылды
Алматы облысы, Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалып жатқан Мақтаарал ауданының балаларына «АЯЛА» қайырымдылық қорының басшылығы қонаққа келді. Қайырымды жандар жеткіншектерге 15 млн теңге қаражатына киім-кешектер мен кеңсе тауарлары салынған рюкзактар табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қайырымдылық қордың сыйлықтары 5-9 сыныптарда оқитын 251 оқушыға тарту етілді. Қормен бірге балаларға қуанышты көңіл-күй сыйлау үшін әйгілі JOKEASSES командасының вайнерлері де келді. «Түркістан облысының әкімдігінен біз Қапшағайға Мақтаарал ауданынан балалардың келгені және оларға киім керек екені туралы мәлімет алдық. Бұдан кейін біз Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының басшылығына хабарласып, нақты не сатып алу керектігін білдік. Сөйтіп, әр баланың жасын, бойын және өлшемін ескере отырып, 251 жинақ жасадық. Бұған қосымша мектепте оқуға қажеттінің барлығы салынған жақсы рюкзактар сыйлайтын болдық. Демалыстың мұндай тамаша аяқталуы оларға жақсы көңіл-күй сыйлап, бүкіл жазға қуат берді деп үміттенеміз», - деп пікірін білдірді «АЯЛА» қорының президенті Айдан Сүлейменова. Айта кетейік, Мақтаарал ауданың балалары оқу-сауықтыру орталығында 2 аптадан бері демалып жатыр. Олар ашық бассейнде шомылып, сауықтыру, спорт секцияларында теннис ойнап, садақпен атып, фитнеспен айналысуда. Білікті педагог-психологтар да жеткіншектермен жұмыс істеп, жасөспірімдер оқу жылын сәтті аяқтады.