Қарағанды облысы Приозерск қаласының тұрғыны Азамат Чалгымбаев тұрмысқа қажетті тауарлар өндірумен айналысады. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының көмегімен Азамат маркетингтік стратегияны, бизнес жоспарды жергілікті шикізатты негізге алып жасауды меңгерді, бизнес идеялар байқауында бақ сынады. 2018 жылы ол Приозерск қаласы әкімінің жастарға арналған 1 млн 200 мың теңге грантын ұтып алды.
Жас жігіт бизнес жүргізу үшін түрлі курс пен тренингке, форумдарға қатысып, тәжірибе мен білім жинаудан жалыққан жоқ. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Азамат тұтынушыға қолжетімді өнім өндірудің маңыздылығын түсінді. Оған тау-кен компаниясында жинаған тәжірибесі де көмекке келді. 25 жасында ол «Ер-Тай» атты ЖШС тау-кен компаниясында лауазымды қызмет атқарды. Бірақ болдым-толдым деген жоқ. Тұрмысқа қажетті өнімдердің үздіксіз пайда әкелетіндігін байқаған Азамат өз ісін бастауға шешім қабылдады. 2014 жылы ол Приозерск қаласындағы «Атамекен» КП филиалына барып, жоспарын ұсынды. Дегенмен газбетон блоктарды шығаруды көксеген жігіт ол өнімдерді қайда, кімге өткізуге болады, қанша табыс кіреді деген ойлардан алыс болатын. Байқауда комиссия мүшелері жоспардың шикілігін бірден аңғарды. Бір қайнауы ішінде қалған бизнес идея байқауда грант ұта алмады. Дегенмен Азамат берілген жоқ. Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Приозерск қаласындағы филиалына қайта жүгінді. Мамандар оған жеке кәсіп ашудың қыр-сырын түсіндірді. Жекеменшік кәсіпорын ашудан бастап, салық төлеу, бухгалтерия жүргізу, ұзақмерзімді, қысқамерзімді жоспар жасау, маркетингтік стратегия негіздерін тегін үйретті.
«Атамекен» КП Азаматқа кәсібін жолға қою үшін инвестор тауып берді. Инвестор өз кезегінде жас жігітке 5 млн теңге беріп қолдау көрсетті. Ол қаражатқа кір сабын шығаратын қазақстандық құрал-жабдық сатып алды, оны қалай шығаруды үйренді. 2017 жылдан бастап күніне 800 дана кір сабын өндіріп келеді.
Азаматтың мақсаты бизнесін кеңейтіп, шаруасын дамыту. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде «Іскер байланыс» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2017 жылы Германияда бір ай бойы оқыды.
Жас кәсіпкердің «Азамат-2050» атты ЖШС бар. Біліммен қаруланған жігіт құрылыс өнімдерін де өндіретін жаңа құрал-жабдықтар сатып алды. Азамат әрі арзан әрі сапалы өнім шығару үшін зертханасында түрлі сынақ жүргізді. Ол бедерленген суреті бар қыш тақтайшаларды өндірудің түрлі әдіс-тәсілдерін сынап көрді. Күйдірді, қыздырды, әрледі, бедерледі, бояды, араластырды, құрамын өзгертті, қоспалар қосты. Нәтижесінде, декоративті шыны тақтайларды өндірудің Қазақстандағы тұңғыш технологиясын ойлап тапты. Азаматтың айтуынша, мұндай декоративті шыны тақтайшалар бұрын біздің елде шығарылмаған. 28 түсті үйлестіріп жасаған бедерлі плитаны еденге, қабырғаға төсеуге болады. Интерьер жасаумен айналысатындар осы уақытқа дейін бағасы 14-45 мың аралығындағы қымбат ресейлік, итальяндық өнімдерді қанағат етіп келеді. Ал Приозерск қаласында өндірілген тақтайшалардың бағасы 3 500-12 000 тенге тұрады. Бағасы қолжетімді, сапасы жоғары отандық өнім астаналық өнім өндірушілердің назарына ілікті.
Жас кәсіпкер жетістікке жету үшін қателесуден қорықпау керек дейді. Ең бастысы, құлшыныс пен өзіңе деген сенім маңызды. Ол бірден пайдаға кенелген жоқ. Әлі де білікті мамандардың ақыл-кеңесіне мұқтаж екендігін жасырмайды. Бірақ тәжірибенің аздығы жаңа өндіріс технологиясын ойлап табуға кедергі болған жоқ. Азамат әзірге өзін жарнамалаудан аулақ.
– Бұл тақтайша ұзақ қолдануға жарамды. Сыз бен дымқылды өткізбейді. Ғимараттың еденін, іргесін, сыртқы қабырғасын да қаптауға болады. Механикалық, табиғи өзгерістерге төзімді. Жеңіл әрі жұқа, – дейді Азамат Чалгымбаев.
Облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта жатқан Приозерск қаласы үшін тұрмысқа қажетті өнімдерді жеткізу қиындық тудыратын. Азамат осы олқылықтың орнын жойып, маңайындағы елдімекендердегі дүкендерді толықтай қамтамасыз етуге көшті. Бүгінде Азаматтың кәсіпорны газблок, құмблок, шлакблок, кірпіш, бедерленген шыны тақтайша, кір сабын шығарады.
– Мен керамикалық өнімдер шығаратын цех ашуды да жоспарлар отырмын. Керамиканы тұтынушылар аз емес. Ол авиацияда, қағаз өндірісінде, автомобиль, металлургия, медицина, қорғаныс саласында да сұранысқа ие. Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы бекітілген. Құрылыс материалдарының экологиялық қауіпсіздігі де тұжырымдаманың басым бағыттарында қарастырылған. Топырақ ежелден экологиялық таза өнім болып табылады, – дейді кәсіпкер.
Азамат бір жерде тоқтап қалғысы келмейді. Нарықты жаулау үшін тек алға жылжу керек. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге ұсынып отырған көмегі мен қолдауы Азаматты жаңа биіктерді бағындыруға жетелеп келеді.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы