Фидерлік тасымал ТХКҚ тиімділігін арттырады
Фидерлік тасымал ТХКҚ тиімділігін арттырады
349
оқылды

Транзиттік тасымалды дамыту мен жетілдірудің мемлекеттер арасындағы шаруашылық байланысты нығайтуда саяси маңызы зор. Аталған тасымал түрін Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асыру үшін «Азия – Еуропа» қатынасындағы контейнерлік тасымал басымдыққа ие болып келеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қазақстанның транзиттік стратегиясын енгізудің нәтижесінде елімізге маңызды транзиттік жүктерді тартуға мүмкіндік беретін көліктік бағыттар жасалды.

Осы жылдың 25 маусымында Нұр-Сұлтан қаласында Транскаспий халықаралық көліктік бағытты дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысында Каспий теңізіндегі порттар арасында (Ақтау, Баку (Алят) фидерлік кемелердің қатысуымен тікелей теміржол-су қатынасындағы контейнерлік тасымалды ұйымдас­тыру туралы Келісімге қол қойылды.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы­ның президенті, «Транскаспий ха­лықаралық көлік қатынасы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев Транс­каспий дәлізінің әлеуетін пайдалану бойынша қабылданған іс-шара­лардың маңызын атап өтті.

«Біздің маршруттар бойынша жүк тасқынын арттыру жұмысын бел­сен­ді ету қажет. Біз қабылдаған ше­шім көлік дәлізінің жаңа қаты­су­шыла­рын тартуға ықпал етуі тиіс», – деді С.Мыңбаев.

Айта кетсек, алғашқы «Түркіс­тан» контейнерлік фидерлі кемесі Каспий теңізіне осы жылдың 16 сә­уірінде жіберілген болатын. Содан бері қазақстандық контейнерлік кеме қатынасының жаңа дәуірі басталды. «Түркістан» фидерлік кемесіндегі Қытай тауарлары Қорғас құрғақ портынан Ақтау портына темір жол арқылы жеткізілген, сосын теңіз арқылы Бакуге, ары қарай Түркия мен Еуропаға жөнелтілді.

Екі айдың ішінде тұрақты фи­дер­лік қатынасы кезінде 10 айналма рейс жасалып, 700-ден астам контейнер тасымалданды. Бұл көрсеткіш ай сайын өсіп жатыр: сәуір айында контейнерлер саны 200 болды, ал маусымда Ақтау порты 500-ден астам контейнер жөнелтті.

Фидерлі кеме 225 контейнерге есептелген, бұл толыққұрамды екі пойызды тасымалдауға мүмкіндік береді. Аталған логистикалық сервистің әлеуеті жылына 300 мың контейнерді құрайды.

«Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» АҚ бас­қарма төрағасы Абай Түрік­пенбаев:

«Ертеректе Каспий теңізі ар­қылы мұндай бағытпен контейнерлер тасымалданған емес. Қытайда құрас­тырылған дәстүрлі жүктер Үнді мұ­хиты – теңіз жолы арқылы жөнел­ті­летін, оған 40-45 тәулік жұмсалатын. Біздің бағыт уақыт көрсеткіші жа­ғынан тиімді болғандықтан да сұ­ранысқа ие. Бүгіндері Қытайдан Еу­­ропаға тауарлар Транскаспий ха­лықа­ралық көлік қатынасы шеңбе­рінде 16-17 күнде жеткізуге жет­кізі­леді. Ақтау портынан фи­дер­лік ке­мелер аптаның сәрсенбісінде, ал Әзір­байжаннан сенбі күні жолға шы­ғады. Біздің бағытымыз танымал болуы үшін MSC (Швейцария), CMA CGM (Франция), COSCO SHIPPING Lines (Қытай) сияқты әлем­ге белгілі ірі контейнерлік ком­па­нияларды ықтымақтастыққа тарттық.

Фидерлік қатынас күн сайын қар­қын алып, сұранысқа ие болып келеді. Бұл желіні біздің ауылшаруа­шылық өндірушілері де пайдалана бастады, олар Түркияның Мерсин портына контейнерлермен астық жөнелтіп жатыр. Фидерлі желіні рефрижераторлық компаниялар да пайдалана бастады, оларға Ақтау пор­тында барлық қажетті техника­лық жағдай жасалған.