Транзиттік тасымалды дамыту мен жетілдірудің мемлекеттер арасындағы шаруашылық байланысты нығайтуда саяси маңызы зор. Аталған тасымал түрін Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асыру үшін «Азия – Еуропа» қатынасындағы контейнерлік тасымал басымдыққа ие болып келеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қазақстанның транзиттік стратегиясын енгізудің нәтижесінде елімізге маңызды транзиттік жүктерді тартуға мүмкіндік беретін көліктік бағыттар жасалды.
Осы жылдың 25 маусымында Нұр-Сұлтан қаласында Транскаспий халықаралық көліктік бағытты дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысында Каспий теңізіндегі порттар арасында (Ақтау, Баку (Алят) фидерлік кемелердің қатысуымен тікелей теміржол-су қатынасындағы контейнерлік тасымалды ұйымдастыру туралы Келісімге қол қойылды.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті, «Транскаспий халықаралық көлік қатынасы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев Транскаспий дәлізінің әлеуетін пайдалану бойынша қабылданған іс-шаралардың маңызын атап өтті.
«Біздің маршруттар бойынша жүк тасқынын арттыру жұмысын белсенді ету қажет. Біз қабылдаған шешім көлік дәлізінің жаңа қатысушыларын тартуға ықпал етуі тиіс», – деді С.Мыңбаев.
Айта кетсек, алғашқы «Түркістан» контейнерлік фидерлі кемесі Каспий теңізіне осы жылдың 16 сәуірінде жіберілген болатын. Содан бері қазақстандық контейнерлік кеме қатынасының жаңа дәуірі басталды. «Түркістан» фидерлік кемесіндегі Қытай тауарлары Қорғас құрғақ портынан Ақтау портына темір жол арқылы жеткізілген, сосын теңіз арқылы Бакуге, ары қарай Түркия мен Еуропаға жөнелтілді.
Екі айдың ішінде тұрақты фидерлік қатынасы кезінде 10 айналма рейс жасалып, 700-ден астам контейнер тасымалданды. Бұл көрсеткіш ай сайын өсіп жатыр: сәуір айында контейнерлер саны 200 болды, ал маусымда Ақтау порты 500-ден астам контейнер жөнелтті.
Фидерлі кеме 225 контейнерге есептелген, бұл толыққұрамды екі пойызды тасымалдауға мүмкіндік береді. Аталған логистикалық сервистің әлеуеті жылына 300 мың контейнерді құрайды.
«Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Абай Түрікпенбаев:
«Ертеректе Каспий теңізі арқылы мұндай бағытпен контейнерлер тасымалданған емес. Қытайда құрастырылған дәстүрлі жүктер Үнді мұхиты – теңіз жолы арқылы жөнелтілетін, оған 40-45 тәулік жұмсалатын. Біздің бағыт уақыт көрсеткіші жағынан тиімді болғандықтан да сұранысқа ие. Бүгіндері Қытайдан Еуропаға тауарлар Транскаспий халықаралық көлік қатынасы шеңберінде 16-17 күнде жеткізуге жеткізіледі. Ақтау портынан фидерлік кемелер аптаның сәрсенбісінде, ал Әзірбайжаннан сенбі күні жолға шығады. Біздің бағытымыз танымал болуы үшін MSC (Швейцария), CMA CGM (Франция), COSCO SHIPPING Lines (Қытай) сияқты әлемге белгілі ірі контейнерлік компанияларды ықтымақтастыққа тарттық.
Фидерлік қатынас күн сайын қарқын алып, сұранысқа ие болып келеді. Бұл желіні біздің ауылшаруашылық өндірушілері де пайдалана бастады, олар Түркияның Мерсин портына контейнерлермен астық жөнелтіп жатыр. Фидерлі желіні рефрижераторлық компаниялар да пайдалана бастады, оларға Ақтау портында барлық қажетті техникалық жағдай жасалған.