Қазақстан Республикасының 1989 жылғы халық санағында 1 миллион 619 мың адам тіркелді. 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 12 461 мың адамға кеміген. Санақ көрсеткішінің кемуіне бұрын қуғын-сүргінге ұшырап Қазақстан жеріне қоныстандырылған өзге ұлт өкілдері (орыстардың, украиндардың, немістердің, кавказ халықтарының) өз атамекендеріне көшіп кеткендігі себеп болған. Кеңестік дәуірде, әсіресе, 1930 жылдан кейін Қазақстан жеріне сырт өлкеден халық толассыз келумен болды. Барлықтарыңыз білетіндей, 1937-1944 жылдары тұтас халықтарды Қазақстан аумағына күштеп көшіру науқаны жүрді. 1937 жылы алғашқылардың бірі болып, Қиыр Шығыстағы корейлер көшірілді.
1897 жылы бүкіл ресейлік халық санағының мәліметі бойынша қазіргі Қазақстан аумағындағы халықтың 80 пайызын қазақтар құраса, 12 пайызын славян тектес халықтар құраған. 1897-1913 жыл аралығында ондағы халық саны қоныс аударған орыс, украин, беларусь, татар, ұйғыр шет жұрттықтары есебінен 126 мың адамға көбейген. Қазақстан аумағындағы халық санының өсу көрсеткіші төмендегідей:
1897 жылы – 4 333 адам;
1913 жылы – 5 597 адам;
1930 жылы – 6 082 адам;
1959 жылы – 9 259 адам;
1970 жылы – 13 000 адам;
1979 жылы – 14 683 адам.
Қазақстан халқының саны бойынша 246 елдің ішінде 63-орынға тұрақтады. Ресей 9-орын, Түркия 19-орын, Ауғанстан 38-орын, Өзбекстан – 43-орында. Бүгінгі таңда халық санының артуы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда, Атырау, Алматы, Астана қалаларында байқалды. Ерлердің саны 7 миллион 200 мың болса, әйелдер 7 миллион 751 мыңды құрайды екен.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2025 жылға жасаған болжамы бойынша халық саны 9 100 миллионға жетеді. Қазақстандағы орташа өмір сүру жасы ер адамдарда 65 жас, әйелдерде 74 жас, орташа өмір сүру жасы – 70 жас. Қазақстан халқының саны өте баяу өсуде. Соңғы жиырма жылдың ішінде бар-жоғы 4 пайыз ғана жоғарылаған. Демек, көбею жолында үлкен өзгеріс болған жоқ. Халқымыздың саны азып-тозудың, атып, асудың, соттап-айдаудың, ашаршылыққа ұшыраудың салдарынан жалпы саны 9 миллион 385 мың адамға азайған. Бүгінде халық санын көбейту үшін бала туған аналарға 1 жылғы көмек төлемін ұлғайту керек. Басқа елдерде бала туған аналаларға бір реттік көмек 1 миллион теңгені құрайды. Біздің елде 50-100 мың аралығында. Яғни, мемлекет тарапынан бала туған аналарға ынталандыру көлемі өзге елдермен салыстырғанда төмен. Көрші Өзбекстанда жиырма жыл ішінде халық саны 20 миллионнан 30 миллионға, яғни 46 пайызға өскен. Ал Қырғыз Республикасында 4 миллион 400 мыңнан 5 миллион 700 мыңға немесе 30 пайызға өскен.
Келесі кезекте қандас бауырларымыз жайлы сөз етпекпін. Ол туралы айтпас бұрын, өткен тарихымызға көз жүгірткім келіп отыр.
Қазақ деген көшпелі көп жұртты ұлт ретінде ұйыта білген қайсар хандар мен билеріміз кезінде ең мықты демографиялық саясатты жүзеге асырды. Кең байтақ, сайын далада қазақ сияқты ұлы ұлысты бір ұлт етіп берік қалыптастыруға қанша күш жігер қажет болды десеңізші?! Бұл тұста дана бабаларымыз көшпенді жұртты ыдыратпай басын қосу үшін дара демографиялық саясатты дербес жүргізе білген. Алғашында Ақ Орда болып, кейін Алаш Орда делініп бір мемлекет ретінде бас қосқан. Көшпелі өмірдің бір тұтастығы нәтижесінде адамзат тарихында Моңғолдан кейінгі, ал кейінірек жер мен сан жағынан одан да асып түскен. Әрі көшпенді ең ірі қауым құрылып, қазақ ұлты болып қалыптасты. Осы тарихи кезеңде қазақы үрдістің өзіне ғана дәл кесіп дұрысын айта білсек ата-бабаларымыз аттай 1000 жыл тарихи даму уақытын сарп етті. Алтынға бергісіз асыл мұраны қайран бабаларымыз мына біздерге мирас етіп қалдырған. Ендігі жерде ұрпақтары біздер оны көзіміздің қарашығындай сақтап, осы заманға лайықтап, өркениетті мемлекет ретінде демографиямызды дамытуымыз керек. Қиыншылықпен қалыптасқан елдігімізді жоғалтып алсақ, онда бізді болашақ ұрпақ кешірмейді. Соған абай болайық.
Демогроф зерттеуші ретінде өзге мемлекеттерге кеткен қаракөз қандас бауырларымыздың ата-жұртына оралуын қолға аламын. Ең алдымен – шет елдердегі қазақ диаспорасының көші-қон жағдайларын зерттеу. Қазақ диаспоралары туралы, олардың қандай жерге орналасатыны, тұрмысы, оқуы, жұмысы сияқты т.б. өзекті мәселелері жайлы мәліметтерді толықтыру. Бұл тұрғыда қазақ диаспорасы өз өкілін жіберіп, көші-қон және демография жөніндегі агенттікпен бірлесе отырып шешуге тиіс. Қазақ диаспоралары тұратын елдерде Қазақстан күндерін үнемі өткізіп отыру қажет.
Қазақ диаспорасымен жүргізілетін жұмыс шет елдердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері арқылы немесе тікелей атқарылады.
Қазақстан аумағына шетелден қазақ диаспорасының өкілі келгенде республиканың азаматтарындай қонақ үйге орналасу, ұшақтарға билет алу, теміржол көлігінің қызметін пайдалану бірдей дәрежеде болады. Олар емделу-сауықтыру орындарын республика азаматтарымен бірдей пайдалана алады.
Демографиялық саясатта, тарихтан тағылым алу ешқашан шектелмейді. Біздер қазіргі және нақты көкейтесті мәселелерді қозғай отырып, өткеннен сабақ алуды жадымыздан шығармайық. Қазақ халқының күрделі демографиялық өмірбаяны ондай тағылымдарға өте бай екені даусыз. Демографиялық дамудың даналығы да сонда. Ол өткеннің қатесін өзі-ақ түзетуге тырысады. Ал саясат дер кезінде жедел көмекке келе білуі керек. Бұрындары «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөз айтылса, ендігі жерде «Қордалансын десе ұлт, төсек қызығыңды күт» деп қымсынбай айтуға тура келіп отыр. Осының бәрі – ХХІ ғасырдың, келешек ұрпақтың бүгінгі қамы. Бұл да болса демографиялық саясатты аңғартады. Халқына шындап жаны ашитын адам алдымен өз мемлекеттілігін, конституциясын қадірлесін. Әйтпесе, өз мемлекетіне жаны ашымайтын сол жолда нақты іс атқармайтын адамның халықшыл болып, Отаншыл болып қарық қылмайтыны белгілі. Мұны, әсіресе, ақпарат құралдары есте ұстауға тиісті. Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігімізді қастерлеуге барша халықты тәрбиелеуге мұқият мән беруге міндетті. Қазір қолға алынып жатқан шаруаның барлығы біздің болашаққа деген сеніміміздің белгісі. Қазақстанның жарқын күндерін бәріміз бірге қызықтайтын күн алыс емес. Ең басты нысана өткен жолымызды, бай тарихымызды барынша әділ зерттеуіміз қажет. Сонда ғана ұлтымызды осындай ірі қауіптен сақтандыра отыра, қиындықтан аман алып шыға аламыз. Өткен ұрпақтың жарқын істерін, келелі пікірлерін зерттеп, бүгінгі заман талаптарына сай қолдана білуіміз керек. Бүгінгі қазақ зиялылары өмірдің қатаң шыңдалу мектебінен өткен. Ауыр күресте тәжірибе жинаған. Енді олар өз білімін халқына дер кезінде жеткізе білетін ұлтымыздың алдыңғы қатарлы күрескері бола алады деп сенеміз. Егемендіктің, тәуелсіздіктің негізін қаладық. Ескі саяси және экономикалық жүйеден босанып шықтық. Халық санасын тәуелсіздік талабына бейімдей білдік. Табиғи ресурстарымызды әлемге таныта алдық. Қоғамның саяси тұрақтылығына қол жеткізе білдік.
Жоғарыдағы ойларды тұжырымдайтын болсам, қазақ ұлтының сандық көрсеткішінің жоғарылауы, сапалық өрлеуге апарады. Ал сапалық өрлеу биік өркенге алып келеді. Осы мәселені ғалымдарымыз диалектикалық тұтастықпен байланыстыра қарайтын кезі келген сияқты. Бұл салада әлі көп жұмыстар атқарылуы керек. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін өзіміз республикадағы халық санының жартысына жетуіміз қажет.
Қазақ жеріндегі ежелгі мемлекеттер, олардың қазіргі қазақ елімен сабақтастығы деген мәселелер әлі терең зерттеліп келеді. Сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қарлұқтардың, батыс түрік, түргеш, Алаш Орда, қазақ хандығының әрқайсысына арнайы монографиялар жазылса да артық етпейді. Сол дәуірлердің жәдігерлерін, еңбектерін зерттейтін археологиялық экспедиция ашу керек. Кең байтақ жерімізге жиырма миллион ғана емес, 200 миллион халық сыяды. Сол себепті, еліміздің демографиясын өзекті мәселелердің алдыңғы қатарына қойып, демографиялық даму бойынша шешімін таппаған сұрақтардың жауабын бірлесе қарастырайық.
Жұматай ӘЛИЕВ, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі