Жемқорлық – қоғамның дерті. Nur Otan партиясының бастамасымен сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейеді.
Партия өкілдері әр саладағы жемқорлықты түбейгейлі жою мәселесінің нақты жоспарларын әзірледі. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет көрсету органдарында сыбайлас жемқорлық дерегі анықталса, оны жария ету, зерттеу, нәтижесі жайында жан-жақты ақпарат беру мәселесі талқыланды.
Nur Otan партиясының хатшысы Илья Теренченко жемқорлықты жоюға қоғамдағы әрбір азамат партия арқылы үлесін қоса алатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасында нақты айтып өтті. «Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Жемқорлық мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді, мемлекеттің дамуына тосқауыл қояды. Мемлекет пен азаматтардың күшін біріктіреміз. Тек қана жазалау шаралары жеткіліксіз. Жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік таныту маңызды. Қоғамдық бақылауды күшейтеміз. Басқарудың барлық деңгейінде құқықтық-нормативтік актілердің жемқорлыққа қарсы сараптамасына үкіметтік емес ұйымдарды тартамыз. Парламенттің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуымен мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеміз» деген болатын. Сондықтан бір кісідей жұмылып атсалысайық, – деді Илья Теренченко.
Сонымен қатар жиында Nur Otan партиясы Республикалық жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов жемқорлықты жоюдың нақты механизмдерін атады. Алдағы уақытта атқарылған жұмыстардың қорытындысы талқыланады.