Арыс: Мәулен Әшімбаев зардап шеккендермен кездесті
Арыс: Мәулен Әшімбаев зардап шеккендермен кездесті
5,303
оқылды

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінен Арысқа қарай гуманитарлық көмектер ағылып келіп жатқаны белгілі. Бұл халқымыздың бірлігі мен біртұтастығын көрсетеді. Осы істе Nur Otan партиясы да белсенді әрекет етуде. Осы кезге дейін Партия тарапынан ұйымдастырылған гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 341 тоннаны құрайды. Бұл туралы Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың Арыс қаласында болған төтенше жағдайға байланысты аймаққа арнайы келген сапарында белгілі болды.

Сапар барысында ол қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындармен кездесіп, апатқа байланысты құрылған облыстық жедел штабтың жұмысымен танысты. Сондай-ақ гуманитарлық көмек бойынша өзге өңірлерден келген заттарды қарсы алу жұмыстарына қатысып, зардап шеккен ата-аналармен және балалармен жұмыс істеп жатқан психолог мамандармен кездесті.

Алдымен Мәулен Әшімбаев облыстың Ордабасы ауданы Төреарық ауылындағы Тәуке хан мектебіне ат басын бұрды. Бұл жерде төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс тұрғындарының бір тобы уақытша орналастырылған. Олармен кездескен партия Төрағасының Бірінші орынбасары апаттың айтып келмейтінін назарға алып, жағдайдың бақылауда екенін және қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетінін тілге тиек етті.

Сонымен қатар ол Ордабасы ауданының Ақжол ауылында орналасқан жедел штабқа арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Бұл жерде апаттың зардаптарын жою жұмыстарын үйлестіру ісі қолға алынған.

Сол ауылдағы Жамбыл атындағы орта мектепте өткен баспасөз-мәслихатына ««Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ТЖД өкілі, Қазақстан Республикасының Бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин, облыс прокуроры, аймақтық ветеринарлық инспеция өкілі қатысты.

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінен Арысқа қарай гуманитарлық көмектер ағылып келіп жатқаны белгілі. Бұл халқымыздың бірлігі мен біртұтастығын көрсетеді. Осы істе «Nur Otan» партиясы да белсенді әрекет етуде.

Оқиға болған күні партияның барлық облыстық филиалында гуманитарлық көмек қабылдау орындары ашылып, олар тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Алғашқы күннің өзінде партияның мұрындық болуымен Арыстағы ағайынға қолдау ретінде Қарағанды облысынан 10 тонна гуманитарлық көмек келді. Бұдан басқа, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Жамбыл және Павлодар

облыстары да киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары тиелген жүк көліктерін жөнелтті.

«Бүгінгі таңда 9 облыстан гуманитарлық көмек жеткізілді. Барлық облыстарда Арыс қаласына көмек беру бөлімдері ашылды. Бұл – қазақстандықтардың арыстықтарға көрсетіліп жатқан қайырымдылық шарасы. Алдағы уақытта құрылыс материалдарын жеткізуге мұрындық боламыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Партия тарапынан ұйымдастырылған гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 341 тоннаны құрайды. Осы аптаның соңына дейін қалған аймақтардан да автокеруендер шығады. Сондай көмектің бір тобын қарсылап алған Мәулен Әшімбаев «Nur Otan» партиясының бұл бағыттағы жұмыстары әрі қарай да жалғасатынын айтты.

– Гуманитарлық көмектен бөлек, партия тарапынан зардап шеккен ата-аналар мен балаларға психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Жасотандықтардың белсенділігін де ерекше атап өткен жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі арнайы келіп, жағдаймен танысып шықты. Қазір жағдай толығымен бақылауда. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына біздің партия да тікелей қатысып, жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуін бақылауда ұстайды, – деді ол.

Сондай-ақ Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары төтенше жағдайдың Қазақстан халқы үшін үлкен сынақ болғанын айтып, бұл сыннан да сүрінбей өтетінімізге сенетінін жеткізді.

– Бұл төтенше жағдай қазақстандықтарды одан әрі біріктіріп, ұйыстыра түскенін көріп отырмыз. Осы жерде өз еркімен келіп, қолдау көрсетіп жүрген белсенді азаматтар да өте көп. Бұл біздің бекем бірлігіміздің жарқын көрінісі. Біздің күшіміз – бірлікте. Сондықтан бұл сыннан да мойымай, еңсемізді тік ұстап шығатынымызға кәміл сенемін, – деді Мәулен Әшімбаев.

Гуманитарлық көмектен бөлек партия қаржылай да қолдау көрсетуде. Атап айтқанда, Орталық аппараттан бастап барлық, яғни 17 – аймақтық, 230 аумақтық филиалдың қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын зардап шеккендерге көмек ретінде аударды.

Nur Otan партиясының мүшелері, белсенді кәсіпкерлер де бұл істен тыс қалмай көмек қолдарын созуда. Соның ішінде мәслихаттардағы партия Фракцияларының мүшелері, партия активінің өкідері, партия Саяси кеңесінің мүшелері бар. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымдары да белсенділік танытып жатыр. Мәселен, «Ақтөбемұнайгаз СНПС» бастауыш партия ұйымы 50 миллион теңге көлемінде қаражат аударды. Ал Алматы облыстық мәслихатының депутаты, партия Саяси кеңесінің мүшесі, «BTK GROOP» ЖШС директоры Т.Ботабеков өз қаражатына құрылыс материалдары тиелген екі жүк көлігін жіберді.

Сапар соңында Мәулен Әшімбаев Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің №5 жатақханасына келіп, осында орналасқан балалармен жұмыс істеп жатқан психолог мамандармен кездесті.

Айта кетейік, қазіргі таңда партия жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің мамандары апат болған аймаққа келіп, ата-аналар және балалармен жұмыс істеуде. Психологиялық көмектен бөлек, олар Кеңестің мобильді штабын құрып, аймақтардан келген гуманитарлық көмекті жинап, тарату жұмыстарын үйлестіруде. Кеңес жұмыстарының аясында «Ниет» қоғамдық қоры 2400 баланы киім-кешекпен қамтамасыз етсе, «Қасиетті жол» қоғамдық қоры ерекше күтімді талап ететін балалары бар отбасыларды уақытша тұрғын жайларға орналастырды.

Телман БЕЙСЕНОВ,

Түркістан облысы