Қостанай облысында ақбөкен төлдейтін аумақтар бақылауға алынды
Қостанай облысында ақбөкен төлдейтін аумақтар бақылауға алынды
© Сурет ғаламтордан
489
оқылды
Қостанай облысының табиғат қорғау полициясының қызметкерлері өңірдің оңтүстік аймақтарында ақбөкен популяциясын қорғау бойынша рейд шараларын жүргізуде, – деп хабарлайды облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі. Полицияға Амангелді және Жангелдин аудандарының қорық қызметкерлері көмектесуде. Рейд барысында мобильдік топтар Қостанай облысы мен Қарағанды және Ақтөбе облыстары шекарасындағы ақбөкен мекендейтін 4 мың километрден астам аумақты сүзіп шықты.
«Бұл аумақтар негізінен ақбөкеннің Бетпақдала популяциясының тіршілік ету ортасы саналады. Киік көбіне Жангелдин ауданы периметрінде төлдейді. Карантинге байланысты биыл облыста көктемгі аң аулау маусымының ашылуы әлі жарияланған жоқ. Сондықтан киелі жануарларды дәл осы кезеңде браконьерлерден қорғауды күшейтіп отырмыз. Әріптестеріміз таяуда ғана ақбөкен мүйізін интернет арқылы сатқан қылмыскерлерді құрықтады», - деді Табиғат қорғау полициясы бөлімінің бастығы Талғат Ахметов.
Талғат Ахметовтің айтуынша, полицейлердің тынымсыз еңбегінің арқасында облыста соңғы уақытта табиғатқа қастандық жасау қылмысы біршама бәсеңдеген. Жыл басынан бері табиғат қорғауға қатысты 246 заң бұзушылық тіркеліп, 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.