Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық журналистер қауымын келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады. Осы орайда Ақордада жыл сайынғы дәстүр бойынша ел Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын, гранттарын және алғысхаттарын тапсыру салтанаты өтті.
– «Болашақты – саясаткерлер, өткенді – тарихшылар, ал бүгінгіні журналистер ойлайды» деген қағида бар. Меніңше, журналистер болашақты да, өткенді де ойлайтын бірегей қауым. БАҚ – жаңалықтың жаршысы. Ел ішіндегі және әлемдегі оқиғалардан халыққа шұғыл әрі шынайы ақпарат тарату – сіздердің кәсіби еңбектеріңіздің арқасы. Сондықтан қоғамдық маңызы зор қызметтеріңізге біз әрқашан құрметпен қараймыз, бағалаймыз. Менің тапсырмам бойынша Үкімет арнайы қаулысымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін – «БАҚ қызметкерлері күнін» бекітті, – деді Президент.
Қ.Тоқаев озық технология заманында медиа саласының мүмкіндіктері өте ауқымды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы журналистиканың жаңа дәуірінде ғаламтор желісі мен әлеуметтік желілердің айрықша рөліне тоқталып, ақпараттың ашық, жедел және қолжетімді болуы жетістіктің басты өлшемдеріне айналғанын айтты.
– Жаһандық ғаламтор жүйесінің, әлеуметтік желілердің ықпалы орасан зор. Тіпті журналист кәсібіне жаңа көзқараспен қайта қарау қажет болатынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Заман талабына сай бүгінгі журналистің басты қасиеттері қандай болуы керек? Ең алдымен, ол технологияның мүмкіндіктерін пайдалана білетін, тез әрі сапалы, шынайы ақпарат тарата білетін әмбебап маман болғаны абзал. Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынов: «ұлттық баспасөз халықтың көзі, құлағы һәм тілі болуы тиіс» деп өсиет қалдырған. Отандық журналистер дәл осындай жауапты міндетке адал болып, қазақстандық медиа саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Ел Президентінің пайымдауынша, мемлекеттің әлеуетін нығайту, экономиканы дамыту, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру – бүгінде ел алдында тұрған маңызды міндеттер.
– Отандық медиа-қауымдастықтың сындарлы негізде ұйысуы, журналистердің белсенді азаматтық ұстанымы, олардың кәсіби деңгейі және әділдігі – ақпараттық кеңістіктегі табысты жұмыстың негізгі шарттары. Мемлекет өз тарапынан БАҚ-қа қолдау көрсете береді, – деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Салтанатты рәсім барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғысхатын «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіпке және «Литер» газеті бас редакторының орынбасары Жанна Ойшыбаеваға өз қолымен табыс етті.
Сонымен бірге, «Жас Өркен» ЖШС бас директоры Ж.Қорғасбекке, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ж.Әшімжанға, «Астана» телеарнасының редакторы Ж.Жақсылықоваға, «Комсомольская правда–Казахстан» газетінің бас редакторы В.Кияницаға Мемлекет басшысының Өкімімен сыйлық тағайындалды.
«Егемен Қазақстан», «Шалқар» радиосы және басқа да шығармашылық ұжымдарға Қазақстан Президентінің алғысы жарияланды.
Сондай-ақ жас болса да, журналистика майталманына айналып келе жатқан бірқатар тележурналистер Президент грантымен марапатталды.
Бұдан бөлек, еліміздің барлық аймақтарына жіберілген алғысхаттар үздік журналистерге Мемлекет басшысының атынан әр өңірде салтанатты түрде табыс етіледі.
Елдос СЕНБАЙ