Киберқауіпсіздікті қалт жіберсек ұтыламыз
Киберқауіпсіздікті қалт жіберсек ұтыламыз
406
оқылды

Интернеттің иірімінде жас сананың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ете аламыз? Дүниетанымы мен адамгершілік сана-сезімі енді ғана қалыптаса баста­ған жасөспірім ғаламторда да «ғаламат» қауіп барын біле ме? Бала біткен гад­жетке байланған заманда мұның бәрі бейжай қарай­тын дүние емес екені анық.

Nur Otan партиясы Орталық аппаратының алаңында осындай өзекті мәселе ортаға салынды. «Балаларға арналған тегін IT сыныптар» партиялық жобасына қатысушы оқушыларға арналған киберқауіпсіздік бойынша ше­берлік сыныбын «Доктор Веб – Ор­талық Азия» компаниясының тренинг-менеджері Олег Ким жүргізді. Ол жасөспірімдерге интернетті пайдалануда сақталуы тиіс қауіпсіздік шаралары мен ғаламтор әлеміне енді ғана аяқ басқан тәжірибесіз пайдалану­шылар жиі ұшырайтын қауіп туралы айтып берді.

Шеберлік сабағы барысында оқушылар интернеттегі жеке жауапкершілік пен цифрлы ақ­параттық сүзгі турасында мағ­лұ­маттар алып, ақпараттық қауіп­сіздіктің халықаралық тәжірибе­сімен және осы саладағы заманауи трендтермен танысты.

Сондай-ақ осы жиында желіге енді ғана тәй-тәй басып кірген жасөспірім өзі туралы жеке мә­ліметтерді, мобильді құрылғысы мен қосымшаларын қалай қауіпсіз ете алады, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің пайдалану­шылары үшін қауіпсіз контентті қалай қалыптастыру керек деген сияқты көптеген сұраққа жауап берді.

Қазіргі таңда әлемде 4 мил­лиард адам интернетті, 5 миллиард адам ұялы телефонды пайдала­нады. Бұл – Жердегі жұрттың жартысынан көбі желіде отыр деген сөз. Осы орайда, жобаны ұйымдастырушылар атынан сөз алған Nur Otan партиясы Саяси менеджмент академиясы дирек­торының орынбасары Сәуле Бақ­тымбет цифрлы әлем – жаңа заман талабы екенін, онсыз өрлеу болмайтынын алға тартты.

– Цифрландыру, технология­ның қарқынды дамуы мен инно­вациялық жетістіктердің игілігі­мен қатар, тұтынушыларға тигі­зетін қаупі де аз емес. Сондықтан да балаларды цифрлы техноло­гияларды дұрыс пайдалана білуге және интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ережелерді сақтауға үйретуіміз қажет, – деді Сәуле Бақтымбет.

Еске сала кетейік, «Балалар­ға арналған тегін IT сыныптар» ­пар­тиялық жобасының аясында бүгінде 8 бен 16 жас аралығындағы 50 мың­нан аса оқушы Қазақстан бо­йынша 1 889 тегін IT сынып­та оқып жатыр.

 

Клара НАҚЫП