Интернеттің иірімінде жас сананың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ете аламыз? Дүниетанымы мен адамгершілік сана-сезімі енді ғана қалыптаса бастаған жасөспірім ғаламторда да «ғаламат» қауіп барын біле ме? Бала біткен гаджетке байланған заманда мұның бәрі бейжай қарайтын дүние емес екені анық.
Nur Otan партиясы Орталық аппаратының алаңында осындай өзекті мәселе ортаға салынды. «Балаларға арналған тегін IT сыныптар» партиялық жобасына қатысушы оқушыларға арналған киберқауіпсіздік бойынша шеберлік сыныбын «Доктор Веб – Орталық Азия» компаниясының тренинг-менеджері Олег Ким жүргізді. Ол жасөспірімдерге интернетті пайдалануда сақталуы тиіс қауіпсіздік шаралары мен ғаламтор әлеміне енді ғана аяқ басқан тәжірибесіз пайдаланушылар жиі ұшырайтын қауіп туралы айтып берді.
Шеберлік сабағы барысында оқушылар интернеттегі жеке жауапкершілік пен цифрлы ақпараттық сүзгі турасында мағлұматтар алып, ақпараттық қауіпсіздіктің халықаралық тәжірибесімен және осы саладағы заманауи трендтермен танысты.
Сондай-ақ осы жиында желіге енді ғана тәй-тәй басып кірген жасөспірім өзі туралы жеке мәліметтерді, мобильді құрылғысы мен қосымшаларын қалай қауіпсіз ете алады, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің пайдаланушылары үшін қауіпсіз контентті қалай қалыптастыру керек деген сияқты көптеген сұраққа жауап берді.
Қазіргі таңда әлемде 4 миллиард адам интернетті, 5 миллиард адам ұялы телефонды пайдаланады. Бұл – Жердегі жұрттың жартысынан көбі желіде отыр деген сөз. Осы орайда, жобаны ұйымдастырушылар атынан сөз алған Nur Otan партиясы Саяси менеджмент академиясы директорының орынбасары Сәуле Бақтымбет цифрлы әлем – жаңа заман талабы екенін, онсыз өрлеу болмайтынын алға тартты.
– Цифрландыру, технологияның қарқынды дамуы мен инновациялық жетістіктердің игілігімен қатар, тұтынушыларға тигізетін қаупі де аз емес. Сондықтан да балаларды цифрлы технологияларды дұрыс пайдалана білуге және интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ережелерді сақтауға үйретуіміз қажет, – деді Сәуле Бақтымбет.
Еске сала кетейік, «Балаларға арналған тегін IT сыныптар» партиялық жобасының аясында бүгінде 8 бен 16 жас аралығындағы 50 мыңнан аса оқушы Қазақстан бойынша 1 889 тегін IT сыныпта оқып жатыр.
Клара НАҚЫП