Атырауда ата-аналардан ақша жинау фактілері азаяр емес. Бұл мәселе «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен өткен онлайн-конференцияда талқыланды.
Онлайн-конференцияға облыстағы барлық мектептің директорлары мен ата-аналар комитетінің 92 мүшесі қатысқан.
«Өткен жылы 1 мыңға жуық ата-ана мен мұғалімдер арасында аноним сауалнама жүргіздік. Соның нәтижесінде мектептерде ақшаның 65% ата-аналардың бастамасымен жиналатынын білдік. Ал, 35% мұғалімдердің ұсынысымен жиналады екен. Жиналған ақшаның 30% - мұғалімдерге сыйлық алуға, 38% - мектепке қажетті материалға, 32% - оқушыларға арналған түрлі мерекелік шараларды өткізуге жұмсалады. Осыған орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 4 рет түсіндіру жұмысын жүргізді. Соның нәтижесінде ата-аналарға ақшасын қайтарып бердік. Тіпті биыл оқушылар қашықтан оқып жатса да, ата-аналар ақша жинауға байланысты хабарласып жатыр», - дейді «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлфия Әдиева.
Оның айтуынша, былтыр ата-аналардан 32 қоңырау түскен. Ал, биыл ата-аналар 14 мәрте хабарласқан.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақкенже Исанбергенованың мәлім етуінше, ата-аналардың арасында әңгіме де, наразылық та бар. Алайда, соңғы үш жылда білім басқармасына арыз түспеген.
«Мектеп түлектерінің кешін өткізуге тыйым салынды. Соған орай мұғалімдер арнайы бұйрықпен танысқаны және оны орындауға міндетті екені туралы қол қойған», -дейді Ақкенже Исанбергенова.